Мақат Садық эфирге қайта оралды
Жаңа мыңжылдық табалдырығымыздан аттаған тұс, яғни 2000 жылы эфирге соңғы рет шығып, содан кейін көрермен көз жазып қалған журналист, сараптамашы, тележүргізуші Мақат Садық араға 10 жыл салып үлкен эфирге қайта оралды. Әр жеті сайын елімізде орын алған қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени, қысқасын айтқанда, сан-салалы мәселелерді сарапқа салып, жігін ажыратып, егжей-тегжейлі түсіндіріп беретін «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Апта.kz» бағдарламасы өзінің нағыз жүргізушісін тапқандай.
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» деп ақын жырлағандай, ұлт журналистикасына мезгіл-мезгілімен күшті толқындар келіп, сол толқын қоғамға үлкен серпіліс туғызып, бұқараны алға сүйреп отырады. Сондай екпіні күшті бір толқын қазақ журналистикасына осыдан екі онжылдықтай уақыт бұрын, яғни 90-жылдардың басында келсе керек. Бүгінде тек қазақ баспасөзінің ғана емес, мәдениет, саясат, руханият саласының басы-қасында негізгі қозғаушы күш ретінде көрініп жүрген талай дарынды азаматтардың бірі, дарынды журналист, қарымды қалам иесі Мақат Кәбірұлы да тележурналистика саласында сол 2000 жылға дейін өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, өз идеясы мен ойын жүзеге асырып үлгерген еді. Атап айтқанда, «Хабар» арнасында берілген баршаға мәлім «Жеті күн», «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Үш анық» ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларын дүниеге әкелуге, атын қоюға ұйытқы болған. Сол азамат телеэкраннан көрінбей кеткен аралықта да тек жүрмей, мемлекеттік қызметтерде істеп, сондай-ақ шығармашылық тұлға және қоғам қайраткері ретінде де көрініп, Қазақстан Республикасы Президентінің және «Дарын» жастар сыйлықтарына ие болған.
Мақат Кәбірұлы жүргізетін жексенбілік «Апта.kz» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы қоғамдағы жауапкершілік мәселесін дұрыс жолға қоюға құрылса керек. Жалпы, осы ретте журналистерді де дәрігерлер секілді қоғамдағы дертті алдын ала анықтап, дұрыс диагноз қоя білуі шарт дер болсақ, қазіргі кезде қазақ журналистикасы көп жағынан өткірлік танытып, көп мәселенің алдын алатындай деңгейде. Ал бұлайша болжай білу келе жатқан қауіптің бетін кері қайтаруға мүмкіндік туғызады. Сондықтан да адам құқығы мен бостандығына келген кезде журналистердің қаны да, жаны да, ойы да бірдей болуы керек. Осылай деген Мақат Садық қазір қазақ журналистикасының сол деңгейге жақындап қалғанын айтты.
Осыдан біраз жыл бұрын мынадай бір қате көзқарас болатын, бір журналист бір ақпаратты бірінші болып жеткізсе, қалғандары оны «қайталамайық» деген оймен басқа тақырып іздейтін. Бірақ негізінде шешілуі тиіс мәселе болса, оны, керісінше, журналистер бірауыздан көтеруге тиіс. Өйткені сонда ғана қоғамдық пікір туып, ол мәселе басшылардың да назарына ілігеді. «Мен оны өз тәжірибемде байқадым, қандай да бір даулы, шешімін табуы керек мәселе болса да, егер де ол бір ғана баспасөзде көтерілсе, онда ол билікке әсерін тигізе алмайды. Ал біздің, яғни қалам мен микрофон иелерінің басты міндеті – қоғамдағы дертті тамырымен жоюға ықпал ету. Журналистер бір мүддеге тоғысып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білгенде барып шенеуніктер болсын, жалпы, кім болсын, бізден аяқ тартып, бізбен санасатын болады», – деген Мақат Кәбірұлының эфирге қайта оралғандағы басты мақсаты да сол қазақ журналистерінің топтасуына, бірінің жұмысын бірі қолдауына ықпал жасау болса керек.
Мақат САДЫҚ, «Қазақстан» ТРК басқарма төрағасының орынбасары, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар директоры:
– Араға тура 10 жыл салып, бүгін, міне, өзімнің сол бір кездері бастаған соқпағыма қайта оралдым десем болады. Осы онжылдық үзілістен оралғанда мен не байқадым? «Елу жылда ел жаңа» дейміз, алайда 10 жылда да қоғам айтарлықтай өзгеріске ұшырайды екен. Мәселен, бір кездері әкімдердің, министрлердің көмекшісі болған жас жігіттер бүгінде өздері де сондай лауазым иесіне айналып үлгерген. Яғни бұл – қоғамға жаңа толқын келді деген сөз. Әрине, бұл толқын қоғамда жұмысты басқаша ұйымдастырғысы келеді, десек те, бір айта кетерлігі – көбіне олар ақпарат құралдарында көрінгісі келмейді. Нағыз шенеуніктік, бюрократиялық лауазымды қызметкерлер стандарты бізде қалыптасты дей аламыз. Әрине, бұрынғы кезбен салыстырғанда қазіргі кезде жұмыс жауапкершілігі арта түсті. Бұрын, мәселен, Кеңес Одағы номенклатурасынан шыққан лауазым иелері болса, қазір Қазақстанның біршама басшылық орындарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша еуропалық стандартта білім алып келген жастар отыра бастады. Олардың көзқарастары басқа, білімдері де жоғары. Сондықтан дәл бүгін ақпараттық-сараптамалық бағдарламаны жүргізгенде сондай көрерменнің талабы мен талғамына сай биік деңгейде көріне білу керек. Өзім де осы уақыт аралығында айтарлықтай үлкен басқарма комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істедім. Сондықтан да мемлекеттік қызметте ненің қалай жүзеге асатынын өз көзіммен көрдім, білемін деп айта аламын. Ал бұл тәжірибем өз кезегінде осы айтылған бағдарламаны жүргізуге айтарлықтай септігін тигізеді.