«Мен жарымның ары таза екеніне сенемін!»-Тұңғышбай Жаманқұловтың əйелі

«Мен жарымның ары таза екеніне сенемін!»-Тұңғышбай Жаманқұловтың əйелі

Тұңғышбай Жаманқұловтың əйелі эксклюзивті сұқбат берді. Ол жарының адал, таза екеніне сенеді. Бірақ жағдай олар күткендей болмай жатыр… Неге? Оның астарында қандай сырдың болуы мүмкін? Бұл даудың шешімі қашан шығады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын айту үшін актердің жары Дәрия Жүсіп Астанаға келген кезінде бізге алғашқы эксклюзивті сұқбатын берді.

– Сәлеметсіз бе, Дәрия ханым! Астанаға қош келдіңіз, өкініштісі, іс-cапарыңыз бір-ақ күн екен!?

– Иә, мен бұл гастрольде тек осы қойылымға ғана қатысамын. Театрдың Тәуелсіздікке арналған жобасы болғандықтан, қуана-қуана келдім… Қойылымда Мағжанның жары Зылиханы сомдаймын. Мағжан кім? Пьеса авторы Дулат ағаның сөзімен айтсақ – «Мағжан қазақтың ғана Мағжаны емес, ол әлем әдебиетінің Мағжаны. Мағжан – ешкімге ұқсамайтын ақын. Алдында өткен ағаларына да ұқсамайды, кейінгілеріне де ұқсамайды. Тіпті, Зылиханың өзі ешкімге ұқсамайды…»-дейді автор. Ал Зылиха кім? Мағжандай ақынды жан-тәнімен сүйген, өмір бойы сүйіп өткен жары десек – ештеңе айтпаған болар едік… Дулат Исабеков осы пьесаны жазғанға дейін «Мағжан туралы маған дейін жазылып болған… мен ол туралы жазбаймын…» деп жүрген екен. Алайда, бір сұхбатында драматург «Мағжан туралы жазбаймын» деген сөзіне өкінеді. Және, ең қызығы, Дулат Исабековтің Мағжан туралы жазуына Зылиханың тағдыры түрткі болады. Драматургтың айтуынша, «Зылиха – отбасында отырып қалған, күйеуін жоқтап, асыраушысын жоқтап, қара жамылған әйел емес. Ол бәріне философиялық биіктен қарайтын әйел. Мағжанды жазуға Зылиханың өмірі түрткі болды. Зылиханың өмірінің әрбір сағаты бір-бір драма…» дейді автор.

Спектакльдің қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева екенін білесіздер, сол кісі Зылиханың рөліне дайындыққа кіріскенде «кейіпкеріңнің жасын ойнама, оның биік парасатын жеткіз, ең басты мақсатың сол болсын…» деген еді. Мен кейіпкерімді осы қырынан алып шықтым. «Жүз жылдық махаббат» өте сәтті шыққан, автор Дулат Исабековтің өзі өте риза болған қойылым…

– Кезінде жас «геройларды» ойнадыңыз, қазір оның орнын байыпты, салмақты рөлдерге ауыстырып, жастарға жол беріп жатқандайсыз… Осыған көзқарасыңыз қалай? Қалай қабылдадыңыз?

– Мен бұдан ешқандай трагедия көріп тұрған жоқпын. Жас кезіңде театрда өз жасыңа лайықты кейіпкерлерді ойнауың заңды. Өз жасыңды ойнайсың. Ол жаста кексе кейіпкерді ешкім саған бермейді де, берген күнде де алып шығуың екіталай. Жас кезіңде «штамп» деген болмайды. Кейін ысыласың, тәжірибе жинайсың, сол кезде нағыз өз деңгейіңді, шеберлігіңді көрсететін рөлдер келеді. Сол кезде қай актердің қандай мүмкіншілігі бар, қарым-қабілеті қандай, интелект деңгейі қандай екендігі айдан анық көріне бастайды. Ал жасының ұлғаюына байланысты жас «героинядан» — салиқалы, салмақты, орта жастағы немесе кәрі «героиняны» ойнайтынымыз – яғни бір кезеңнен екінші кезеңге ауысуымыз заңдылық, әрине. Табиғат заңдылығы, сахна заңдылығы… Кезінде Тұңғышбай ағай М.Әуезов театрына басшылыққа келгенде жасы үлкен апаларымызға «жастарға орын беріңіздер, жас кейіпкерлерді жастар ойнасын…» деп талап еткенде біраз апаларымыз өре түрегеліп, қарсы шығып, үстінен арыз боратқаны есімде… «Алдыңғы толқынды кейінгі толқын қуады» деген сөз бар ғой, сондықтан жастарға жол берген дұрыс. Оның үстіне, өзім Т.Жүргенов академиясында сабақ беретіндіктен, сол жас артистерді дайындап жүрген ұстаз ретінде олармен жағаласудан аулақпын. Біздің жастар талантты, ынталы, олар да кезіндегі өзіміз сияқты – театрға үмітпен келді. Олардың сахнада ашылуы, талантының, мүмкіндіктерінің көрінуі көбінесе қандай режиссерге тап болатынына байланысты. Драматург, актер, режиссер – барлығы бір керемет тандем тапса ғана жақсы дүние шығады. Үнемі сәтті бола бермейді. Біздің, яғни артистер қауымының өмірін кейбіреулер керемет деп ойлайды, ал шын мәнінде біздің мамандық – жанкештілікті талап ететін мамандық. Бүгін жиырма бестегі сылқымды ойнасаң, ертеңіне сексендегі кемпірді ойнауыңа тура келеді. Үнемі психологиялық толқуларды бастан кешесің, әр кейіпкеріңнің тағдырымен өмір сүресің, жүйке-жүйең, бүкіл қан тамырларың үнемі «жоғары кернеулі тоқ» сияқты жұмыс істеп тұрады. Сағат сайын, сәт сайын кейіпкеріңнің болмысына ену, оның қуанышына – қуану, қайғысына – қайғыру, трагедиясын бастан кешу оңай емес. Міне, осының бәрін шынайы сезінгенде, шынайы образ шығады. Сонда ғана сен сахнаның «иесі» нағыз Ұлы мәртебелі актер деген атқа лайықтысың… Ал бұл жолда біреу озады, біреу артта қалады…

