Мен есер әннен аулақпын...

Мен есер әннен аулақпын...

Кентау НАЗАРБЕК, композитор:

– Сіздің атыңыз елге белгілі болға­ны­мен, өзіңіз көпшілік алдында көріне бер­мейсіз. Жақында шығармашылық кеші­ңізді Астанада жоспарлапсыз. Мұның да өзіндік себебі бар шығар...
– 25 жылға жуық уақыт ішінде қандай қыз­мет атқарсам да, шығармашылық жұмыс­тан бір елі ажыраған емеспін. Ән­дерім елге танымал әншілердің орындауы арқасында жұртшылықтың жүрегіне жетіп, өнерсүйер қауымның бағасын алды деп ой­лаймын. Осыған дейін Семей, Тал­ды­қор­ған өңірлерінде тұрып, қызмет атқар­ған уақытта өнер жанашырларының ұйыт­қы болуымен жеке шығармашылық кештерім өтті. Талғамы жоғары әнсүйер қауым бұған өз бағасын да беріп жатыр. Елордаға қоныс аударғалы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков ағамыз әндеріме ұдайы қолдау көрсетіп келеді. «Уақытын орай­лас­ты­рып, Астана төрінде шығармашылық кешін­ді өткізем десең, біз қашанда қол­дауға әзірміз» деп ағалық жанашырлығын көрсеткен еді. Ойлана келе, құс қайтар уақыт­тың соңында өнерсүйер қауым ал­дына есеп беріп, әндерімнің бағын сынап көрейін деп шештім.
Жалпы, мен есер әннен аулақ адаммын. Сондықтан туындыларым қазақы сарынға жақын. Ұлт өнерінің көсегесін көгертейік деп жүрген көп қазақтың бірімін ғой. Сон­дықтан да кештің атын «Мен қазақпын» деп атауды жөн көрдік. Бұл кештің мақсаты – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығар­ма­шылығымды қорытып, елімізге белгілі адамдар алдында әндерімді тыңдатып, зиялы қауымнан бата алсам деген ниет.
– Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіманов сын­ды орындаушылар сіздің әніңіз туралы үнемі жылы пікір айтып, үлкен сахнада жиі орындап жүр. Әнді әнші­ге өзіңіз ұсынасыз ба әлде қолқа салып сізге арнайы жаздыра ма?
– Айтсаң да айт, айтпасанда айт деген ұста­ным жоқ менде. Өнерде жүрген бауыр­ларым мен қарындастарым әнде­рім­ді ұнатып айтып, үлкен сахналарда шыр­қап жүр. Оған шүкіршілік етемін. Әнші­лер жан қалауымен таңдап, орындап жатса, сазгер бақыты деген осы шығар. Жал­пы, жүректен туынды туып, ол ретке келген­нен кейін өзіммен үндес әнші болса, ұсынамын. Әннің жілігін шағып, майын ішкен өрелі әнші болса, ұнатқанын алады. Әрбір әншінің өзіндік талап-талғамы бар. Дегенмен әнші әнді ұнатпай, тек компо­зи­тор­дың көңіліне қарап айтса, бұл әннің бола­шағы жоқ, яғни тыңдарман қабыл­да­майды деп ойлаймын. Бүгінгі эстрада әндерінің ішінде естісінен гөрі, есері көбірек болып тұр ғой. Түрлі ән, түрлі мәтін. Жасыратыны жоқ, кейбірін тіпті адам түсініп болмайды. Бұл орайда өз шығар­ма­ларымның мұндай бейшаралық деңгейге төмендемеуіне баса мән беремін. Себебі Абай, Шәкәрім, Мұқағали өлең­де­ріне ән жазғаннан кейін әуеннің өзі ұлы шайыр­лардың деңгейіне жетеғабыл болуы тиіс.
