Мағжанның жайнамазы табылды
Қазақ поэзиясының пайғамбарына баланған Мағжан Жұмабаевтың пайдаланған жайнамазы табылды. Бұған қарап ақиық ақынның қылышынан қан тамған заманда да бес уақыт намазына берік болғанын аңғарамыз. Мұражайға ақынның мұрасын тарту еткен немере інісі де осылай деп отыр. Ал жайнамаз мұражайдағы ең құнды жәдігерлердің біріне айналып үлгерді.
Мағжан Жұмабаев 1937 жылы тұтқындалардың дәл алдында Қызылжардағы інісі Сәлімжанның үйінде болып, Алматыға аттанады. Бұл туыстарымен соңғы қауышу екенін сезгендей келіні Бибізайыпқа қолындағы жайнамазын тастап кетеді. Сол жайнамазды келіні ақырғы демі таусылғанға дейін көзінің қарашығындай сақтап келген болатын. Ал дүниеден өтерде баласы Тасболатқа аманат етіп тапсырады.
Тасболат ақсақалдың айтуынша, анасы Бибізайып Мағжанның көптеген мұрасын осы күнге дейін жеткізген. Кейбір өлеңдері де келінінің айтуы бойынша жазылып алынған. 99-ға келіп дүние салған Бибізайып апа ақтық сапарға аттанғанша ешкімге бермеген бір мұра сол жайнамаз еді. Себебі өзі бес уақыт намазын дәл осы жайнамазда өтеп жүрген. Ол алтын түсті қымбат матадан тоқылған екен. Ескіргендігі соншалық – екі тізе мен маңдай сәждеге тиетін жерлері әбден жұқарып тесіліп қалған. Бибізайып апа жыртығын жамап қойған екен.
Тасболат БЕКЕНОВ, Мағжанның туған інісі Сәлімжанның баласы:
– Біздің аталарымыз өте діндәр адамдар болған. Үлкен атамыз Жұмабай – бес рет қажыға барған кісі. Жайнамазды Меккеден әкелген. Анам Бибізайыптың айтуынша, Мағжан намазына берік адам болған. Себебі ол алғаш білімді молдадан алған. Кейін Уфада медреседе оқыған. Сол молдадан менің әкем бастаған барлық бауырлары оқыған екен. Айтуынша, Мағжан барлық балалардың ішінде ең зерегі болған. Құранды да тез жаттап алады екен.
Қызылжардағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Мағжанның өміріне арналып көрме ашылды. Бұл көрмеде тағы бір жайнамаз бен Құран кітабы тұр. Бұлар Жұмабай қажының Меккеден, қажылықтан келгенде әкелген заттары екен. Мұражайдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Рәзипа Тәженованың айтуынша, Құран кітабында «1894 жылы Меккеде жарық көрді» деген жазу бар.
Рәзипа ТӘЖЕНОВА, тарихи-өлкетану мұражайының әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
– Біздің мұражайда Мағжанның Мәскеуден әкелген кесесі сақтаулы. Оны оқуға барғанда алған. Одан басқа, әкесінің шай қайнатып ішкен самаурыны, жары Зылиханың табағы және тағы да басқа заттар бар. Жәдігерлердің көбін келіні Бибізайып тарту етті. Себебі Мағжанның әкесі мен шешесі осы Сәлімжан мен Бибізайыптың қолында тұрып, өмірден өткен болатын.
Қазақтың біртуар ұлының дүниеге келгеніне биыл 120 жыл толады. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, ақынның ақынына баланған Мағжанды әлі толық тани алмай келеміз. Оның асыл дініміз исламға көзқарасы мен ол туралы жазғандарын насихаттағаннан гөрі кейбір шығармаларын түсінбегендіктен эротикаға балап жүргендер де бар. Сондықтан ақынның өлеңдерін де, өміріне қатысты құнды жәдігерлерді де толық зерттеу қажет сияқты.