Маңғыстауда «мәдени мұра» жөнінде дөңгелек үстел өтіп жатыр
Маңғыстау облысында «Мәдени мұра» бағдарламасы жөніндегі қолға алынған барлық маңызды істерді тиянақты жүргізу, мұраларды зерттеу және олардың насихатталуын қамтамасыз ету барысында «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөнінде ғылыми әдістемелік кеңес» құрылған болатын.
Халық жазушысы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев төрағалық ететін кеңес құрамында елімізге белгілі тарихшы, археолог, этнограф, мәдениеттанушы, реставратор ғалымдар бар. Кеше Маңғыстаудың өзіндік бедері мен көне дәуірдің қайталанбас қолтаңбасын сақтауды мұрат тұтқан бұл кеңестің кезекті отырысы болып өтті.
Дөңгелек үстел барысында ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшысы Маңғыстау және Үстірт көшпелілерінің мәдени ескерткіштерін аталған ұйымның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге дайындау мәселелері бойынша баяндама жасаса, Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев Маңғыстау мен Үстіртті мекендеген ежелгі тайпалардан қалған ескерткіштер тарихы жайында әңгіме қозғады. Сондай-ақ осы отырыста Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмарова тарихи және мәдени ескерткіштерді реставрациялауды бір мердігерге тапсыруға рұқсат берілуі керектігін алға тартты.
Қаперге!
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда Маңғыстау өңірі айтарлықтай істер атқарып жатыр деуге болады. Оған дәлел – осы уақытқа дейін облыста 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарына 548 млн теңгенің жұмсалғандығы. Сондай-ақ биылғы жыл басынан бері бөлінген 113 млн теңге қаражат есебінен өлке мұралары жайында 20 басылым жарық көріп, 62 жәдігер қайта жасақталыпты, сол секілді 21 республикалық деңгейдегі ескерткіштер өңделіпті.