Мен ештеңеден қорықпаймын!
Дастан ОРАЗБЕКОВ, «Сынақ» бағдарламасының жүргізушісі:
– Дастан, сіз «Ел арнада» тұсауы кесілген «Сынақ» бағдарламасының тізгінін ұстаған екенсіз, тележүргізуші болған қалай екен?
– Несін жасырайын, экранның бергі жағынан қарағанда қиын ештеңесі жоқ секілді көрінетін, өзімнің көзім жеткені – тележүргізуші болу оңай емес екен. Қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Бірақ әр нәрсенің екі жағы болады ғой, сол секілді, жүргізуші болғанның жақсы жағы да бар. Себебі мұнда саған еркіндік беріледі. Өз ойыңды көрерменге қалай жеткізем десең де еркің. Бірақ сол еркіндікті дұрыс пайдалана білу қажет. Ол үшін қара сөздің жілігін шағып, майын ішпесең де, шешендік өнерден құралақан болмауың керек екен. Өкінішке қарай, мен сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай жүргенімді де мойындаймын. Үйренетінім көп екен. Бірақ барымды салып тырысып жатырмын. Өйткені тележүргізуші болу менің кішкентай армандарымның бірі болатын.
– Сахнада мыңдаған көрерменнің алдында жүзбе-жүз тұрып ән салған қиын ба әлде көрінбейтін миллиондаған көрерменмен камера арқылы сырласқан қиын ба?
– Менің сахнада жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. Сондықтан, әрине, мен үшін залда, көз алдыңда отырған көрерменмен жұмыс жасау оңай. Бірақ камера да жат емес, әрине, киноға түскен аздаған тәжірибем бар. Камера сыртындағы миллиондаған көздерді сезініп жүрмін десем де болады.
– Сахнада күнде көріп жүрген әріптестеріңіз сынақ алаңына келгенде, сын сағатта өздерін қалай ұстап жатыр? Және өзіңіз сол ойыншылардың қатарында болғанда, сіз не істер едіңіз?
– Мен осы алаңға келіп, оларды мүлдем басқа қырынан танып жатырмын! Әдетте, біз көбіне қуанышқа, тойға жиылып, арқа-жарқа болып жүреміз ғой. Ал «Сынақта» мен олардың қорқынышын көрдім. Олар өздерінің үрейін жеңе алмаған сәттеріне куәгер болдым. Кейбірінің шындап қорыққанда қалай шыңғырғанын көріп, дауыстарының мықты екенін біліп алдым (күледі). Тіпті арасында маған «сенен мұндайды күтпеп едік» деп қатты ренжігендері де болды. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Өйткені мен өзімді соған дайындап келген болатынмын. Кез келген адам қиын сәтте өзін қалай ұстарын білмейді. Әсіресе қорыққан кезде өзіңе ие болу қиын. Мүмкін, мен де осы ойынға қатысушы ретінде келсем, оқыс қылық көрсетіп жіберетін шығармын. Сондықтан бәріне сабырмен қарауға тырысып жүрмін. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бірақ мен осы ойынға қатысатын болсам, бірінші болып шығып кететін шығармын. Себебі мен ештеңеден қорықпаймын. Ал қорықпаған, өз үрейімен күреспеген адам бұл бағдарлама үшін қызық емес!
– Өмірдің өзі – сынақ! Басыңызға қандай да бір қиындық түскенде, сынақ болғанда сіз өзіңізді қалай ұстайсыз?
– Адамның ең басты жауы – ашуға бой алдыру, шектен тыс эмоцияға ерік беру. Мен қандай жағдай болса да, өзімді сабырлы, бірқалыпты ұстауға тырысамын. Тек қорыққанда немесе қиналғанда ғана емес, қатты қуанғанда да өзімді салқынқанды ұстауға тырысамын. Тіпті күтпеген жағдай болса да, барынша өзімді тежей аламын.
– Сіз сонда эмоцияңызды ешқашан көрсетпейсіз бе?
– Неге? Әрине, көрсетемін! Мен өз эмоциямды сахнада көрсетемін. Ішімдегі барлық булыққан сезімдерді тек қана сахнада шығарамын. Менің ән салғанымды көрген адамдар, сахнаға шығарда ішімдіктен тартып алған шығар деп те ойлауы мүмкін. Бірақ олай емес, мен ән салғанда барымды салып айтамын. Өмір болған соң, қиын сәттер, өкпе-реніштер болады ғой. Сондай ішіме жиналған реніш-қайғының бәрін мен бокс залында шығарамын. Былғары қолғапты сермеген сайын бар ашу-ыза дегенің ортая түседі. Содан жеңілдеп қаламын, өмірге деген, айналамдағы адамдарға деген көзқарасым да жақсарады. Және ешкіммен ренжіспеймін де.
– Үлкен өлшеммен алғанда, өмірде неден қорқасыз?
– Мен өмірде отбасым үшін қорқамын. Бар тілегім – ата-анам, бауырларым, балаларымыз аман болса екен. Отбасымызда, Отанымызда тыныштық, бірлік-береке болса. Мен үнемі жанұясын уайымдап, жақындарым ауырмаса, қиналмаса екен деп жүретін тынымсыз адамдардың қатарынанмын. Одан бөлек, әрине, достарымды жоғалтып алудан қорқамын, сатқындықтан қорқамын. Бірақ өмірдің өзі – сынақ қой!
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Менде бір ғана ұстаным, бір ғана бағыт бар. Ол – тек қана алға!
– Сіз бір ұл тәрбиелеп отырған әкесіз. Баланың бойында батылдықты, жігіттік намысты ояту үшін не істеу керек?
– Тәрбие – ең басты мәселе. Менің ойымша, балаға жақсы мен жаманды айыра білуді үйрету керек. Бала соны білсе, батылдық өзі-ақ пайда болады деп ойлаймын. Себебі батырлық – білекте емес, жүректе. Қара күшті батырлықпен шатастыруға болмайды. Сондықтан алдымен баланың санасын оятып, дұрыс пен бұрысты үйрету керек. Және баланы бала екен демей, өз қатарыңдай сөйлесіп, ақылдасып отыру керек деп білемін. Мен, өкінішке қарай, балама көп уақыт арнай алмасам да, онымен кәдімгідей жігітше сөйлесемін. Бала үшін оның қасында күнде болып, ештеңе бере алмағаннан, аз көрсең де, жанында болған сәтте оған сыйлай алған махаббатың маңыздырақ! Мені қазір алаңдататын бір-ақ мәселе бар. Ол – баламның ауылда емес, қалада өсіп жатқандығы. Мен оның компьютердің алдында емес, өзім сияқты ауылдың шаңына аунап, қозы-лақтың соңынан жүгіріп, асық ойнап өскенін қалар едім.
– «Сынақ» бағдарламасын көрермен не үшін көруі қажет?
– Бұл бағдарламаны көрермен өздері жақсы көретін жұлдыздарын екінші қырынан тану үшін көруі қажет. Бұл жерде қатысушылар өз қорқыныштарымен күресіп, соны жеңеді. Сынақтың өзі де адамға сол үшін беріледі ғой. Морт кетіп сыну үшін емес, қиындыққа қарсы шығып, барлығына төтеп беру үшін. Ал қиындықты кім қалай жеңеді, біз көрерменге соны көрсетеміз! Сондықтан көруге тұрарлық қызық жоба деп есептеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!