Мақпал Жүнісова бұзық қыздың рөлін сомдап жүр
Мақпал Жүнісова спектакльдерде ойнап жүр. «Күшік күйеу» қойылымында Алманың, «Бес бойдаққа бір той» комедиясында Мараның және «Абайлаңыз қалыңдық» мюзиклінде қаланың бұзық қызының рөлін сомдады. Қазір Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрының сапында Ресейдің Екатеринбург қаласына гастрольге баруға дайындалып жатыр.
Мақпал Жүнісова Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Жамбыл ауылында дүниеге келген. Есімін әкесі қойған екен. Мақпалдың бала кезгі арманы танымал әнші болу. Ол кішкентайынан әнді құйқылжыта шырқайтын. Тіпті ауылдағы мектептің әрбір концерті оның қатысуымен өтті десе де болады. Бірақ Мақпал елге танымал әнші бола алмады. Дегенмен өнер саласынан көп алыстап кете қойған жоқ. Бұл айтқанымыз Қызылжардағы Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрының әртісі Мақпал Жүнісова жайлы.
Бала Мақпал мектеп бітірісімен халық әртісі Мақпал Жүнісова сияқты әнші болу үшін Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы өнер колледжіне оқуға түседі. Алайда ұстаздары оның бойынан әншіліктен гөрі әртістік қасиеттің басым екенін байқап, жоғары білімді осы салада алуды нұсқайды. Сөйтіп, Мақпал Жүнісова Астанадағы өнер академиясына түсіп, театр және кино әртісі мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Мақпалдың жастығына қарамастан жеткен жетістіктері де бір төбе. Жастардың халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, екінші орын иеленіпті. Сондай-ақ «Полигон» фильмінде басты рөлді сомдаған. Әртіс Мақпал әнші Мақпалмен бір сахнада ән айтып, үйінен дәм де татқан екен. «Мақпал апай өзі аттастарды жинап, концерт бергелі жатқанын естіп, Алматыға бардым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 27 Мақпал Жүнісова жиналды. Солардың ішінде өнерде жүргендері 3-4-еуі ғана екен», – дейді Мақпал.
Мақпал Жүнісова, театр әртісі:
– Мақпал апайымызды әкем Тұрсын теледидардан көрген екен. Кейін мен туғанда ойланбастан осы есімді қойыпты. Кәсіби деңгейде болмағанмен мен де тойларда ара-тұра ән айтып тұрамын. Мақпал апайымыз сияқты әнші болу – менің бала күнгі арманым. Кейбір кезде адамдар аты-жөнімнің Мақпал Жүнісова екеніне сенбей жатады, тіпті куәлігімді де көрсететін кездер болады. Бірақ мен оларға ренжімеймін.