Мақпал Жүнісова "төсекте шешінгіш" әнші қыздардың масқарасын шығарды
Халық әртісі Мақпал Жүнісова жартылай жалаңаштанып ел алдына шығатын әнші қыздарды сынға алды. Эстрада жұлдызы әріптестерінің ашық-шашық клиптерін шығара беретін арналарға да шүйлікті деп жазады "Хит-Тв" арнасының "Хедлайнер" бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
"Қазір бәрі төсекте жатып, шешініп тастайды. Құшақтасып, сүйісіп бітті. Бәрін көрсетіп болды. Бұл - ұят нәрсе. Мен мұны өнер деп санамаймын. Шешініп тастап, халықтың алдына шығу - өнер емес!
Халықты қаратқың келсе - әніңмен қарат! Ал мына жата салу, шешіне салу - әдетке айналып кетпесе болар", - дейді Мақпал Жүнісова.
Сондай-ақ, әнші мұндай клиптердің жаппай белең алуына отандық телеарналардың да кінәсі барын айтты.
"Оны неге телеарнадан береді? Мұны телеарналар қадағалау керек. Осындай клиптерді арналардан көріп, осылай түсіру керек екен деп түсінеді. Біз Қазақстан Республикасымыз. Біз бөлек мемлекетпіз! Өзіміздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, киім киісіміз бар. Осыған қарай бәрін қадағалау керек", - деді халық әртісі.