– Мұқағали Мақатаевтың 25-тен ас­там өлеңіне ән жаздыңыз. Бұл ішкі дүние­ңіздің Мақаңмен үндес екенің көрсете ме?
– Мұқағали – ұлтжанды ақын. Жан дүние­сі тереңде жатқан оның әр өлеңі әнге сұранып тұр десем, артық айтқаным емес. Ақын қаламынан туған нәзік жырлардың барлығы шыншыл. Менің ұғымымда шы­найы туған дүние ғана халыққа түсінікті бол­мақ. Қазақтың боямасыз бол­мы­сын көр­сет­кен ақынның бірегейі де сол Мұқағали. Өзің айтқандай, таным-түйсігім Мұқағалидың ішкі әлемі­мен үндес деп сезінемін. Сон­дықтан ба, тез, әп-сәтте жазылған әндерім де болды. Мысалы, ұлым Айбынға арнаған «Арманда ұлым», «Жүр, қал­қам, сырласайық», «Үш бақы­тым» секілді әндерді осының қата­рына жатқызуға бола­ды. Бір сөз­бен айтқанда, Мұқағали менің жа­ныма жақын.
Ұлы Абай бабамыздың өлең­де­ріне жазған әнімді Еркін Шүкі­манов бауырым, шайыр Шәкәрім өлеңіне жазған әнімді Ерлан Рыс­қали бауырым, Клара Төлен­баева қарындасым Мұқағалидың сөзіне жазылған «Үш бақы­тым» атты әнім­ді нақышына келтіре орындап, «Отанын, халқын, тілін» сүйетін тың­дарманның сүйіс­пен­ші­лі­гіне бөленуде. Мен өз ұлтын шы­найы сүйген өнер адамын айрықша құр­меттеймін. Мысалы, кейбіреулер сах­нада «елім, жұртым» деген жалындаған өлең немесе ән жазуы мүмкін, ал бірақ сахнадан тыс былайғы қылығы, ісі мүлде ұсақ-түйекке, жікшілдікке бағыт­талған ойын байқап, таңғаласың. Ал елін шын сүйгендер ғана мәңгі елімен бірге жасай­ды. Абай, Шәкәрім, Шәмші, Мұқа­ға­лидың шын­шыл­дығы осында жатыр. Себебі мұндай шығармалардың ғұмыры ұзақ болады.
– Жалпы, ән айтқаныңызбен саз­гер­­­лік қырыңыз кейін пайда болды емес пе? Мысалы, кешегі Желтоқсан оқи­ға­сы­нан кейін туған әніңіз табан астында тапталған ұлт намысы мен тілге деген құрмет нышаның айғақ­тай­ды...
– Желтоқсан оқиғасынан кейін ұзақ тебі­реністе жүріп, алғаш рет тіліміз туралы ән жаздым. Бірақ содан кейін сазгерлікке бір­ден ден қойып кеттім дей алмаймын. Тоқсаныншы жылдары аздап ән жазып жүр­ген шақта мені сынаушылар өте көп бол­ды. Содан болар мен бірден бұл сала­дан алшақтап кеттім. Ол кез өнерден сырт айналып, тасадан кім келіп сын садағымен түйреп алады екен деп сыншыларға үрке қарап жүрген шағым болды. Сондай жас­тық­тың албырт шағында мені қанатының астына алып, шығармашылығыма шынайы бағасын беріп, бағыт сілтеген марқұм ұста­зым – Теміржан Базарбаев еді. Тіпті әнде­рімді нотаға түсіріп, ағалық қолдау көр­сетті. Шындығында, Темкең сол бір кездері жалғыз маған ғана емес, өнердің айна­сын­да талпынып жүрген жас өнер­паз­дардың тұсауын кесіп, қанатымен су сепкен еді. Және де үміт күттірген жастарды ғана маңайына жинап, топтастырды. Қазір­гі уақытта, менің байқауымша, Темір­жан Базарбаевтай өнер жанашырлары тым аз секілді.
