"Мемлекет әртістерге жағдай жасасын": Әншілер Ақтоты Райымқұлованың фонограмма туралы ұсынысына өре түрегелді
Күні кеше мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әншілердің "тәртібіне қатысты" заңнамаға өзгеріс пен толықтырулар енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер бойынша концерттер мен түсірілімдерге келмесе, кешіксе және әдепсіз қылық танытып киінсе, репертуарына анайы сөздер қосса, әкімшілік жазаға тартылатын болады. Бұған әншілердің қалай қарайды? Stan.kz тілшісі эстрадамыздың бірқатар жұлдыздарымен тілдесіп, жауабын тыңдады.
Келісілген концерттерге әншілердің кешігіп келуінде өзіндік себептері болады деген Сейфуллин Жолбарыс ұйымдастырушылардан да қателік кететінін айтады. Ал өзі айтқан уақыттан кешікпеуге барынша тырысамын дейді.
"Жалғыз әншілер емес, өмірде кім болса да жазаланады. Ал келісілген концерттерге бағдарламаға кешігіп келу немесе мүлдем бара алмай қалу деген әншілер арасында болып қалатын жағдай. Кейде ауырып қалады. Ақылы концерттерге келе алмай қалған жағдайда айыппұл салынса, төлеуге дайынмын. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Кейбір ұйымдастырушылар концертке сегізде кел деп айтады, уақытында барасың, он-он бірге дейін сандалтып қояды. Ол енді ұйымдастырушылар тарапынан кететін қателік. Кейде әнші барғысы келмеген соң емес, түрлі сыртқы факторлар әсер етеді. Ауырып қалуы, ұшағы кешігіп, екінші қалаға жете алмай қалуы мүмкін. Оған ауа райы да кедергі болуы мүмкін. Осындай олқылықтарға байланысты ұсынылып жатқан заң шығар. Бұл таңғалатын заң емес. Ол бұрынан бар нәрсе", - дейді әнші Сейфуллин Жолбарыс.
Әншінің сөзінше, концерттерге байланысты заңды қатаңдатып жатқанымен, отандық өнерпаздар көп концерт бермейді де.
"Кім концертке шығып жатыр, бәрлығы тойда жүреді. Қазір ол той да жоқ. Ал тойдағы мәселелерге араласа алмайды деп ойлаймын. Өйткені, той иесі мен әнші арасында жүретін келісім. Келісілген ақшасы төленген концерттерде мәселе шықса айыппұл төлеуі керек. Өзім кешікпей, дәл уақытымен барамын деп айта алмаймын. Дегенмен, кешікпеуге тырысамын", - дейді ол.
Әнші Сейфуллин Жолбарыс егер келісім болған жерде өзінен кеткен қателік болса, айыппұл төлеуге дайын екенін жеткізді.
"Жігіттер" тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов те "Уәдеге берік болып, айтқан сөзінде тұру - адамның тікелей өзіне байланысты. Бұл ұсыныс өзгелерге сабақ болатына сенімдімін", - деп мәдениет министрінің ұсынысына қолдау білдірді.
Оның сөзіне сенсек, мұндай қатал талаптар кейбір "жұлдыз ауруына" шалдыққан әншілерге тұсау болады екен. Ойынша, бұл өскелең ұрпақтың санасына жауапкершілік қағидаттарын сіңіріп өсуге үлесін қосады.
"Жұлдыз ауруы" , "Мен бармасам, түсірілім болмайды" деген сезімде жүретін әнішлер бар. Бір-екі әндері хит болып қалса, онсыз түсірілім өтпейтіндей көрінеді. Сондықтан өнерде жүрген іні-бауырларға жақсы сабақ болады. Келешек балаларымыз сахнаға шығып ән орындап жатса, тәртіп ретінде қабылдап, санасына сіңіріп өседі. Жауапкершілікпен қарайтын болады", - дейді ол.
Бағлан Әбдірайымов жауапкершілігі аз өнер иелеріне жазасын бұдан да қатаңдату керек деген пікірде. Оның пайымынша, әдепсіз киініп, анайы сөздер айтатын әншілерді таяқпен "тәрбиелеу" керек.
"Ал боғауыз сөз араласқан ән айтып, әдепсіз киінетіндерге қазіргі ұсыныс аздық етеді. Оларды сабау керек. Ондай әрекетке өзінің атын шығару үшін жасап жатқан шығар. Бірақ жеке басы үшін осылай арзыздыққа барып, телеэкранның ар жағында отырған жастардың психологиясын бұзады. Әндерінде анайы сөздерді қолданып, әдепсіз киінетіндер санасыз болған соң сондай әрекетке барады", - деп кесіп айтты әнші.
Бұл сөзіне әріптестеріңіз ренжіп жүрмейді ме деп нақтылағанымызда "қазір адамдар қорыққаннан сыйлайды" деп қайтарды.
Естеріңізге сала кетсек, күні кеше мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: "Концертінде фонограмма қолданатын болса, билет алып отырған халықты алдамай құлаққағыс етіп жазсын. Халық содан кейін ол концертке бара ма, бармай ма өзі шешеді. Егер фонограммамен айтатын болса, халық та ақшасын көшірмеден өткізіп төлесін" деп әзіл-шыны аралас айтқан болатын.
Бұл сөзге әнші Меруерт Түсіпбаеваның айтар уәжі бар.
"Күні кеше халық әртісі Мақпал Жүнісова апай екеуміз осы заңнамаға қатысты, жалпы мәжіліс спикерінің сөзіне байланысты мәселені талқыладық. Мақпал апай әншінің өз дауысын көрсетіп, тірі дауыста айтуы үшін жағдай жасалмағанын айтып күйінеді. Толықтай келісемін. Нығматулин мырза, өз ісінің һас шебері, оның жасап жатқан істеріне құрметім жоғары. Бірақ менің мемлекеттік басқарудан, заңнама жасаудан хабарым жоқ сияқты, Нығматулиннің де әншіліктен хабары жоқ. Ол кісі мәселенің бетін ғана көріп, келте пішіп тұр. Толыққанды зерттеп, тереңіне үңілмеген адамға олай айту оңай. Мәселенің түп-төркіні қайда жатыр? Әншілер не үшін фонограммамен айтып кетті? Міне осы сұрақтарға жауап берген кезде ғана әңгіменің қайда жатқанын аңғаруға болады", - дейді Түсіпбаева.
Қайда жүрсе жұрт назарында жүретін әншілердің де мәселесі көп екенін айтқан Меруерт Түсіпбаева олардың бірқатарын атап өтті.
"Республика сарайында "тірі дауыста" ән айтуға жағдай жоқ. Тіпті, минуспен айтқан күннің өзінде ол жердегі аппартура сәйкес келмейді. Әншінің дауыс ерекшеліктерін көрсету үшін техника керек. Әртістерге мемлекет жағдай жасасын. Тойға шығады деп айтады. Әншілер тойға шықпаса, аштан өлетін еді. Өйткені мемлекет әртістерге жағдай жасап отырған жоқ. Жағдайын жасап, сонда да фонограммамен айтуын қоймаса, ондай әншілерді сахнадан қусын. Мен оған дайынмын", - деген ол заң шығармас бұрын сол мәселеге терең үңіліп қарау керегін айтады.
Ал мәдениетке жауапты тұтас саланың басшылығы мен мәжіліс спикері ұсынған заң қабылдана ма, қабылданбай ма - бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Бір белгілісі, біздің өнерпаздар оны қуана қарсы ала қоймады.