Маясардың күлшашары ән шашпақ
Маясар ЖАПАҚҰЛЫ. Бұл есім көпшілікке дәл қазіргі уақытта беймәлім болуы мүмкін. Ал ол – өткен ғасырда халық ақындары Кенен, Шашубай, Болмандармен сахнада үзеңгілес болған, Жамбылдан бата алған, Әуезов пен Мүсіреповтің ерекше ықыласына бөленген өнер иесі. Телегей-теңіз өлеңі қалмаса да, санаулы салмақты жыры мен салиқалы әндері – көзкөрген жұрттың жадында. Атадан ұл туып, ата жолын қууды игі іс санаған текті жанның ізін жалғар, жоғын жоқтар тұяқтың қалғаны баба мұрасының өшпегенін көрсетеді. Жас та болса талай ән додасында топ жарып, бас болып жүрген Жақсыкелді БОРАНБАЙҰЛЫ – Маясардың шөбересі. Консерваторияны биыл бітіргелі отырған әнші 17 сәуірде туған топырақта тұңғыш ән кешін өткізбекші.
«Әдетте жеке ән кешін мойындалған, үлкен әншілер береді. Оқу бітірмей жатып, жеке концерт беретіндей толысқан, қалыптасқан әншімін деп айта алмаймын. Әйткенмен ауылдың үлкендері, Маясар атамды көрген замандастары «атаңның ізін басқан шөбересісің, атаңның, ол орындаған халық әндерін шырқап, концерт берсеңші» деп қолқа салған соң, сөздерін жерге тастай алмадым. Ең сыншыл да талғампаз тыңдаушылар – көнекөз қариялар. Бұл кешімді солардың алдындағы есебім деп білемін», – деген ақжарма сөздер ұлттық музыканың мөлдір суатындай таза көңілді, арамдықтан ада, ақ пейілінен шыққаны Жақсыкелдінің қызарған жүзінен байқалды.
Жақсыкелді ән өнеріне Маясар ақынның ұрпағы болған соң ғана қадам басқан жоқ. Алла берген талант тыныш жатпай, бұлқынып шықты. Ерекше еңбекқорлықты сүйетін өнер жас әншіге оңай шағылатын жаңғақ еместігін танытып үлгерді. Консерваторияға келгенде домбыраны сабалап, жабайы айқаймен келген ол «әннің Абайы» Жүсіпбек Елебековтің жары Хабиба апамен жүздескен соң, қиын да жауапты жолды таңдағанын түсінді.
Жақсыгелді БОРАНБАЙҰЛЫ, жас әнші:
– Осыдан екі жыл бұрын Хабиба апамыздың алдына барғанда, дәстүрлі әнді айтуды мәртебе көріп жүргеніме ұялып кеттім. Әнді құр айту жетістік емес екен. Ән – бабалар аманаттаған баға жетпес қазына, сен сол қазынаның қиюын кетірмей, қаз-қалпында жеткізуші мұрагер екендігіңді жүрегіңмен сезіну қаншалықты қиын екенін түсіндім. Сол барғанымда салған әнімнің кем-кетігін тап басып айтып берді әжей. Жақында екінші рет бардым. Не дер екен деген үреймен Сәкеннің «Тау ішіндесін» айтып бердім. Апа «жаман емес, тәуір» дегенде, байқаудан жүлде алғаннан да қатты қуандым. Себебі Жүсекеңдей әншінің жары ғана болмай, қазақтың ән өнерінің сыншысындай болған ападан мұндай қолдау есту – мен үшін биік мәртебе.
Маясардай халық ақыны өз дәуірінде талай айтысқа қатысып, тапқыр да тағылымды жырларымен танылған. Республика өнер шеберлерінің қатарында Мәскеу сахнасында өнер көрсеткен атақты Ұстын жайында беташар өлең айтқан, 1954 жылы Республика күнін Алматыда өлеңмен ашқан да – Майекең. Сөз барымтасы айтыста өзіндік бедерімен тарих бетінде қалған Майекеңнің өзінің төл мақамы болған екен. Ал «Жиырма бес», «Паравоз», «Қарғам-ау» әндерін нақышына келтіре орындаған ақынның әншілігі де ел ішінде айтылып жүр. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына композитордың «Қос қоңыр» әні Ерлан Құжимановтың, «Тағылы» әні шөбересі Жақсыкелдінің орындауында енген.
– Жуырда атамның тағы бір жаңа әнін таптым. Осы уақытқа дейін тек сөзі белгілі болып келген «Көңіл қаяу» әнін атамды зерттеуші, жазушы Шәмел Жүністегінің жеке архивіндегі таспасынан алдым. Көзкөрген қарттардың ұрпақтарынан да анықтап біліп, атамның шығармашылығын зерттеп жүрген жайым бар. Жақында Қарағандыда 1932 жылғы ашаршылыққа арналған халықаралық конференция өтпекші. Зұлматты жылға арналған жалғыз әнді қалдырған менің атам екен. Сол әнді орындау үшін конференцияға мені шақырып отыр, – дейді жас әнші.
Өнер адамы сахнадағы өнерімен ғана жұртшылықты тәнті етпей, кісіліктің биігінен көрінгені абзал. Мінезі жібектей талапты жас осы бетінен қайтпай, талмай еңбектенсе, тасада қалмасы анық. Жақсыкелдінің өнер жолындағы қадамы құтты болсын дейміз!
Өмірдерек
1988 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Айғыржал ауылында туған.
2004-2008 жж. Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің халық аспаптары кафедрасын тамамдаған;
2011 жыл – Кенен Әзірбаев атындағы республикалық әншілер байқауының І орын жүлдегері;
2011 жыл – «Қазақстан» ұлттық арнасының «Сегіз қырлы» телевизиялық байқауының І орын иегері;
2011 жыл – Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән додасының дипломанты;
2010 жыл – Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық әншілер байқауының дипломанты;
2009 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық әншілер байқауының дипломанты;
Қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті.