Мәмбетов спектакльдері қайда кетті?
Кезінде дарынды режиссер, қазақ кәсіби режиссурасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті театр қайраткері, КСРО халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған қойылымдар бүгінде келмеске кетті. Ол 30 жылдан артық уақыт қызмет еткен Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында да Мәмбетов туындылары сақталмай отыр. Бұл туралы Әзірбайжан Мәдиұлын еске алу кешінде театр режиссерінің әйелі, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Қорлан Қалиламбекова айтты.
«Бізде бір тұлға өлсе, ол жасаған дүниелер де бірден ұмытылады. Әзірбайжан Мәдиұлының режиссерлігімен сахналанған көп қойылым бүгінде жоқ. Сондай бір геноцид байқалып отыр. Кезінде талай шедевр қойылды, арғысын айтпай-ақ, М.Әуезов театрында 2000 жылы ғана қойылған спектакльдер жойылып кеткен. «Біржан – Cара», «Қыз Жібектер» қайда? Ол спектакльдерді сақтап қалу Әзекеңді келер ұрпаққа жеткізумен тең ғой. Құр еске алып қою кімге керек? Қазір залда Оралдан келген бір-екі шенеунік қана отыр, министрліктің өкілдері қайда? Оларға Мәмбетовті еске алу керек емес пе? Тұлғалар мұрасына, өткенге мұндай көзқараспен қарауға болмайды. Әзірбайжан Мәдиұлы кетіп еді, бәрін де жоғалттық», – деді Қ.Қалиламбекова.
Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті еске алу кеші қарашаның 24-і күні Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өтті. Кеш Ә.Мәмбетов сахналаған қойылымдар үзінділерімен басталды. Алғашқы үзінді Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасы» болса, соңғысы – А.П.Чеховтың «Ваня ағайы». Еске алу кешінде онымен қызметтес болған өнер қайраткерлері қызықты естеліктер айтты. Қазақстанның Халық әртісі Нүкетай Мышбаеваның айтуынша, Әз-аға талапшылдығымен бірге әзілқой да болды. «Марқұм Әзекең орнынан бір аунап қалған шығар деп ойлаймын. Бірнеше ай бойы еске алып жатырмыз. 1959 жылы театрға бірге келген едік, екі-үш жас үлкен болса да, аға дейтінбіз. Жаңадан келсек те, бізге «Беу, қыздар-айдағы» рөлдерді сеніп тапсырды. Біз оны ылғи еркелететінбіз. Сондай тамаша адам еді», – дейді актриса. «Мен театрға алғаш келген кезде сахнада дауысым жай шығатын. Ол маған «идиотка, шығар даусыңды» деп ұрсатын. Қазір танымал актриса болғаным сол кісінің арқасы. Әзекең сияқты талантты тұлғадан тәлім алғаныма бақыттымын», – дейді Қазақстанның Халық әртісі Торғын Тасыбекова.
1952 жылы Алматы хореография училищесін, 1957 жылы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтын тәмамдағаннан кейін Ә.Мәмбетов Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті. 1970-1980 жылдары Мәмбетов кино режиссері ретінде қызмет етіп, бірнеше көркем фильмімен қазақ киносының алтын қорын байытты. 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ол туралы талантты жазушы Шыңғыс Айтматов «Өз бойына сан алуан адами қасиетті сіңіре білген лайықты суреткері жоқ театр іргелі бола алмайды. Суреткер ойшыл, адамсүйгіш, ұлттық мәдениет үшін жаны күйетін адам болуы тиіс. Әзірбайжан Мәмбетовті сондай адам деп білемін» деген болатын. 1999 жылы Ә.Мәмбетов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен елордаға келіп, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрын басқарды. Осында 10 жыл қызмет еткеннен кейін, 2009 жылдың 17 қарашасында өмірден өтті.
Есмұхан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның Халық әртісі, профессор:
– Әуезов театры десе, Мәмбетов еске түседі, Мәмбетов театры десе, Әуезов театры ойға оралады. Ол – осы ұжымда 30 жыл қызмет еткен, қазақтың кәсіби режиссурасын дүниежүзіне паш еткен, нағыз ұлттық болмысқа бой алдырған көсем режиссеріміз, шоқтығы биік режиссеріміз. Алдыңғы ағалардың ізін қуып келіп, артына мол мектеп қалдырған адам. Күні кеше 75 жылдығында осы жерде бір жағында Торғын бар, бір жағында мен, суретке түсіп едік. Әттең, тынымсыз жүрегі ерте тоқтады. Бірақ оның ізі мәңгілік. Біздің театр – үлкенін сыйлаған иманшыл театр. Біз ұлы тұлға алдындағы парызын өтеуді ұмытқан жоқпыз.
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
– Әзірбайжан Мәмбетов – қазақтың маңдайына біткен ұлы режиссер. Бұл кісінің абыройы Қазақстанға ғана емес, күллі Кеңес Одағына мәлім болды. Ресейдің көкірегі кекиген театр сыншыларының өзі әдейілеп Алматыға келіп, оның қойылымдарын көріп, ризашылық білдіретін. Оны көре алмағандар да болды. «Қызғаныштың қызыл иті жақсыны жақтырмаған, Кезі келсе, күні жоқ лақтырмаған, Қайтесің қайран дүние осылай, амал қанша?!» деген сөздер бар ғой. Әзірбайжан Мәдиұлы бақытты адам еді, өзі жетім болса да, осында Аққағаз әпкесімен келіп, Мәскеуде үлкен ғұламалардан дәріс алған, біздің бабалардың батасын алған, артына мол мұра қалдырған ол ең ауыр жолды жүре отырып, бақытқа жеткен кісі.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйектің 1-і күні Әзірбайжан Мәдиұлының туғанына 80 жыл толған еді. Наурыз айында Алматыда Мәмбетов атындағы театр фестивалі өтті. Қыркүйекте Орал қаласында да республикалық театрлар фестивалі Ә.Мәмбетов шығармашылығына арналды.