Ал жаңағы сұрағыңыздың төркінінде «өзіңді қартайдым деп есептемейсің бе?» деген ой жатса, әзірге кәрілік маған байқалған жоқ. Әлі де қыздарды да, әйелдерді де ойнап жүрмін. Зылиха – егде жастағы алғашқы рөлім. Менің осы рөлімді кейбіреулер сынап та жатыр. Мүмкін, өзімді әлі Зылиханың жасында сезіне алмайтын шығармын, бірақ оның барлық психологиялық жан тебіреністерін, тағдырын бүкіл тұла бойыммен сезінемін деп сеніммен айта аламын.

– Бір сұқбатыңызда «Жүз жылдық махаббат» қойылымында ойнағаннан кейін «кейіпкерімнен төзімділікті үйрендім» депсіз. Қазіргі таңда отбасыңызда орын алып жатқан оқиғаға тоқталмай кете алмаймыз…

– Иә, кейіпкерімнің тағдыры өз өмірімде қайталанып жатқандай… Өздеріңіз білесіздер, Тұңғышбай Қадырұлы – Дулат ағаның Мағжан туралы айтқанындай – ешкімге ұқсамайтын адам… Бүгінгі таңда біздің басымыздан өтіп жатқан оқиға маған төзімділікті, сабырлылықты үйретіп жатыр. Бірақ менде сенім бар! Мен шындықтың түбі ашылатынына және шындықтың салтанат құратынына сенемін. Жарымның ары таза. Оны мен ғана емес, бүкіл халық біліп отыр. Сондықтан қазір халықтың тілеуімен ғана отырмыз деуге болады. «86-ның желтоқсанында алаңға шыққанда басыма шоқпар тигенімен, арыма дақ тимеген еді, мұншалықты қудалау, қиянат көрмеген едім…» деп күйіп отыр… Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай көп кештерге, мерекелерге дайындық болып жатыр ғой, сол мерейтойлардың бел ортасында отырады деп сенемін.

—Сол оқиғадан кейін сізге журналистер хабарласа бастады. Оларға бақылауда екеніңізді айтыпсыз…

–Иә, журналистер де, тамыр-таныс, дос-жарандар да, қарапайым халық та күнде хабарласады – маған да, көкеме де. Алғашқы кезде біз сұхбат беретіндей жағдайда болған жоқпыз. Оның үстіне жақсылықтан үмітіміз басым еді. Ал күн өткен сайын бәрі күрделеніп жатқан сияқты. Қазір көкенің денсаулығы күрт төмендеді, ауруханада жатыр… Баспасөз мәслихатын беруге кеңес айтып жатқан жанашырлар да бар… Оған әзірше көкем қарсы, жағдайды одан сайын ушықтырып аламыз ба деген қорқыныш та жоқ емес… Оның үстіне, денсаулығы болмай тұр, аздап өз-өзіне келсе, баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге сұхбат беруге келісіп отыр.

– Жалпы осындай кезде адамның жанындағы туыстары, достары сыналады дейді. Байқасақ, ағамызды қарапайым халық көп қолдап жатыр. Шын мәнінде қасында жүрген жандардың бас көтеруі көрінбей жатқан секілді.

