Мектеп жасындағылардың 50-60 пайызы жыныстық қатынасқа түседі – блогер
Дархан Жолшыбеков есімді блогер әлеуметтік желідегі жұртқа жақсы таныс. Ол кезекті сұхбатының бірінде оқушылардың жыныстық қатынасқа бейім екенін ашық айтқан, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Дархан Жолшыбеков Тараз өңірінің тумасы. Танымал блогердің Instagram-ға жүктеген әрбір постын 2 миллионнан астам адам оқиды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мектеп жасындағылардың басым бөлігі жыныстық қатынасқа түседі екен.
instagram.com/darhanzholshybekov
"Мектепте жыныстық қатынас бар. Дәл қазір кем дегенде 50-60 пайыз. Мен оқып жүрген кезде одан аз болатын. Мен көп қала аралаймын, көп адаммен араласамын және көп көремін деп айта аламын. Мен үшін мұндай тақырыпты ашып айту қиын болып тұр, бірақ барды бар деп айтайын", — дейді танымал блогер.
Жабық тақырыптағы ашық әңгімені естіген ата-аналар бірден дабыл қағып, түрлі пікір жазып жатыр. Олардың бір тобы блогерді балағаттаса, екінші легі мектепте мұндай мәселенің барын мойындап отыр.
"Масқара ғой. Рас болса мұғалімдер қайда қарап отыр?", "Қаланың мектептері шығар, ауылда жоқ. Ауызым бар екен деп сөйлей бермеңдер", "Бұл рас нәрсе, өкінішке қарай", "Мектептегі қыздарды жылына бір рет гинекологқа көрсетіп тұру керек", — деп жазды желідегі жұрт.