Марат Тоқашбаевтың кітабы жарық көрді
«Қазақстан Тәуелсіздігін көп адам ғайыптан түскен дүниедей көреді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы конституциялық Заң қабылданғанда халық қалаулылармен бірге мен де сол залда болдым, «Тәуелсіздік» деп тақырып қойып мақала жаздым. Жалпы, елімнің тәуелсіздігі – менің басты бақытым».
Осындай жүрекжарды сөздерін «Дәуір дүрсілі» деп аталатын кітабының тұсаукесерінде көрнекті жазушы, публицист Марат Тоқашбаев ортаға салды. Биыл алпысқа толған автор аталған кітабына өзінің осы уақытқа дейін әр кездері мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары, жолсапар очерктері, саяси шолуларын енгізіпті. Еліміздің көптеген белді басылымдары мен телеарналарында қызмет еткен жазушы еңбегіне замандастары, қалам мен микрофон иелері «Тәуелсіздігіміздің публицистикалық шежіресі» деп баға берді. Автордың бұл еңбегін жоғары бағалаушылардың арасында көрнекті жазушылар мен билік өкілдері де бар.
Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының төрағасы:
– Бұл кісі терең жазады, сосын мына әрбір оқиғаларға фактілерді көп жинайды. Сосын білесіз ғой, шығармашылық өз ойынан шығаратын көп кітаптар бар ғой. Мұны документалистикаға жақын болады деп айтуға болады.