– Жоқ, шын тілектестер әркез бізбен бірге. Сәт сайын қоңырау шалып, үйге де, ауруханаға да келіп жағдайын сұрап, қажет жағдайда көмектесуге дайын екендіктерін айтып жатқан достарымыз да, әріптестеріміз де аз емес, құдайға шүкір. Кей достарымыз ауруханадан шықпады, ағайдың қасында болып, рухани демеу болып, қолдап жатыр. Мәскеуден, басқа да алыс-жақын шетелдерден көкенің жағдайын сұрап, қолдау көрсетіп жатқан адамдар бар. Сіз айтқандай, «бас көтеруге» дайын адамдарды ағай «так-такпен» әрең тоқтатты. Мұндай сәттерде жеке трагедияңды өз мүддесіне пайдаланып кеткісі келетіндер де болады, сондықтан көкем арандап қалмауды да ойлайды… Әбден басы қатты, «шақшадай басымыз шарадай болды»… «Не істейік, қолдан келгеннің бәрін істейміз…» деп отырған тілеулестерімізге рақметтен басқа айтарымыз жоқ.

– Біршама жыл бірге ғұмыр кешіп келе келесіздер ғой. Сізден артық ешкім білмес. Жарыңыз қандай адам?

– Өте сенгіш. Қандай мықты болса да, сеніп қалатыны бар. Ақылдылығы, парасаттылығы, жауапкершілігі жөнінде мен айтпасам да, жұрттың бәрі біледі. Содан кейін, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы ретінде көбіне облыстық театрлардың жағдайына көңіл аударып жүрді. Осындай қиын кезге қарамастан Түркістан, Шымкент, Жетісай театрларына барып келді. «Әртістердің жағдайы нашар…» дегенді айтып келді. Сондай мәселелерді көріп жүрегі ауырады. Театр қайраткерлері одағына келгенге дейін бұл одақ – аты бар да, заты жоқ, «өлі» одақ еді, Тұңғышбай Жаманқұлов сол одақты тірілтті. Мұны мен ғана емес, театрмен қатысы бар, көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген адам көріп отыр. Жыл сайын өткізетін «Еңлік гүл» республикалық фестивалінің өзі аз шаура емес, ал оның ар жағында көзге көріне бермейтін, жұрт біле бермейтін қаншама қыруар тірліктер атқарылып жатыр еді… Осылай жақсы жұмыс істеп келе жатқанда мұндай жағдайдың орын алғаны өкінішті. Бұл да сынақ шығар. Біз оны сынақ деп қабылдап жатырмыз. Осы жасқа келіп, мұндай қиындыққа кезігеміз деп ойлаған емеспіз. Бұл біз үшін өте қиын кезең, соңғы бір ай оның он жыл өмірін алды. Ең күйетінің – келісімшарттардан бастап, барлық құжаттар, барлық есеп-қисап заңгерлердің, есепшілердің қатысуымен жүзеге асқан. Келісімшартта да, ешқандай құжатта ол кісінің қолы жоқ. Келісімшартты жасайтын арнайы адамдар бар, қаражаттарды да солар жұмсайды, солардың жіберген кемшіліктерінен, қателіктерінен туған мәселе. Көкем тек идеяның авторы. Солай бола тұра, жала жауып, мойнына іліп жатыр. Мұның бәрі кімнің тапсырысы екені белгілі, халық «желдің қай жақтан соққанын» білмей отырған жоқ… Жала жабу, күйе жағу оңай, ол күйеден құтылу қашанда қиын болған… Қазақ ұлты Алаш арыстарын ақтап алғанша 70 жылдан астам уақыт кетті емес пе?.. Дегенмен, «аққа – құдай жақ», құдайдың құдіреті өте күшті, бәрін өз орнына қояды… Құдайға қалай сенсем, көкемнің адалдығына солай сенемін, түбінде шындық жеңетініне де солай сенемін!

– Балаларыңыздың өнер адамы болғанына қалай қарайтын едіңіз? Оларға бұл жағдай қалай әсер етіп жатыр.

– Жоқ, мен мүлдем қарсымын. Бұл туралы Сұлтанмен әңгіме болған, бірақ біз оны ғылымға итермеледік. Олар есі кіргенше менің театрда жұмыс істейтінімді білмейтін… Ал болып жатқан жағдай туралы олар хабарсыз. Себебі әлі кішкентай ғой.

– Өзіңіз де өнер адамысыз. Көпшілік әртістер жеңіл жолды таңдайды деп есептейді… Тіпті, әртістер шенді-шекпенділердің қолынан ұстап кетеді деген түсінік кездеседі!?

