Мен – өлең жазбайтын ақынмын...
Алматыға сонау Ақтөбеден Маралтай ақынды арнайы іздеп бір суретші келіпті. Қолында кішкентай қойынкітапшасы мен қаламы бар. Үн-түнсіз бір нәрсе жазып, ақынға ұсынды.
«Сәлеметсіз бе, інім?
Сізбен кездескеніме қуаныштымын, өлеңдеріңізді басылымдардан оқып, тәнті болып жүремін. Өлеңдеріңіз жебедей нысанаға дәл тиеді екен. Сондықтан да сізбен танысқым келіп жүретін едім. Өзім – суретші-графикпін, Ақтөбеде тұрамын. Ақынмын да, бірақ өлең жазбайтын ақын десеңіз де болады. Ақынмын дегенім, дүниені, болып жатқан барлық құбылысты ақынның көзімен, ақынның жүрегімен қабылдаймын. Шіркін, әрбір адамның жүрегінде тек бір шумақ өлең болса да, өмірге деген дүниетанымы, махаббаты өзгерер еді-ау деп ойлаймын.
Мен – естімейтін адаммын. Өзімді қоршаған үнсіздік дүниемен сырлас болуға, мұңдасуға итермелейтін шығар-ау. Мұқағалидің «Бетховен» деген өлеңі дәл маған арналған сияқты...» – депті хатында.
Осы хатты оқығаннан кейін ол кісінің тек үнсіздік тілінде сөйлеп, тыныштық дауысын ғана еститінін түсіндік. Ақтөбелік суретші-график Таймас ағамен ақ қағаз арқылы танысып, ақ қағаз арқылы сырласуымызға тура келді.
– Өнердің барлық саласындағы сияқты бейнелеу өнерінде де сан алуан тақырып пен неше түрлі бағыттың бар екені белгілі. Кейбір суретшілер пейзаж салуға құмар болса, кейбіреулері портрет салады. Ал сіз көбінесе қандай тақырыпқа сурет саласыз?
– Негізінен, қазақтың ұлттық болмысын көрсететін, қазақ халқының өмірін бейнелейтін суреттер салу оң жамбасымнан келіп жатады. Ең алғашқы суретім «Ауылым» деп аталады. Ақын Зейнолла Шүкіровтің туған ауылы Бөген деген жерде мен де дүниеге келдім. «Отан оттан басталады» дейді ғой атам қазақ. Өзімнің кішкентай Отаным Бөген ауылын қағаз бетіне түсіруім – менің туған жеріме деген махаббатым мен сағынышымның айғағы. Содан соң «Туған жерім – Аралым» деген суретім дүниеге келді. Бұл да туған жерге, сонда өткен балалық шаққа деген сағыныштан туындаған. Кейін келе тарихи тақырыптарға сала бастадым. Атап айтсам, «Әбілқайыр хан», Абай өлеңдеріне сегіз-тоғыз беттен тұратын графикалық суреттер топтамасы, «Байғанин» сериялары, Алаш арыстарына арналған «Алашым – ардағым», еліміздің ертеңі үшін, ұлттығымыз, азаттығымыз үшін шыбын жанын құрбан еткен «бес арысымыз» Ахмет, Мағжан, Міржақып пен «үш бәйтерегіміз» Сәкен, Ілиястардың портреттерін салдым.
– Бейнелеу өнерінде тек қиял көзі арқылы түсінуге болатын суреттер кездесіп жатады. Сондай суреттер саласыз ба?
– Жоқ. Мұндай формаға салып көрмеппін. Менің стилім басқа. Сіздің айтып отырғаныңыз бейнелеу өнерінде абстракционизм деп аталады ғой.
– «Сұлулық ұлылықтан да биік. Өйткені оны түсінудің қажеті жоқ», – дейді Оскар Уайльд. Әріптестеріңіздің немесе әйгілі суретшілердің әдемі суреттерін көрген кезде ерекше әсерге бөленіп, шабыт алатын кездеріңіз бола ма?
– Ондай болып көрмепті. Мен ешбір суретшінің суреттеріне таңғалып, еліктеп көрген емеспін. Ал шабытты ақындардың жырларынан аламын. Өлеңнен алған қуат арқылы сурет салу былай тұрсын, тау қопаруға да болатын шығар деп ойлаймын.
– Суреттеріңізді көрмеге жиі қоясыз ба? Көрмемен шетелге шығып көрдіңіз бе?
– Суреттерімнің біршамасы Әбілхан Қастеев мұражайында, Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығының мұражайында сақтаулы. Суреттерім жалпы саны елу көрмеге қатысты. Ал он бес рет жеке көрмемді ұйымдастырдым. Шетелге шыққан емеспін. Шетелге қазақтың ұлттық бейнелеу өнері аса керек емес шығар деп ойлаймын. Шақырса, баруға болады. Бірақ оны қажетсінбеймін.
– Қазақта «жазмыш» деген сөз бар. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп жатады үлкендер. Ана құрсағында жатқанда Алла маңдайымызға не жазса, соны көреміз, соған көнеміз. Қанша бұлқынсақ та, жұлқынсақ та, тағдыр уысынан шығармайды. Аға, кейде Тәңірдің осындай тағдыр сыйлағанына налитын кездеріңіз бола ма?
– Жоқ. Ешқашан налыған, өкінген емеспін. Өміріме ризамын. Таңдап тұрып маған талант бергені үшін Құдайға алғыс айтамын. Ешкімнің мені мүсіркегенін қаламаймын, мүсіркеуіне жол бермеймін де. Бала кезімнен еститін адамдармен бірге жүрдім, бірге оқыдым. Бәрімен жақсы дос болдым. Ешқайсысынан кем болмадым.
Көкейден шықса, асыл сөздің де сәні кетеді дейді ғой. Кейде үнсіздіктің пайдасы көп пе деп те ойлаймын. Жүрекпен тілдесіп, көзбен ойды оқығанға не жетсін! Адам ата мен Хауа ана бір-бірімен осы үнсіздік тілінде, тек ыммен ғана сөйлескен шығар деген ой да келеді. Егер ол кезде сөз болған болса, бір-бірінен алшақтап кетер еді.
Тыныштық атты күймен тербеліп, қиялымен өзінің үнсіздік әлемін кезетін суретші ағамыз жүрегіндегі қат-қабат ойларын, көкейін кернеген сағынышын, жан түкпірінде сақтаулы жатқан сезімдерін тек ақ қағаз бетіне бейнелеп келеді. Шіркін, тілі болса... айтар еді-ау деп ойлайсың.
Өмірдерек
Таймас Ниязбекұлы Телеуішев 1951 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Бөген ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тамамдаған соң, Санкт-Петербургтегі Валентин Александрович Серов атындағы сурет училищесінен білім алған. Мамандығы – суретші-график. 1987 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. 2000 жылы мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2007 жылы Ақтөбе облысы әкімінің сыйлығымен марапатталған.