Меңдекеш мұрасы мәңгілік
«Жарқ етіп жанар, көтеріп иық,
Алдыңа шықса құйындап.
Кетпесең, халқым, өлеңге сыйып,
Ақынның бағы – қиын бақ!». Осылайша жырлап, бақидан фәниге ерте озған оғылан ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің бұл дүниедегі ғұмыры отыз алты жыл ғана болды. Қазақ өлеңін тағы бір биік сатыға көтеріп, құбылыс болып келген тағдырлы ақын Меңдекештің туғанына биыл – 75 жыл. Осы мерейлі датаға орай облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы мен «Айтыс» қоғамдық қоры жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырып, өлеңге өртеніп кеткен қалам иесін еске алу шарасын өткізді.
«Мен — көктегі найзағай күркіреген» деген тақырыпта өткен мүшәйраға 19 жас ақын қатысты. Меңдекеш Сатыбалдиевке арнау өлең мен еркін тақырыптағы бір өлеңді жатқа оқу және белгіленген уақыт ішінде берілген тақырыпқа екі шумақтан кем емес өлең шығару секілді шарттардан тұрған мүшәйра Атырау жерінде Меңдекеш ақынның ізбасарлары аз емес екенін әйгілеп берді.
Меңдекеш Сатыбалдиевтің көзін көрген, сыйлас болған, ақын, Жазушылар одағының мүшесі Аманқос Ершуов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында жергілікті қаламгерлер Қойшығұл Жылқышиев, Жеңіс Аронов, Төлеген Берішбаев, Төлеген Жаңабаев және халық шығармашылығы орталығының әдіскері Ақмарал Бисеновалар болды.
Өмірдерек
Меңдекеш Сатыбалдиев (1937–1973) Атырау облысының Ембі (бұрынғы Жылыой) ауданында, Аманкелді ауыл кеңесінде туған. Облыстық «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек», «Теңіз», «Есбол» аудандық газеттерінде, облыстық радиохабарларын тарату комитетінде қызмет атқарған. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. «Қазақстан» баспасының көпшілік әдебиеттер редакциясын басқарды. «Жартастағы жазулар» атты очерктер жинағы мен «Ақ моншақ», «Шулайды толқын», «Күн шуағы», «Қызғыш құс» жыр кітаптары оқырманға кеңінен таныс.
Ақын рухына арнаған өлеңдерін жарыса оқыған жас таланттардың аяқ алыстары қуантарлық. Мүшәйра қорытындысы мен жыр аламанының бас жүлдегері болып Қызылқоға ауданындағы Ғабдол Сланов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әділбек Қайыров танылды. Бірінші орынды Махамбет атындағы облыстық драма театрының әдеби қызметкері Артур Яһуда иеленді. Қара өлеңнің қасиетін жастайынан таныған қызғалдақтай екі қыз — Әсел Таушанова мен Данагүл Берекет екінші жүлденің тұғырынан көрінді. Үшінші орын бұған дейін де талай ақындар аламанында алдыңғы қатардан көрініп жүрген Арман Жайықбаев, Нұрлан Мұрат пен Айболат Нұрниязовтардың еншісіне тиді. Мүшәйраны қорытындылаған қазылар алқасының мүшелері, Меңдекеш Сатыбалдиевтің көзін көрген ағалар әдемі естеліктерімен бөлісті.
Жылдар жылжып, заман ауысса да, артына өлмейтін сөз қалдырған ақын мұрасы – мәңгіліктің еншісінде сөнбес сәуледей салтанат құрып тұрары сөзсіз. Меңдекеш ақынның жыр мұрасы да мәңгілік жасайтынына сенеміз.