«Мен әлі жарқ етемін... Ант етемін!..»
«Мен сыйға тартқан орамал» әнімен ә дегеннен-ақ тыңдарман қауымды елең еткізген Роза Әлқожа, өзі айтпақшы, өнерге үлкен тәуекелмен келді. Қалталы демеушісі, не бір ықпалды сүйеніші жоқ қаршадай қыз ең әуелі бір Аллаға, сосын өзінің туа біткен дарыны мен өнерге деген шексіз сүйіспеншілігіне ғана сенді. Әйтпесе музыкаға арнайы маманданбаған, не әншіліктің, не композиторлықтың мән-жайынан хабарсыз адамның жасы 20-ға жуықтағанда ән жазып, кәсіби сахнаға көтерілуі және кілең жүйріктердің ортасынан ойып орын алуы өте сирек жағдай.
Әрине, Роза бүгінгі биігіне бір күнде жеткен жоқ. Бұл – балауса жастың бойында жылдар бойы бұғып келген таланттың әбден қайнауы жетіп барып бүр жаруы және осы жолдағы үлкен ізденісінің нәтижесі. Бір анығы, білім тек қана оқумен келмейді. Кітаптың сыртындағы таным әлдеқайда кең әрі шексіз. Оны меңгеру үшін адамға көкірек көзі керек. Роза – көкірек көзі өткір, зерделі жан: ақын, композитор, әнші. Сол себепті де оның өзіндік ой-арманы, сезімі, өмірге көзқарасы, адамдық ұстанымы ән-әуендерінен әдемі сипатта төгіліп, тыңдарман жүрегіне жетіп жатады. Роза өзі ән жазса да, өзгенің әнін орындаса да, елге ұсынар әрбір дүниесіне үлкен талғаммен, жауапкершілікпен қарайды. Әнші-композитордың «Сағындым сені», «Жібектің елі», «Ол көктем ораламайды», «Іздемейсің», «Ару қалам – Астанам», «Ардағымсың», «Мына өмір ғажап қандай!», «Ертістің жағалауында» тәрізді басқа да көптеген туындыларының ел арасында ерекше танымал болуының бір сыры да осында.
Розаның ерекше дарынын өнердегі аға буын мен әріптестері де бүгінде жоғары бағалап жүр. Мәселен, Розаның бірнеше әндеріне сөз жазған белгілі ақын Қасымхан Бегманов өзінің бір сөзінде: «Розаның әндерінде кешегі Шәмші, бүгінгі Ілия Жақанов ағаларымызға тән вальстік ырғақ бар. Розаның әндерінен басқа сазгерлердің ешқайсысына ұқсамайтын көзге көрінбес бір мұң, сарқылмайтын сағыныш сезіледі. Оның екі-үш минуттық қысқа әнін тыңдағанда керемет бір қойылым көргендей немесе бір роман оқығандай әсер аласыз», – десе, танымал театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Розаның қай әні болса да, сөзі анық, ырғақтары әсем, содан болар, құлақтан кіріп, жүректен орын алады. Роза сияқты әншілер көп болса, онда қазақ эстрадасының көкжиегі кеңейері даусыз», – дегені бар.
Шығармашылығына шындап ден қойып, әнді өндіре жазып, мәртебелі сахналардан жарқырай көрініп жүрген Роза соңғы екі-үш жыл көлемінде Алматыда, Астанада бірнеше рет есеп беру концертін берді. Мұның сыртында еліміздің батыс, шығыс өңірлерін, облыс, аудандарды аралап, өнер көрсетіп қайтты, «Ән салшы, Роза», «Мен сыйға тартқан орамал», «Жүрек назы» атты альбомдарының тұсауын кесті. Бір анығы, Розаның әндері өзі үшін ғана жазылатын шығармалар емес, әріптестерінің де үлкен сұранысына ие дүниелер. Яғни оның туындыларын өнердегі достары Еркін Нұржанов, Ақбота Керімбекова, Баян Нұрмышева, Ләззат Жанаманова, Әлия Үмбетова сынды өнерпаздар мен «МузАрт» тобы да орындап жүр. Сол сияқты, Фариза Оңғарсынова, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Гүлнар Салықбай, Қасымхан Бегманов секілді белгілі қаламгерлермен және Ақмарал Ілеубаева, Бауыржан Әлқожа, Бақытгүл Бабаш, Роза Сейілхан тәрізді қаламдас құрбы-құрдастарымен де Роза тығыз шығармашылық байланыста.
Әнін шығара білгенімен, сөзін екшей алмайтын немесе, керісінше, сөзін дұрыс таңдағанымен, әуенін үйлестіре алмайтын композиторлар жоқ емес. Розаның бір артықшылығы, ол сөздің де, саздың да қадірін біледі, екеуінің де қасиетін бала жасынан құлағына құйып, зердесіне сіңіріп өскен. Бойында ата-бабасынан дарып, қанмен келген бір бекзаттық, тектілік бар. Розаны даралайтын тағы бір ерекше қасиет, ол – мінез. Қараңызшы:
Мен әлі тірілемін,
Бұрымды сілкіп тастап.
Өкініш парақтарын
кеудемнен жыртып тастап.
Сол кезде дұшпандарым
Сесімнен үркіп қашпақ.
Мен әлі көрсетемін
Үміттің өлмейтінін,
Бар жұлдыз сөнбейтінін.
Бір Аллам берген қуат
Бұғауға көнбейтінін.
Мен әлі жарқ етемін,
Ант етемін! – деген сөздердің ар жағында қаншама өрлік, бәлкім, ерлік жатыр. Демек, өзі айтпақшы, Розаның жарқ етер сәті әлі де алда. Ал әзірге...
Елінің ерке қызы Роза Әлқожа 14 желтоқсанда Алматыда Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шығармашылық концертін береді. Екі уақытқа, яғни күндізгі сағат 16:00 мен кешкі сағат 19:00-ге белгіленіп отырған бұл өнер кешіне әнші-композитордың Заттыбек Көпбосынов, Еркін Нұржанов, Хадиша Сейітова, Бақытгүл Алшын, Әбдіжаппар Әлқожа сынды әріптестері қатысады. «Ақ жаңбыр», «Айдыным», «Сүйемін мен сені» сынды басқа да бірқатар жаңа әндерінің тұсауы кесіледі. Сөйтіп, талантты әнші-композитор өзінің жыл бойғы шығармашылық ізденісін осындай әдемі концертпен қорытындыламақ. Ендеше, ән кешінде кездесейік, ағайын!