Мемлекеттік тілдің мүддесі үшін қызмет етер заң да, жан да болмағаны ма?
Естеріңізде болса, «Алаш айнасы» мен «Бауыржан» қоры мемлекеттік тілдегі жарнамалардың сауатын ашу мақсатында «Намысың болса – жарнамаңды түзе!» атты республикалық акция жариялаған болатын. Қазіргі таңда редакциямызға бірнеше хат пен суреттер келіп түсті. Тіпті заңгерлердің өзі «бұл мәселені заңға өзгерту енгізуден бастау керек» деген ұсыныс айтып отыр.
Шынында да, қазіргі қазақ тіліндегі жарнамаларды түсіну мүмкін болмай барады. Тек орыс тіліндегі нұсқасын оқығаннан кейін ғана айтылмақ ойдың түп-төркініне жетуді көпшілік үйреншікті жағдайға айналдырған. Бір мысал келтірейік, жұмсақ жиһаз сататын орынның маңдайшасында «кәмелетке тырыс!» деген жазу тұр. Сөйтсек, орысшасы – «стремись к совершенству!» екен. Мұндай жарнама тек көшелердегі билбордтарда ғана емес, радио, телеарналардағы жарнамалық роликтерде де жетерлік. Елімізде тіл туралы заң да, талап та бар. Мысалы, ҚР Конституциясының 7-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» делінген. Бірақ жарнамалау ісіне жауапты органдардың қазақ тіліндегі жарнамалардың сауатсыздығына немқұрайды қарауын тілді дамытуға туғызған қамқорлығы емес, қорлығы деп тануға болатын сияқты. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi. Десек те, міндеті екенін біле тұра мемлекеттік тілдің мәртебесіне нұқсан келтіріп жүргендер аз емес.
Заңгерлердің айтуынша, біздің елдегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де өзгерту енгізу керек. Себебі аталған Кодекстің «Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық» деп аталатын 81-бабында: «Лауазымды адамның «тiл бiлмеймiн» деген сылтаумен құжаттарды, сауал салуды, өтiнiштердi немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы, оннан жиырмаға дейiнгi АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген. Ал мамандар бұл заңға мынадай түсіндірме беріп отыр.
Мырзабек Бекберді, заңгер:
– Бұл баптың санкциясы өте тар және мемлекеттік тілдің қолдану аясында туындаған өзге қоғамдық қатынастарды реттей алмайды. Мәселен, бұл тек бір жағдайды ғана реттейді, ол – егер азамат қазақ тілінде өтініш берген кезде лауазымды тұлға (кез келген мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеменің бастығы) «бұл тілді білмеймін» деп өтінішті қарамауы немесе оны қабылдаудан бас тартуы. Қалған жағдайларда, мысалы: қазақ тілінде жазылған жарнамалар, аудармалар, олардың сапасы, сауаты, хабарландырулар, телеарнадағы қазақ тілінде бағдарламаларды көрсету уақыты, қазақ тілінде берген өтінішке орыс тілінде жауап беру т.б. көптеген мәселелерге ҚР-ның ешбір заңы қауқарлы емес, яғни мәжбүрлеу күші бар бірде-бір бап жоқ.
Заңға өзгерту енгізуге қатысты ойларын білмек мақсатта Мәжіліс депутаттарына хабарластық. Бір қызығы, депутаттар да «Тіл туралы» Заңға мемлекеттік тілдің сауаттылығы жайында өзгерту енгізіп, талапты күшейту керек деп есептейді. Бірақ оларды құптайтындардың аз болғаны жаңа заң жобасын әзірлеуде қолбайлау болып отырған көрінеді. Айтуларынша, қазір қазақ тілінде жарнама жасайтындар тұрмақ, заңды әзірлейтіндердің өзі тапшы. Ал заңдағы өзгеріс тек Тіл комитеті орнынан қозғалғанда ғана енгізілуі мүмкін.
Жамбыл Ахметбеков, Мәжіліс депутаты:
– Заң жобасы болсын, жарнама болсын алдымен орыс тілінде дайындалғаннан кейін, әрине, қазақы ой қайдан берілсін. Заң да қулықпен құрастырылған. Барлық жерде орыс тілі мемлекеттік тілмен теңдей қолданылады дегеннен кейін не заңбұзушылық, не құқық бұзушылық ретінде қаралмайды. Мемлекеттік тілді білмегендер орнынан кетсін деп тағы айта алмаймыз. Ал «Тіл туралы» Заңды өзгерту үшін Тіл комитеттерінің ұсынысы қажет. Егер қазақ тілінің сауаттылығын талап ететін қоғамдық пікір мен тілдің дамуын қадағалап отырған органдар да орындарынан қозғалатын болса, әрине, бұл мақсатқа қол жеткізуге әбден болады.
Депутат мырзаның сөзінен кейін Тілдерді дамыту басқармасына хабарластық. Жалпы, айтпаса да белгілі емес пе, мемлекеттік қызметкерлер «заңдағы өзгерісте шаруам жоқ, бар заңның талабын орындау ғана міндетіміз» деп отыр.
Мамай Ахетов, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы:
– Жарнаманың өзі – ақынның өлең жазғанындай дәрежеге ие үдеріс. Шығарма қазақ тілінде тууы керек. Аударма қалай болған күнде де ойды толықтай жеткізе алмайды. Демек, бұл жердегі мәселе нағыз мамандардың, оның ішінде қазақтілді мамандардың жоқтығында болып тұр. Ал, жалпы, мен жергілікті атқарушы орган өкілімін, заңның мәселесіне түсініктеме бере алмаймын. Тек шыққан заңды мемлекеттік қызметкер ретінде орындауға тиістімін. Ол мәселемен айналысатын Парламент бар.
Р.S.
Осылайша мемлекеттік тілдің және мемлекеттік тілде әзірленетін жарнамалық өнімдердің сапасына қатысты мәселе доп сияқты әрі де, бері де домалап, тепкіге түсті. Біз БАҚ өкілдері ретінде қазіргі қазақтілді жарнамалардың сауатты болуын қалаймыз. Себебі көрнекі ақпараттың өзі мемлекеттік тілді дамытудың бір жолы емес пе?!