– Менің ойымша, сол шенді-шекпенділерді әртістер емес, басқа қыздар көбірек қағып алатын сияқты… біз, әртістер «қызғылт көзілдірік» киіп алып қиялға беріліп жүргенде, өзге «реалист» пысық қыздар көздерінің бір қиығымен-ақ шенді-шекпенділерді «жетектеп» кете барады емес пе?!. (жымиды). Сіз айтып отырғандай, қай «шенді-шекпендінің» әйелі актриса екенін мен, тіпті, білмеймін… Жеңілтектік пен салмақтылық, парасаттылық әртіссің бе, әртіс емессің бе – оған қарамайды. Жеңілтектер барлық жерде, барлық салада бар. Тіпті, әртістерден гөрі басқалар жеңілтектеу келетін сияқты, өмірге жеңіл қарайтын сияқты. Тек әрістер халық алдында жүргендіктен, көпшілік оларды танығандықтан олардың әрбір басқан қадамы көрініп қалады…

«Әртістер жеңілтек келеді, жеңіл жолды таңдайды» дейтіндер қатты қателеседі. Әртістердің әр кейіпкердің күйіне енудің қаншалықты азап екенін жоғарыда айттым. Сахнада немесе кинода әртістердің құшақтасқанын көріп, «әртістер жеңілтек» деп ой түюге болмайды, бұл қате пікір. Иә, ең алдымен сахнадан шынайы сезімді беру әртістің міндеті. Сахнаның екі шетінде тұрып та ғашықтықты көрсетуге болады. Кейіпкерлердің сезімін сахнада құшақтастырып жеткізе ме, әлде сахнаның екі жақ шетінде тұрғызып жеткізе ме – оны режиссер шешеді. Режиссер қойылымын қалай көреді, кейіпкерлерін қалай көреді – әртістерге сондай кейіпкерді шығаруды міндет етіп тапсырады. Егер режиссер де, әртіс те сахнадағы махаббат көріністерін, сезім иірімдерін өз деңгейінде жақсы алып шықса, мен ондайды қолдаймын.

– Әртістерді кезінде еркелетті дедіңіз. Ал қазір оларды бағалау деңгейі жеткіліксіз бе? Бұл өздерін жұлдызбын деп есептейтіндер көбейгендіктен емес пе?

– «Кезінде өнерпаздарымыз ерке болды» дедім ғой. Ол кезде шоқ жұлдыздар бір-бірден болатын. Нағыз хас таланттар, хас шеберлер еді. Ал қазір әншілер бір жерден бас қылтитса өзін жұлдызбын деп санайды. Мен өзімді олай есептей алмаймын, мен тек өз жұмысымды барынша адал атқаратын адаммын. Уақытында біздің өнерпаздарымыз ерке болды. Оларды халық еркелетті. Олар еркелетуге тұратын өнер адамдары болды. Қазір бізді олай еркелете бермейді. Әркім өзімен өзі… бағалап жатқан да ешкім жоқ… Әртістердің алатын айлығы 35-70 мыңның арасында десем, біреу сенер, біреу сенбес. Әртістер мемлекеттік қызметкер ретінде үйдің кезегіне де тұра алмайды. Бірақ барлық мемлекеттік іс-шараларға, ауқымды жобаларға жегілетіндер де – әртістер. Тіпті, сайлау кезінде мұғалімдерді қалай пайдаланса, әртістерді де солай пайдаланады.

Бізді халық бағалайды. Бірақ, жақсы мен орташа әртістің айырмашылығын көп адам біле бермейді. Әртіс мамандығы туралы жоғарыда айттым ғой, әртіс деген – дарын, талант иесі, өнер иесі. Әртіс жан-жақты қабілетті, жан-жақты талантты болуға міндетті. Сахнада «жан беріп», «жан алатын», бар қарым-қабілетін сарқа жұмсайтын, талмай еңбек ететін әртіс қана – нағыз талант иесі болып танылады. Ал «талант дегеніміз – 1 пайыз ғана қабілет, ал қалған 99 пайызы еңбек» деп Эдисон атқанын білесіз… Кейде сахнада сол қабілетің мен еңбегіңді сарқа жұмсап, жұмыс істеп жүргеніңде, залда көрермен кіріп-шығып жүретін кездер болады. Сөйтіп отырып, сенің жұмысыңды сынағыштар, мінегіштер табылады… «Көрермен мәдениеті», «сын мәдениеті» деген адамның санасына байланысты. Театр – мәдениет орны. Біз көрерменнің мәдени деңгейін көтеру үшін қызмет етіп жүрміз. Иә, жүз көрерменге татитын бір көрермен болады – ондай көрермендер үшін сағаттап емес, тәуліктеп сахнада жұмыс істеуге болады. Иә, Ресейде, Еуропада екі-үш күнге созылатын қойылымдар болады… Сезімтал көрермен сынды да айта біледі, еңбегіңді бағалап, құрмет-қошеметін де көрсете алады…

-Дәрия ханым, сұқбат беруге келіскеніңіз үшін үлкен рақмет айтамын! Жақсылықта жолығайық! 

ikerim.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста