Мәскеулік қазақ ақыны – Алматыда
Қараша айының 10-ы күні Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Халықаралық «Алаш» және А.Фадеев атындағы сыйлықтардың лауреаты, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі ақын, сазгер Тұрсынай Оразбаеваның «Ән-жырым саған, туған ел» атты өнер кеші өтеді.
Ұзақ жылдардан бері Мәскеуде тұратын қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі Тұрсынай Оразбаеваның бұл шығармашылық кеші Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілмек. Ресейлік әдеби ортаға да есімі етене таныс ақын жеке шығармашылық кешін өткізіп, өз оқырмандарына жаңа ән-жырларын тарту ету үшін Алматыға арнайы келген.
Тұрсынай Оразбаева 1950 жылы 19 ақпанда еліміздің оңтүстік өңіріндегі Сайрам ауданына қарасты «Қайнарбұлақ» ауылында туған. Еңбек жолын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы Облыстық қазақ драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. Облыстық радио комитетінде және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып істеген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Кейін Қазақ радиосының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында редактор болған, Мәскеуде жоғары әдебиет курсында оқыған. 1997 жылдан осы уақытқа дейін Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші қызметін атқарып келеді. Бүгінде он шақты кітаптың авторы атанған ақынның әр жылдары жарық көрген «Таң шапағы», «Іңкәр жүрек әуені», «Гүлсезім» сынды жинақтары оқырманынан өз бағасын алған.
Жыр кешіне ақынның замандас қаламдастары мен оқырмандары қатыспақ.
Автордың ән-жырларын елімізге белгілі Сауық Жақанова, Ұлжан Айнақұлова, Байғали Есеналиев, Заурехан Құмарбекова, Абылайхан Оспанов, Әсем Айнақұлова, Ләззат Тиышбекқызы, Ерхан Алданазаров, Нұрғайша Ибаділдаева, Еркін Мәуленұлы т.б. әншілер мен әртістер орындайды. Басталуы сағат – 18:30-да. Келем деушілерге есік ашық.