– 25 жылға таяу уақыт деген өнер адамы үшін аз уақыт емес. Өткенді бір тү­гендеп, ел алдында есеп беретін шақ. Жалпы, өнерде жүрген сіздің ән­де­ріңіз өз бағасын ала алды ма?
– Негізінен, жазған әндерімнің барлы­ғын халықтың бағасын алған әншілер орын­да­ғанды жөн санаймын. Көп жағдайда тіл­шілер қауымы менен осыны сұрап жата­ды. Халық бағасын алуы ол әншінің жет­­кізуіне де тікелей байланысты. Сон­дық­тан бұл сұраққа менен гөрі, өнерге баға бе­­ріп жүрген сыншылар жауап бергені дұрыс.
– Шығыста туған композиторсыз. Ке­ше­гі Абай мен Шәкәрім, заңғар жа­зушы Мұхтар Әуезов туған топырақта өмір­ге келіп, ұлылардың ізі қалған өңір­де білім алып, ержеттіңіз. Есіміңізді неге байланыстырып қойған?
– Есімімді қалай қойғанын білмеймін (күл­ді). Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысын­да­ғы Кен­тау қаласына ешқандай қатысы жоқ. Шамасы, ата-анам жақсылық пен өнер­дің кені болсын деген игі ниетпен қойған бо­луы керек. Адамға есім бейсауат қойыл­май­ды. Шындығында, мен Шығыс Қазақ­стан облысына қарасты Абай ауда­нын­да дүниеге келдім. Сол елдің азаматы бол­ға­ныма қуанамын. Өзімнің азаматтық тұр­ғыда қалыптасуыма Алаштың астанасы – Семей қаласы міндетті түрде әсер етті. Шығыста жүріп біраз дүние жасадым. 150-ге жуық әнімнің басым бөлігін де осы Семей қаласында жаздым десем болады. Кейін үш жылға жуық Алматы облысында тұрып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мем­ле­кеттік университетінің қоғамдық маман­дықтар факультетінің деканы қызметін атқар­дым. Бүгінде Астанадағы Ұлттық өнер университетінің «Қорқыт» атындағы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкерімін.
– Кейін жұмыс жайымен қоныс ауыс­ты­рып, өзге өңірлерде тұрақтап қайт­ты­ңыз. Осының барлығы шығар­ма­шы­лыққа әсерін тигізді ме?
– Ел аралап, Алматы облысынан Аста­наға қоныс аударуым шығар­машылығыма өз әсерін тигізді. Ел көріп, жер көріп жүріп көңілге түрлі әуендер ұялап, әртүрлі әсерлі ән болып шықты. Алла жазса, шығар­ма­шы­лық кешімнен кейін жоспарлап отырған жұмыс жетерлік. Дәстүрлі және эстрадалық жанрдағы әндерімнен дискі шығарсам деймін. Еркін Шүкіманов пен Ерлан Рыс­қали әндерімді Қазақ ұлттық кон­сер­ва­то­риясында өз шәкірттеріне үйретуде. Демек, әндерім өнерсүйер қауымға наси­хат­талуда. Биылғы жылы республикалық «Жас қанат» байқауында жас әнші Келбет Отынбаева М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Рақмет, дала» әнін орындап, жүлделі екінші орынға ие болды. Осының барлығы – көңілге мерей. Жазған шығар­ма­лар наси­хатталып, тыңдарманға жетіп қуантса, одан артық өнер адамына бақыт бар ма?! Қын­жылтатыны, менің әндерімнің наси­хатталуы тым кештеу басталғаны. Бірақ ештен, кеш жақсы деген ғой.
– Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін. Шығармашылық табыс тілей­міз!

Құлаққағыс
Кентаудың «Мен қазақпын» атты ән кеші 2013 жылы 15 қарашада сағат 18:00-де Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің үлкен концерт залында өтеді. Шығармашылық кеште Қазақ ұлттық өнер университетінің ұлт - аспаптар оркестрі, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, Азамат Жылтыркөзов, Алма Аманжолова, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Толу Сембаев, Клара Төленбаева, Секен Сыздықов сынды елімізге кеңінен танымал өнер майталмандары қатысады.


Туындылары терең сезіммен келетін әнші
Осыдан біраз жыл бұрын көгілдір экран алдында сұхбат беріп отырған кезімде маған бір кезекті сұрақ қойылып еді. – Сіз қалай қарайсыз, қазір композитор дегендер тым көбейіп кетті, осы дұрыс па? – деген. Сонда менің берген жауабым былай еді: – Дұрыс. Тіпті одан артық көбейе берсін. Себебі бұл – өте қуанышты жағдай. Бұл – біздің жастарымыздың ішкі сезімдері оянып, мәдениетке деген құштарлық пайда болды деген сөз.
Кейіннен ойлап отырсам, көбейіп кет­кен ештемесі жоқ. Саусақпен санап алуға болады екен. Солардың ішінде, менің айтайын деп отырған әңгімем Кентау Назарбек жөнінде, оның композиторлық твор­чествосы туралы ағалық лебіз. Менің­ше, Кентаудың ән жаза бастаған себебі – оның даусына байланысты ғой деймін. Кен­таудың дауысы – әжептәуір нәзік тенор. Диапазоны, яғни даусының кеңдігі кәдімгі тенорлардан сәл асып түседі. Әрине, жазған әндерінің де диапазоны соған сәйкес. Кентау өз әндерімен бірталай кон­церт­терде көрініп, сүйкімді, сұлу даусын ел-жұртқа паш етіп келеді.
Бойымен де, даусымен де, әнімен де, жүріс-тұрысымен де ел-жұрттың назарын өзіне бағындырып алады. Домбыраны да жақсы ойнайды. Әндерін домбырамен сүйе­мелдеуі әуенмен әдемі қабысып тұрады. Кентау әндерін фортепианоның сүйемелдеуімен де айта алады. Ішкі сезімі терең, ән айтқанда белгілі бір пәлсапалық ой тастайды. Кентаудың әндері көбінесе халық әндерінен гөрі, кәсіби ария, романс, бал­ладаларға жақын, өзінен-өзі сим­фо­ния­лық оркестрге сұранып тұрады немесе көп дауысты хорға, ансамбльдерге салғың келеді.
Кентаудың әндері терең сезімді келеді. Әсіресе Абайдың сөздеріне жазған әндері ұлы ақынның айтайын деген ойын айшық­тай түсетін, ең қуаты күшті туынды деп баға­лаймын. Абай «Құлақтан кіріп, бойды алар» деп айтқандай, ән осы Кен­таудың әндеріндей бойды алып кетпесе, ән болмайды. Қазіргі кезеңде әннің халі қалай болып кеткені бәрімізге мәлім. Құла­ғы­мызбен естіп, көзімізбен көріп жүрміз. Қимыл мен ән бірігіп кетті.
Ағалық, ұстаздық тілегім – сол: жыл­ты­ра­ғанға әуес болмай, сәл қол жеткен жетістікке тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, әрдайым ән қанатында қалықтай бер! Өнер өлкесіндегі жолың өрге жетелеп, ел мақ­тан ететін өреннің бірі бол. Қалған батаны әндеріңді бағалаушы халық өзі бере жатар.
Теміржан БАЗАРБАЕВ (марқұм) Композитор, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі. 2000 жыл

Еркін ШҮКІМАНОВ, дәстүрлі әнші:
– Студенттік жылдары Семей қаласында оқып жүргенімде халық әндерін үйренуге деген құлшыныс бізде өте жоғары болды. Семейде өтетін қалалық, облыстық шалалардан тыс қалмай, Тұрсынғазы Рахымов, Мәдениет Ешекеев сынды ағаларымыздан бір елі ажырамайтынмын. Үлкендерге ере жүріп, үлкен өнердің тұтқасын ұстаған Кентау ағамызбен сол кезде-ақ таныс болдым. «Менің әндерім бар, үйрен» деп әнін ұсынғанымен, оны жетік түсінуге біздің өреміз жетпеген-тұғын. Оны орындауға бірден еніп кеттім деп айта алмаймын. Сөйтіп жүргенде Кентау Назарбектің «Бір бәйтерек, бір шынар» әні Семей өңірінде кеңінен тарап, «әу» дейтіндердің басым бөлігі осы әнді құштарлана орындауға тырысып-ақ жүрді. Сазгер есімі осылайша ауызға іліне бастап еді. Бертінде Толғанбай Сейсенбаевтан «Жастық» деген әнді естіп, қатты ұнаттым. Шындығында, ол әннің Кентауға тиесілі екенін білмеген едім. Толғанбай ағамыздың әні шығар деп жүріп, кейін орындауға құлшыныс білдіріп, авторын сұрастырсам, Кентау Назарбек екен. Тереңіне бойлап, сөзінен бөлек сазына да ерекше мән берілген «Жастық» әні жалындаған жастықтың шынайы болмысын көрсететін өрелі ән болды.

Дүниеге көп қызықпайтын Кентауды құдайдың өнерпаз қылып жаратуы тегін емес. Ол туған топырақ – қазақтың жазба әдебиетінің негізін салған Абай елі, Шыңғыстау етегі. Осындай киелі өңірден шыққан оның осындай өнер иесі болмауы мүм­кін емес. Кешегі Шәкір Әбенов, Мейрамбек Жанбо­ла­тов­тар­дан кейін төбе көрсеткен ғаламат өнер иесі. Абай мен оның шәкірт­терінің әндеріне қанып өскен Кентау туындыларының халықтық нақышқа ие болуы, психологиясын шынайы көрсетуі – осыдан. Әндерінің тұла бойынан ұлт мәдениетінің нышаны ай­қын сезіліп тұрады

Асан ОМАРОВ, абайтанушы:
– Кентау Назарбек – халық арасынан шыққан қазақтың ән өнеріне атақ-даңқ дәметпей-ақ, аянбай тер төгіп жүрген талант иесі. Ширек ғасыр уақыт ішінде ол толағай табыстарға жетіп, шығармашылық жағынан шындала түсті. Ендігі жерде оның ән мұрасы ескеріліп, еленіп жатса, оның еңбегінің еленгені болар еді. Тоқсаныншы жылдары Кентау Семей қаласындағы Теміржан Базарбаевтың тәлім-тәрбиесін алып, жиі келіп жүрді. Жас жігіттің бұл жүрісі тегіннен-тегін емес екен, «Бір бәйтерек, бір шынар» деген сазды әнімен есімі аймаққа бірден белгілі болып шыға келді. Бірден тез тараған ән сол уақытта той-томалақтың көрігін қыздырушы еді. «Әнге сұранып тұрған өлең болса» деп бізге өтініш айтқанда, біз сеніңкіремей, уақытша әуесқойлық шығар деп күмәнмен қарайтынбыз.

Уақыт өткен сайын тас бұлақтың көзі ашылмай қалған ба, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мұратбек Оспанов, Мұрат Тас­та­ға­нов, Алмахан Мұхаметқалиқызы, Дәмеш Омарбаева сынды ақын­­дар­дың сөзіне жазылған Кентаудың мөлдір әндері талай жүрек­тің түбіне бойлады. Себебі Кентау жеңіл-желпі ән жаз­байтын, ішкі дүниесі философияға бейілді, өзінше ойшыл сазгер. Мысалы, Абай өлеңі оның ақын мұрасына деген айрық­ша ілтипатын көр­сете алды. Әндерінде қазақылық бояудың қа­нық, халықтық реңктің басым болуы өзіндік ерекшелігін айқындап тұрады.

Ерлан РЫСҚАЛИ, дәстүрлі әнші:
– Кентау Назарбек – адамгершілік пен өмірдің эталоны бола алатын адам. Ол кісінің жүрегі ақ, көңілі кең болса, әндері де сондай мөлдір, тұнық. Ешқандай артық қосындысы жоқ. Сазгер – бүгінгі таңда қазақтың иісі шығып тұрған ұлттық классикалық ән айтуда үзіліп бара жатқан сазгерлік үрдісті Тұрсынғазы Рахымов ағамыздан кейін қайта жаңғыртқан тұлға. Бұл кісінің әндері өз алдына бір бөлек, ат төбеліндей көп ішінен көрініп тұрады. Кешегі Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серіден бас­тау алған, одан әрідегі Абай атамыздан Шәкір, Жәнібек аға­ла­рымыз жалғаған дәстүрді бойына сіңіріп, дала және бүгінгі әуен­дерді бір арнаға тоғыстырып, өзінше сара да дара жол салған сазгер. Жаны таза адамнан ғана тек жақсы дү­ниелер шығады. Ағамыздың әндері туралы талдап, күрделі дү­ниелер айтуға болады. Әндерінің бір ерекшелігі – ол кісі ли­ри­калық әндер­ді керемет жазады. Ойға жетелеп, патриот­тыққа тәр­биелеп, ұлттық сананы оятатын әндерді көп жазған адам­ның бірі – Кентау аға Назарбек. Бұл кісінің шығар­ма­шы­лы­ғы алда шыр­қау биікке шығып, өз бағасын алады деген сенімдемін.

Бетті дайындаған Жанкелді ҚАРЖАН

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста