Мен атеистпін. Атеист күнделігінен
Құдайға сенбеу, Оның ойдан шығарылғанына ғылыми негіздер арқылы дәлелдер келтіру атеизмнің еншісінде. Бұл кешегі КСРО заманында арнайы ғылым ретінде мектептерде, жоғарғы оқу орындарда оқытылды. Ал, қазір атеисттер арнайы дәріссіз-ақ арамызда қаптап жүр. Сөзіме тұздық ретінде бүгін сіздерге атеист досымның күнделігінен үзінділер ұсынбақпын...
Атеист күнделігінен
Ал, Құдай! Бала кезімде аш-жалаңаш жатып сенен бір үзім нан сұрағанда қайда едің? Сені аузынан тастамайтын әкем сенің жолыңда болса неге анам екеумізді ең қиын шақта тастап кетті. Сорлы анам да Сені аузынан тастамайтын. Безгек шалып өлесі хәлде жатқанда Сен қайда едің? Ол өліп бара жатқанда ше? Қарғыс атсын бәрін!!
11 қазан 2006 жыл
«Дүниені бірден-бір дұрыс, ғылыми жолмен түсіндіретін философиялық ізденістер діннің бір кезде болмағанын және оның алдағы уақытта біржола құритын тарихи категория екенін дәлелдеп берді. Діннің шығуы, оның ертедегі адамдар санасында қалыптасуы қандай заңды болса, ой-өрісі кеңіген қазіргі адамдар санасынан бірте-бірте жойылуы да сондай заңды. Жаңа ізденістер дін атаулының шығу негізін қауымдық құрылыс адамдарының өмір сүру жағдайларынан, ал оның күшеюін немесе әлсіреуін қоғам дамуының бағыты мен дәрежесінен іздеуді үйретеді.
Ертедегі адамдар өздерінің тіршілік етуіне қолайлы немесе қолайсыз жағдайлардың объективтік сырларын ұға алмады. Молшылық, аштық, жылылық, суықтық, денсаулық, ауыру, найзағай, нөсер, күннің күркіреуі, табиғаттың тағы да басқа сан алуан ғажап құбылыстары, әсіресе, тірі адамның өліп, жансыз затқа айналуы – міне, осының бәрі сол кездегі адамдардың ақыл-ойында белгілі бір құдіреттің, адамдар қабілетінен күшті нәрсенің ісі деп топшыланды...»
Жақсы, тілім ғылымиланып келеді. Сауатсыздық мені уағыздаушылардан қашырады. Сол себеп, сөйлеу мәнерін әрі жазу тәсілдерін де жетік меңгеруім ләзім...
19 қараша 2006 жыл
Біздің елдің діни нанымы бойынша адамзаттың көбеюі Адам мен Хауадан бастау алады. Абыл өз сыңарымен, Қабыл өз сыңарымен туыпты-мыс. Абылдың қарындасын Қабыл, Қабылдың қарындасын Абыл жар еткен. Төртеуі де бір құрсақтан шыққанын тағы растайды өздері. Адамзат дамуының эволюциясына негізделген ғылымдардың тұжырымы да осыған саяды. Демек, инцесттік қатынасқа жер бетіне түсе салып барған болды ғой?! Діни тазалық қайда қалды сонда? Мораль не?
6 желтоқсан 2006 жыл
Құдайға сену жоқ жерде күнә жайлы ұғым да жоқ. Анамның ажал құшып бара жатып тілеген тілектеріне пысқырмаған Құдайдыкі күнә емес пе? Бәрін өздеріне лайықтап адамзат ойлап тапқан. Масайып қалдым, анашым...
31 желтоқсан 2006 жыл
Жантөре Әнуарбеков,
«Алаш айнасы»