Майра Мұхамедқызы: "Әлемнің барлық опера театрларында ізім қалса деп армандаймын"
– Әлемнің әр түкпіріндегі әйгілі сахналарда өнер көрсеттіңіз. Ендігі сіз бағындырар белес...
Енді армансыз адам болмайдығой! Бағындыратын белестер бұл өмірде өте көп. Сонда да Алла тағалам күш қуат берсе, әлемнің барлық опера театрларында ізім қалса деп армандаймын. Сол үшін барымды салып тырысып келемін.
– Әлемдік деңгейдегі әйгілі опера жұлдыздарының бақуатты тұрмысы, оларға төленетін қомақты гонорар... Шетелге кетіп қалғыңыз келмей ме? Өзіңізді бай адаммын деп есептейсіз бе?
Байлыққа кім қызықпайды? Әсіресе, маңдай теріңді шынайы бағаласа! Ал енді сол үшін шетелге кетіп қалу ол менің табиғатыма жат нәрсе! Мен осы елімнің топырағына жетуді қаншама армандадым. Маған осы қазақ елінен артық жер жоқ. Мен өзімді бай адаммын деп есептемеймін. Адал еңбекпен тапқан әр нанымды қанағат тұтамын. Соның берекесін берсін. Осы күніме ризамын.
– Еліміздегі Азиада іспеттес ірі іс-шаралардың ашылу салтанатына шақырту алмағаныңыз неліктен? Жуырда ғана Елбасы аналар мерекесі қарсаңында бір топ еліміздегі танымал нәзікжандыларды қабылдады. Олардың арасынан да сізді көре алмадық. Осындайлардан кейін көңіліңізде қыжыл қалмай ма?
Шынын айтқанда кей кездері қолында құзыры бар адамдардың жеке пендешілігі мен көре алмаушылығының салдарынан талай салтанатты іс шаралардан таса қалған кездерім болды. Әлі де жоқ емес. Мен ешқашан да таласпаймын. Жүгірген емес, бұйырған алады деп өзімді сабырға шақырамын. Мен бұрындары да Елбасымен талай сапарлас болдым. Елбасының шапағатына бөлендім. Бірақ, әр жылдағы аналар мейрамында болатын қабылдауда тізімнен қалмайтын сол баяғы бірнеше өнер жұлдыздары жыныма тиеді. Одан да еліміздің байтақ жерінде ауыр да қатерлі жұмыстың басы-қасында жүрген аналар мен аруларды сол қабылдауға шақырса ғой, халық солардың еңбегін бағалап көріп, біліп жатса сол игі іс шара болар еді. Ал өнер адамдары ол кісіні былайымша да концерттер мен салтанатты кештерде көре алады емес пе?
– Астанаға қоныс аудару ойыңызда жоқ па?
– Шақырту түссе міндетті түрде барар едім.
– Эстрада әншілерінің той томалақ арқылы қоржынын толтыратыны белгілі. Ал опера әншілерінің осындай табыс түсіретін қосымша қаржы көздері бар ма?
Мен де шақырған жерден қалмаймын. Тойға да, ойға да барам егер сыбағамды берсе.
– Қайырымдылықпен айналыссам деген жоспарым бар деп едіңіз...
Шамам келгенше қайырымдылық жасауды өзімнің парызым деп білемін. Сондай шаралар жасалынған концерттен еш қалған емеспін. Жуырда ғана Айзере есімді үш жасар қызға Санкт Петербургте операция жасатуына көмектестім.
– Сайтыңыз бүгінде жұмыс істеп тұр ма? Жаңартып отыруға уақытыңыз бар ма?
Жоқ. Уақытым жетпей ол жабылып қалды. Жуырда қайтадан жаңартып, желіге қосылатын болады.
– Бүгінде кейбір опера әншілері тойға фонограммамен шығып жүр. Құптайсыз ба мұны?
Заманымыз солай болса, кімді кінәлайын?..
– Кезінде бір киноға түскен едіңіз, соның жалғасы бола ма? Жұпыны өмір, сұрықсыз тіршілік бейнеленген сол киноға түскеніңізге өкінбейсіз бе?
Егерде қандай да бір шақырту алсам тағы да киноға тусуден бас тартпас едім. Ал мен істеген әрбір ісіме ешқашан өкінген емеспін. Өкінетін істі істемеуге тырысамын. Сол фильм кейбіреулерге ұнамай қалған-ау шамасы. Бірақ, өзіме қатты ұнайды. Ол кинода адамгершілік тұрғысында адамдарға ой салады.
– Оян.kz-пен елді оятып жүр едіңіз. Адағы уақытта сізді салмақты, салиқалы бағдарламалардың жүргізушісі ретінде көре аламыз ба?
Оян.кз бағдарламасын енді «Хабар» арнасынан көретін боласыздар. Шоу бағдарламаларға шығып жинаған абыройымнан айрылып қалам деген қорқыныш менде болған жоқ. Шетелде опера жұлдыздарын барлық бағдарламалардан халық көре алады.
– Бекзат өнердің шыңы саналатын операны қандастарымыздың басым бөлігі аса қолай көрмейді. Оның орнына эстрадалық әулекі әуендерге әуес. Әсіресе жастар. Шетелдік тыңдарман мен еліміздегі тыңдарман арасында айырмашылық бар ма? Көрермен мәдениеті жөнінде бірер сөз...
Сол эстрада әншілеріне жасалған пиарлар мен телеарналар бізге де солай қызмет етсе, бізде сондай жұлдыз болар едік.
– Наурыз мерекесі қарсаңында гастрольдік сапарыңызды оңтүстіктен бастадыңыз. Ел ерекше ықыласпен қарсы алды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов сізге автокөлік сыйлады... Әлемдік деңгейде атыңыз бар адамсыз. Сіз үшін есте қалған ерекше сыйлық қайсы?
Рахмет! Ел азаматтары аман болсын. Өнерді сыйлағанына мың алғыс! Ал есте қалғаны Шымкенттегі концертте сексенге келген бейтаныс әже әнімді жүрегімен тыңдап, жылап отырды бірінші қатарда. Концерттен кейін, артқы сахнаға келіп, көйлегінің етегін көтеріп сары майдай сақтап жүрген бес мың теңгесін қызымның көрімдігі деп берді. «Әжетай, бұл сіздің зейнетақыңыз ғой, ақшаңызды алмаймын. Алғандай болайын» десем, қатты ренжіді. «Сен азсынып тұрсың ба? деп. Осындай ападан айналдым. Осыдан артық қандай сыйлық бар? Бұл мен үшін ең қымбат сыйлық.
– Елімізге келгелі көңіліңізге кірбің түсірер жәйт қайсы, жаныңызға қатты бататын жағдаят? Керісінше қуандыратын не нәрсе?
Жаныма бататыны қазақтардың орыс тілінде сөйлейтіні. Қуантатыны еліміз қарқындап дамып келеді. Әлем мойындап келеді.
– Қандай арманыңыз бар?
Армандарым өте көп. Айтудан қорқамын. Алла тағалам, сол ойлаған армандарыма жеткізсе екен деп деймін. Ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деп тілеймін.