Мақпал Жүнісова Назарбаевтың не үшін демеушілік жасайтынын айтты
Көпшіліктің сүйікті әншісі Мақпал Жүнісоваға Болат Назарбаевтың көп демеушілік білдіретініне байланысты ел арасында алып-қашпа әңгіме көп.«Жұлдыздар отбасы» журналына берген сұхбатында әнші осы сұраққа қатысты жауап берді деп хабарлайды Alashinform.kz ақпарат агенттігі
«Сенің қызыңа өкіл әке болайын» деп өзі ұсыныс білдірген. Ол кісінің жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Мен де Бөкеңнің қуаныштарына қалмай барамын. Жалпы, Бөкең дос болуға, сыйласуға лайықты адам. Ол жалғыз маған емес, өнер адамдарының барлығына көмектеседі. Қарасай ауданының бүкіл әншілеріне бір-бір машина, үй алып берген. Бибігүл Төлегеноваға да, Ескендір Хасанғалиевке де, Роза Рымбаеваға да көмектеседі. Бірақ, бұл жайында ол кісілер айтпайды. Ал мен ашық айта беремін. Сондықтан елдерге Бөкесі тек маған көмектесіп жатқандай көрінеді»,-дейді ол.
Әнші жары Заманбек Нұрқаділовтің көзі тірісінде де Болат Назарбаевпен қарым-қатынастарының жақсы болғанын айтты.
«Зәкеңде ол кісіге үнемі ағалық қамқорлығын көрсетіп, ақылын айтып жүретін. Негізі Бөкең (Болат Назарбаев-ред) саясаттың емес, бизнестің адамы. Түсіне білген адамға, ақша табудың өзі үлкен өнер. Ешқашан оңайлықпен ақша келмейді. Оған да бас керек, еңбек ету керек. Дұрыс жүріп-тұру керек деген сияқты. Бөкең сонын барлығын меңгере білген адам. Өзі қайырымдылықты көп жасайды. Балалар үйіндегі 100 баланы өзінің қамқорлығына алыпты. Үлкен меценат сияқты ғой. Ол қара басының қамы үшін жүрген адам емес»,-дейді Мақпал.
Ол сонымен қатар Болаттың өте жомарт жан екенін және қайырымдылықпен жиі айналысатынын атап өтті.
«Мырзалығы басым. Мен ол кісіні «мырза жігіт» деймін. Жан-жағындағы адамдардың барлығына үнемі көмектесіп жүреді. Оның отбасымен әлі араласып тұрамын. Үйіндегі бәйбішенің руы – арғын. Сондықтан «апам» деп айтамын. Дұшпан ретінде біздің сыйластығымызды басқаша көргісі келетіндер, басқаша түсінгісі келетіндер бар. Бірақ мен сол дұшпандықтың жібін үзгім келеді. Дұшпан болмай, дос болу керек»,- дейді Мақпал.
Еске салсақ, Мақпал Болат Назарбаевтың өзіне қымбат көлік сыйға тартып, қаржылай көмектесіп тұратынын айтқан.