Майдангер жазушының жаңа жинағы
14 ақпан күні сағат 16:00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде майдангер қаламгер Жекен Жұмахановтың 100 жылдығына орай, қаламгердің жаңа кітабының тұсаукесері мен еске алу кеші өтпек. Әдеби кешті талантты ақын Саят Қамшыгер жүргізеді. Кешке сондай-ақ Шәрбану Құмарова, Шәкен Күмісбайұлы, Зәкір Асабаев, Жарқын Шәкәрім сынды қаламгерлер қатысып, естелік әңгімелерімен бөліспек.
Жекен Жұмаханов 1913 жылы 5 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. Семейдегі педагогикалық техникумды бітірген. 1935 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтына түсіп, айрықша дипломмен бітірген. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында ұзақ жылдар меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Жекен Жұмаханов көптеген жазушылар сияқты әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамдарын өлеңнен бастаған. Оның «Ақ бидай» поэмасының үзінділері 1939 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Соғыс жылдарында, одан кейінгі уақыттарда да барлық шығармашылық қабілетін прозалық шығармалар жазуға жұмсады. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында әуелі Калинин, кейіннен 11-Прибалтика майдандарында «Жауға қарсы аттан» газетінің тілшісі, ротаның саяси жетекшісі болып қызмет атқарды. Әскер қатарынан 1946 жылдың көктемінде босаған соң, қайтадан журналистика саласы мен әдеби өмірге етене араласты.
Жауынгер қаламгер Ж.Жұмаханов Кеңес Одағының батырлары Ә.Молдағұлованы, М.Мәметованы, атақты мерген Ы.Сүлейменовті, «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің иегері Б. Рахметовті көзімен көріп, қазақтың осындай батыр ұл-қыздары жайында бірнеше очерктер жазған.
Негізінен шығармаларына майдангерлер ерлігін арқау еткен жазушы публицист Жекен Жұмаханов Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, В.Орловтың «Батыл ой» атты жинағын, М.Садовянудың «Митра Кокорь» повесін, Морис Торездің «Халық ұлы» деген кітабын қазақшалады. Жазушының «Солдат жолы», «Жазылмаған кітап», «Үш бәйтерек», «Екі жол», «Соқпақ соңы», «Қаракөз қарындасым» кітаптары оқырмандар мен әдебиетшілер тарапынан жақсы бағаланған.
Ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің майталмандары қатысатын шара барысында жазушының жуырда жарық көрген «Махаббат пен мансап» атты жаңа кітабының тұсауы кесілмек. Жинақта Жекен Жұмахановтың бірқатар таңдамалы шығармалары топтастырылған. Қан майдандағы қазақ батырларының тағдыры мен ерліктері жайында сыр шертетін жаңа жинақты кітап дүкендерінен және Қазақстан Жазушылар одағынан сатып алуға болады.