Мемлекеттік хор капелласы орыс музыкасының кешіне шақырады
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы «Орыс хор музыкасының кештері» аталатын бағдарламаға шақырады. Үш концерттен тұратын кештің алғашқысы орыстың атақты композиторы, пианист Сергей Иванович Танеев шығармашылығына арналады.
Хор музыкасы кеші ақпанның 8-і күні Үлкен залда сағат 18.30-да басталады. Бағдарламада С.И.Танеевтің орыс поэзиясының көрнекті өкілдерінің шығармаларына жазған музыкасы орындалады. Айталық, бұл күні А.А.Феттің «Серенада», «Түнгі Венеция», М.Ю.Лермонтовтың «Қарағай», Я.П.Полонскийдің «Қарашы, қандай түнек», «Бейітте», «Кеш», «Бүркітке ұя болған мұнара үйіндісіне», А.С.Пушкиннің «Қазбектегі монастырь», «Адельге», К.Д.Бальмонттың «Тыныштық», «Елестер», Ф.И.Тютчевтің «Күншығыс», «Альпі» өлеңдеріне жазылған композициялар орындалады. Б.Байқадамов атындағы хор капелласы – халықаралық, бүкілодақтық фестивальдардың лауреаты, әлем бойынша табысты өнер көрсетіп жүрген ұжым. Орыстың хор музыкасына арналған бағдарламаның алғашқы концертіне әлем мойындаған таланттар қатысады. Бас дирижер – капелланың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов. Сонымен бірге дирижер Әсет Ахметов, хормейстерлер Ян Рудковский, Арайлым Салдарова, концертмейстер Алма Қапсадықовалар өнер көрсетеді. Жамбыл атындағы филармония ақпанның 14-і күні де классикалық музыка кешіне шақырып отыр. Бұл күні әлем композиторларының романтика тақырыбына арналған шығармалары орындалады. Солистер – скрипкашы Әмір Бейсенғалиев пен пианист Ақмарал Қажығалиева.