"Марқұмның туыстарына кінәлі тараптан қысым болған немесе басқа жолмен ымыраға келген": Белгілі адвокат қолында Аягүл Мантайдың өліміне қатысты деректер бар екенін айтты
Әлеуметтік желіде Ляззат Ахатова есімді адвокат Аягүл Мантайдың өліміне қатысты істі туыстарының өзі соңына дейін жеткізбей, орта жолда бас тартқанын айтып ашынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Адвокат Аягүл Мантайдың өлімінен бір күн бұрын түнде өзіне хабарласқаны туралы айтты. Ляззат Ахатова Аягүл Мантай мен Сәуле Әбілдаханқызының арасындағы жанжалды желіге жариялаған көрінеді. Алайда жазбаны өшіруін сұрап, Аягүлдің атынан құбысы мен сіңлісі хабарласқан. Бірнеше рет хабарласқаннан кейін ғана постты алып тастағанын айтады адвокат.
“Соңғы рет маған телефон соққан екен. Түнде, қайтыс болардың алдында. Оның алдында мен журналист Сәуле Әбілдаханқызы мен Аягүлдің арасындағы дау туралы, анығы желідегі разборка туралы пост жаздым. Ойымда дәнеңе жоқ. Екі қыз туралы артық ештеңе айтқам жоқ. Басу айттым, бар - жоғы. Содан ертесіне маған жекеде Аягүлдің құрбысы Бану постымды алып тастауымды өтініп, жазыпты. Мен себебін сұрадым. Аяш солай сұранып жатыр, “Сәуле апай енді тынышталып еді, тағы шабуыл жасайды бұны оқыса” деді. Мен түк түсінбедім. Ол постта біреудің біреуге шабуыл жасайтындай ештеңе айтылмаған сияқты еді. Өмірден түңілген, жаны шырылдаған қыздың жазбасын көріп, менің де жаным шыдамаса керек. Әсіресе ортада скрин тасыған еркекке ызам келіп, өзгелерге сабақ болсын деген оймен жазғам. Ала алмаймын дедім. Осы әрекетімде біреуді суицидке итермелейтін нәрсе бар ма? Қалай ойлайсыздар? Содан соң, жекеге кірген жоқпын. Сол күні түнде біреу телефон соқты. Мен жатып қалған болатынмын. “Ертең хабарласыңыз” деп жазып жібердім. Одан соң, свет сөніп қалды да, нөмірін аңғара алмай қалдым. Телефон соққан Аягүл екен. Ертеңіне таңертең жекеге кірсем, “Мен Аягүлдің сіңлісімін. Постыңызды алып тастаңызшы, Аягүл сұранып жатыр”-депті. Алдында құрбысы сұранды, енді сіңлісі сұранып жатыр, дау-дамай туындап кетпесін, алып тастайын деп тез алып тастадым да, “жарайды” деп жазып жібердім”, – деп жазды ол.
Аягүлдің көз жұмғаны туралы адвокат кейіннен білгенін, постты өшіріп тастамағанына өкінгенін жазды. Тіпті ол қорғаушы Абзал Құспанға көмекке жүгініп хабарласқан.
“Концерт шамалы уақыттан соң, басталды. ”Сен неге постыңды алмайсың, Аяның атын пайдаланып, танымал болғың келді, анау-мынау”-деген айыптаулар адресіме жазылып жатыр. Аузым ашылды да қалды. Бір кезде “өлтіріп тындыңдар” депті. “Кімді?” деймін, көзім бақырайып. Өзім ауырып тұрғам, сол күні ” Аяшты” дейді. Шыны керек, эмоциямен айтып тұр деп ойладым. Түкке түсінбеген күйі, шаруалармен үйден шығып кеттім. Жол бойы әлгі сөздер есімнен кетпей қойды. Мүмкін емес деп ойладым, бірақ. Жаман ойдан аулақ болайыншы деп қанша тырыссам да, еңсем көтерілмей қойды. Бір кезде құрбысы Банудан келген “Аягүл қайтыс болды” деген хабарламаны оқыдым. Құлағым шыңылдап, көзім қарауытып, орындыққа әзер отырып, әлгі нөмірге сіңлісіне жаздым. “Мына ақпарат рас па?” деп сұрадым. Растады. Есеңгіредім де қалдым. Өзімді кінәлай бастадым. Неге сол посты құрғырды ала салмадым деп. Алайда, менің постымда скрин тасығыш еркектен басқа ешкімнің адресіне артық әңгіме айтылмап еді. Алланың атымен ант етем демеймін, немесе арым таза деп те ақталмаймын. Кінәлі адам ақталатын шығар, Алланы ауызға алып. Ал менің еш қатысым жоғын анық білем. Бірақ адам өліп жатқанда, адресіңе анандай сөздер айтылса, екі есе есеңгіреп қалады екенсің. Сол кезде Аягүлдің сіңлісі Тотыдан тағы хабарлама келіпті. Ол хабарламаны алғашқы постымның астына салдым. “Көмек беріңізші, Сәулені сотқа берем, әпкемді сол өлтірді” деп. Құлап қала жаздадым. Ақыры бастадым, аяғына дейін айтайын. Мен мең-зең күйде Абзал Құспан әріптесіме жаздым. “Әбеке, мынандай жағдай, не істерімді білмей тұрмын. Сәулені де танимын. Сіз менен гөрі жақырынырақ араласыз ғой, тоқтатсыншы өтініш”-дедім. Абзал да шок болды, жаманат хабарды естіп. Мен тек жылай берем. Затым әйел ғой, қанша дегенмен. “Эмоцияға көп беріліп кетесің. Біздерге (заңгерлерге) салқынқанды болу керек қой, сабыр сақта. Тыңдаса, айтып көрейін” деді Әбекең”, – дейді ол.
Алайда, Абзал Құспан оқиғаға кінәлілерді қоғағандардың қатарында болған. Сәуле Әбілдаханқызының Аягүл Мантайға жазғандарын оқып, таңқалған қорғаушы мұндай сөздерге кім болса да төтеп бере алмайтынын ашық жазды.
“Қадірменді “философ” жолдастар, Аяның өліміне бүкіл қоғамды кінәлаудың қажеті жоқ, жап-жас қыз жайдан - жай өзіне қол салған жоқтығын, мәселенің неден ушыққанын ел көріп отыр, бірнеше күннен бері оқып отыр. Басқа-басқа, әріптесім Абзал Құспан жүр екен, өлімге итермелеген адамды ақтап алушылардың ішінде. “Жарты күн зерттедім, олай айып тағатын ештеңе жоқ” депті. Әбеке, сізді қатты сыйлайтынымды білесіз. Мықты заңгерсіз, дауым жоқ. Азаматсыз. Сәуле ханыммен жақын достықтарыңызды да жақсы білемін. Мен білетін Сәуле ондай адам емес еді. Сөздерін оқып, менің денем түршігіп кетті. Тап осы жолы шындыққа тура қарауыңызды сұраймын. Тым болмаса, Ая қыздың аруағынан қорқайық, құрметті әріптес досым. Сізбен желіде сөз таластырып, айтысатын мақсатым жоқ, сізге ниетім түзу екенін білесіз. Бірақ, осы жолы кінәлі адамдарды жасырып-жабу арқылы, ақтап алу арқылы онсыз да қатыгез қоғамнан баз кешіп, өзіне қол жұмсаған қыздың аруағын қорламайық, сізден үлкен өтініш, Абзал! Кінәлі адам жазасын алу керек. Себебі әлеуметтік желіде аузына келгенін айту арқылы адамды өлімге дейін жеткізетін осындай тұлғалар бар. Олар кез келген адамның намысына тиіп, өмірден түңілдіретін жағдайға жеткізетінін көріп жүрміз. Басымыздан да өтті. Енді міне, кибербуллингтің нәтижесін де көрдік, бір адам өмірмен қоштасты. Жай адам емес, болашағынан үлкен үміт күттірген жас жазушы”, – деп жазды Ляззат Ахатова.
Бастапқыда Аягүл Мантайдың бауырлары істің соңына дейін барамыз деп қорғаушыдан көмек сұраған. Ляззат Ахатова істі алғанын, әділдікке қол жеткіземін деп жан-жақты оқиғаны зерттей бастағанын айтты.
“Қазір ғана Аяның бауырлары хабарласып, Аяшты жерлеп келгендерін, енді тергеу органы шақырып жатқанын айтты. Тергеушімен тел.арқылы сөйлестім. “Сіздер сонда материалдық, не моральдық шығын талап етпексіздер ме, түпкі мақсаттарыңыз не?” деген сұрақ қойды маған. Құрметті полиция лейтенанты, Асқар Әбдусапар мырза, мен бүгін ешкіммен “соғысуға” зауқым да, шамам да жоқ. Алайда сол сөзіңізбен - ақ, ниетіңізді білдіріп отырсыз. Аяның өлімі ақшамен өлшенбейді Халыққа ол қызды өлімге жеткізген нендей нәрсе, кім екенін түбегейлі зерттеп, анықтап беріңіздер. Іс қозғалғанын айттыңыз. Тергеуші Қылмыстық Кодекстің 105 -ші бабының 1-ші тармағымен, яғни өзін өзі өлтіруге итермелеу бабымен қылмыстық іс қозғалды деді. Ертең хабарламамды жіберіп, қаулы көшірмесін талап етермін”, – деп жазды ол.
Аягүлдің бауырлары өтініш білдіргенімен, бұл іске үлкен адамдардың қатысы бар екенін, кінәлінің өздеріне жала жабатынын уайымдап жатқанын да айтқан көрінеді.
“Сіңлісі Тоты телефон соқты. Аягүлді жерлеп келгендерін, өздерін тергеу органы шақырып жатқандарын, Сәуленің артында лауазымды тұлғалардың тұрғанын, үстінен арыз жазған күнде, мықтының арты диірмен тартады боп, істі қысқартып, кінәсіз етіп тапса, өзінің үстінен клеветамен іс қозғап жіберуден қорқатынын айтты. Тоты, егер олай қорықсаң, нейтралды показания бер, бауырымның өліміне кінәлі адамды анықтап беріңіздер дегеннен артық сөз айтпа. Оны мен өз мойныма алам. Сенің жіберген скриндеріңді дәлел ретінде тапсырам. Суицид жасалғанда, арызсыз - ақ іс қозғалуы тиіс. Қозғамаса, арызды мен-ақ жазайын. Соттасса, менімен соттассын, Аягүлдің аруағы риза болса болды. Сен қорықсаң, ештеңе жазба” дедім. “Әпке, сондай жағдай болса, сіз соңына дейін қорғайсыз ба?” деп сұрады Тоты. “Егер сендер соңына дейін барамыз, шындық үшін күресем десеңдер, мен сөзімде тұрам, Тоты. Қолдан келген көмекті аямаймын” дедім. Мен қазір телефонды ағама берейін деп, бір ер кісіге трубканы берді. Туыс ағасымын деді-ау, есімі есте қалмады. Ол да сол сұрақты қайталады. “Шымкентский вариант” боп кетпей ме деп сұрады. Болдырмау өз қолдарында екенін айтпаппын сол кезде. Айтуым керек еді”, – деп жазды Ляззат Ахатова.
Бастапқыда әділдік іздеп, соңына дейін барамыз деген туыстары артынша істен бас тартқан көрінеді. Қорғаушы туыстары ниет білдірмегеннен кейін, ешнәрсе істей алмайтынын айтты. Аягүл Мантайдың өліміне кінәлі адамды жазалауға кіріскен қорғаушыға бірнеше шенеунік хабарласып, істен бас тартуды сұраған.
“Күн өтпей, алдымнан өздері айтқан “шымкентский вариант” шықты. Кеше түнде “барлық скринді жариялай беріңіз, до конца күресеміз” деген марқұмның сіңлісі бағана “ештеңе жарияламаңызшы” деп шырпыныпты. “Пәленше анандай деп жазды, түгенше суицид ауру деп жазды, оның бәрі бізге ауыр тиіп жатыр” депті. Ауыр тисе, оларға сол сөздерді жаздыртып жатқан мен емес қой” дегім келді де, қайғы жұтып отыр ғой деп, үндемей, ешқандай хатты да, скриндерді де жарияламадым. Маған не керегі бар оның? Құдай соны сездіргендей, таңертеңнен бері жарияламағаныма шүкір. Маған бүгін үлкен лауазымда отырған екі-үш ағам телефон соқты..Бәрінің айтқаны-“өзі науқас қыз болған сияқты. Бұл іс абырой әпермейді, жалпы өзіне қол жұмсаған адам - Алланың әміріне қарсы келген адам, ал ондай адамның өліміне араша болудың өзі де Алланың әміріне қарсы келу” деген сарында әңгіме айтқанда, әлгі кісілерді сондай жек көріп тұрдым. ”Қандай қатыгез адамдар?” деп ойладым. Ал мен интернет-травля, яғни кибербуллинг туралы мәселені сөз етіп, оған қоғам болып тоқтау салмасақ, арты бұдан да үлкен өкініштерге апаратынын қызу дәлелдеп кеттім”, – деп жазды ол.
Қолында Аягүл Мантай мен Сәуле Әбілдаханқызының сөйлескені туралы, Аягүлдің тарапына қандай ауыр сөздер айтылғаны туралы ақпараттар бар қорғаушы, істі осы жерден тоқтатқанын, туыстары істі соңына дейін жеткізбегенін, кінәлі тарап пен туыстарының арасында келісім болғанын алға тартты.
“Секіріп” жатқан мен емес, марқұмның туыстары. Жаңа әзірде Аягүлдің құрбысы Бану пост жазды. Ол жерде ешқандай заңгерден көмек сұрамағандарын, ешкіммен соттаспайтындарын, ешқайда арыз жазбағандарын атап көрсетіпті. Не себеп болғаны белгісіз. Енді осы жерде өз ойымды айтайын, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Не марқұмның туыстарына кінәлі тараптан қысым болған немесе басқа жолмен ымыраға келген. Басқа вариант көріп тұрғам жоқ. Шынымен аруақты шулатқысы келмесе, айдалада тыныш жүрген мені сонша мазалап несі бар? Скриндер менде әлі тұр. Көмек сұрағаны, басқа да сөздері. Біз заңгерлер, дәлелсіз сөйлемейміз. Бірақ оларды мұнда салып, бықсытқым жоқ. Құбылған адамдардан шаршадым, шын айтсам егер тағы солай елге өздерін ақтап алу үшін немесе басқа жағдайда жаңағыдай өтірік ақпар берсе, түгел салам”, – деп жазды ол.
Еске салсақ, жас жазушы Аягүл Мантай белгісіз жағдайда көз жұмды. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Аягүл Мантай – Ресей халықтар достығы университетінде оқыды. 2009 жылы "Жалын" баспасынан "Жаңбырлы көктем" атты әңгімелер жинағы жарық көрген. "Жүрекке оралу" кітабының авторы. "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша президент стипендиясының иегері атанды.