"Мағжан поэзиясындағы заман шындығы" деп аталатын жаңа кітап жарық көрді
19-наурызда қазақтың әйгілі символист, лирик ақыны Мағжан Жұмабаевтың дүниеден озғанына 77 жыл, ал 25-маусымда туғанына 122 жыл толғалы отыр. Осыған орай жақында ақынның бұрын еш жерде жарық көрмеген шығармалары кітап болып жарық көрді. «Мағжан поэзиясындағы заман шындығы» деп аталатын бұл еңбектің авторы Бақыткамал Қанарбаева.
«Бұл жинаққа ақынның жаңадан табылған еңбектерінің арасында Мотиннің «Себерские мотивы» деген кітабының «Степь» деген бір бөлімінен аударылған «Кең дала» деген орысшадан тәржіма өлеңі, «Қатын алу, ерге шығу», «Дала, қала», «Аймақ ішінде» мақалалары, «Гүлсім» деген әңгімесі мен «Немере мен әже» өлеңі және қырғыз тілінде А.Арабайұлы аудармасымен 1924 жылы жарық көрген «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» деп аталатын оқу құралы еніп отыр. Ал әлі толық анықталмаған және жазуы өшіп қалғандықтан кейбір тұстары оқылмай қалған өзге шығармаларын жариялауды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық», - дейді мағжантанушы, Қайнар университетінің профессоры Б.Қанарбаева.
Автордың өз қаржысына аз таралыммен «Экономика» баспасынан жарық көрген бұл еңбек ғалымның М.Жұмабайұлының шығармашылығына арнаған төртінші кітабы болып отыр. Бұған дейін «Мағжан шығармашылығының фольклорлық қырлары» (1995 жылы), «Жырымен жұртын оятқан» (1998 жылы), «Мағжан символист» (2007 жылы) кітаптарының авторы және 2013 жылы қайта басылған Мағжанның 1929 жылы жарық көрген «Сауатты бол» кітабының жауапты редактор болған еді.
«Мағжан поэзиясындағы заман шындығы» деп аталатын бұл кітапта Мағжанның өз дәуіріндегі қоғамдық өмір шындығын бейнелеп жазу тәсілдері мен ұстанған бағыты, көркемдік ойлау деңгейі көрінеді. өмір шындығын сөзбен мүсіндеген шеберлігі айқындалып, поэзиясының ұрпақ тәрбиелеудегі қуаттылығына баға беріледі. Мағжан поэзиясынан тағлым алып, оның ойын жаңаша дамытып жырлаған ақындар мұрасына талдау жасалады. Ақынның өлеңін алғаш аударған немересі жайлы тың деректер келтірілген.