Махамбет мұрасына барлау
Елімізде біраз жылдан бері қазақ руханиятының ірі өкілдері атындағы түрлі әдеби оқулар ұйымдастырылып келеді. Абай, Шәкәрім, Мағжан, Мұқағали оқулары аясында өтетін мұндай шаралар әсіресе жас ұрпақтың санасын өсіріп, білімдерін шыңдауға мол мүмкіндіктер туғызуда. Бұл сонымен қатар ұлт әдебиетіне қызмет еткен тұлғалардың еңбектерін кеңінен насихаттауға жол ашып отыратын игілікті іс болып саналады. Осындай игі бастаманың заңды жалғасы ретінде жақында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Махамбет оқулары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Әдеби-танымдық сипатта өрбіген бұл жиынға белгілі тарихшы-ғалымдар, қаламгерлер қатысып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Махамбет мұрасын зерттеген тарих ғылымының кандидаты, профессор Исатай Кенжәлиевтің пікірінше, батыр әрі ұлы ақынның өмірі мен өлеңін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, оны насихаттау ісін әлі де тереңдете түсу керек.
Қазіргі ұрпақ Махамбеттің керемет күйші болғанын да біле бастады. Бүгінде өнер жұлдыздары орындап жүрген күйлер – соның дәлелі. Жиынға қатысқан ғалымдар Махамбеттің күреске толы ғұмыры мен шығармашылығының бүгінде толыққанды зерттелініп, сарапталмағандығын айтып отыр. Сондықтан да Махамбет шығармашылығын ғылыми негізде қарастыруды қолға алған ізденушілер батырдың өміріне қатысты қамтылмай жатқан тұстарына аса мән беруі керек екендігі ескерілді. Махамбет тұлғасына байланысты тың деректер Орынбор, Астрахань, Қазан, Санкт-Петербор қалаларындағы архивтерден кездесуі мүмкін деген де жорамалдар айтылды. Жыл өткен сайын қанатын кеңге жая бастаған бұл шара осымен үшінші рет өткізіліп отыр.