Мәдина мен Бүркіт ұятқа қалды
Әншілер Мәдина Сәдуақасова мен Бүркіт деген атпен танымал Айбек Жансейітов телебағдарламада мектеп жасындағы балаларға қойылатын сауалдарға жауап бере алмай ұятқа қалды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Әншілердің сынға қалған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Бағдарлама жүргізушісі Қайрат Әділгерей қатысушыларға "Абай Құнанбайұлының туған жылы", "Ұлттық валютамыз теңге қолданысқа енгізілген жыл", "қазақтың алғашқы көркем фильмі" деген секілді қарапайым сауалдарды қойған. Бірақ Мәдина Сәдуақасова көп сұраққа жауап бере алмаған.
Тіпті, қазақтың ұлы ақыны Абайдың туған жылын білмейтін болып шықты.
Жүргізуші "Абылай ханның бала кездегі аты кім?" деген сауал қояды. Оған Мәдина Сәдуақасова Мансұр деп жауап берген. "Сабалақ" туралы жауап мүлдем ойына да келген жоқ.
"Алтын адам алғаш табылған қала?" деген сұраққа "Мына жақын жерде" деп, Алматының іргесінде Есік қаласын меңзегендей болған. Алайда нақты атын айта алмады.
Ал Бүркіт одан да өткен болып шықты. Ол сұрақтарға жауап берудің орнына тек ыржиып, күлумен шектелді.
"Мәдина дым білмейді екен ғой", "Бүркіт не айтарын білмеген соң, өтрік күліп отыр", "Бәрі жаттанды фонограммамен ән айтқаннан басқаны қақпайды", "Әншілердің білімдері өте төмен таяз", "Беттері жылтыр болғанымен білімдері қараңғы!" — деген пікірлер өте көп жазылған.
Бұрындары Мәдина Сәдуақасова "әлемде бес мың ел бар" деп күлкіге қалған еді.