"Менен жаман қорқады": Димаш Құдайбергеннің ұстазы әйгілі шәкірті жайында сыр шертті
Әлемді мойындатқан мегажұлдыз Димаш Құдайбергеннің мысын басатын ұстазы Марат Әйтімов Stan.kz ақпарат агенттігіне эксклюзивті сұқбат беріп, әйгілі шәкіртіне қатысты қызық әңгімелерімен бөлісті.
Миллиондаған аудиторияны табындырған әнші үшін Марат Әйтімов - бір төбе. Әр сөзін жоғары бағалайды. Оның себебін ерекше талантқа музыкалық білім беріп, баптап, тәрбиелеген ұстазының өзінен сұрадық. Ол шәкіртінен ерекше сыйлық алғанын да жасырған жоқ.
«Мысы басады деген әңгіме сыйлағандықтан болар. Димаш - мың жылда біртуар, Құдай маңдайынан сүйген ерекше бала. Он жерден сен тәрбиелі, көрегенді болғаныңмен, Алла саған талант бермесе, ештеңеге қол жеткізе алмайсың деп ойлаймын. Оның үстіне бұл балада атасы мен әжесінің тәрбиесі бар. Қандай көергенді! Үлкенді сыйлап, бүлдіршіндерді бауырына басып жүреді. Ол Ақтөбеге келген сайын көріп жатырмын десем өтірік айтқан боламын. Мүмкіндік болса, міндетті түрде соғып кетуге тырысады. Жұмысқа соқса, даусын көріп, қандай жағдайда екенін қараймын. Ерекше сыйлық жасағаны рас. Бірақ мен біреулер секілді пәленше маған берді деп айтқан емеспін. Сыйлық алдым», - дейді Марат Әйтімов.
Димашқа төрт жыл бойына жеке сабақ берген ұстазы оның бүгінгі жетістігі тынымсыз еңбегінің жемісі деп баға береді.
«Біз балаларды жекелеп оқытамыз. 45 минут бойы жалғыз бала аптасына төрт рет сабақ алады. Маған келген балаларды бірден байқауға жібермеймін. Қазір «әу» дегеннің бәрі әннің соңына түсіп желпілдеп, ата-анасы еріп жүреді. Ол бала лауреат сыйлығын алу керек. Сөздің шыны керек, музыканың, ән айтудың парқын білмегендер алысқа бармайды. Димаш үнемі ізденісте жүреді. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін де жақсы мінез болу керек. Димаш ойыңды тез түсінеді. Онымен жұмыс жасау қиын болған жоқ. Әлем мойындап жатыр. Қазақ елі үшін үлкен мақтаныш", - дейді Марат аға.
Димашқа қатысты басқа әнші, танымал адамдардың тарапынан айтылатын сынға ұстазы:
"Әріптестері тарапынан неше түрлі нәрселер айтып жатса да, оған ешқандай жауап қайтарып жатқан жоқ. Өнерде жүрген аға-апаларымыз секілді интернетте, БАҚ арқылы арпылдасып, ешкімді ғайбаттап көрген емес. Болашағы үлкен адамның болмысы да солай болу керек», - деп жауап берді.
Отбасының жақын досына айналған әншінің ұстазынан атасы мен әжесінің еркесі кімнен ығатынын да сұрадық.
«Қанаттан ығатын болуы мүмкін. Сосын менен ығады. Менен жаман қорқады (күліп). Білім алған кезде жалғыз Димашқа емес, барлық балаларыма қаттымын. Қатты болмасаң белгілі бір кәсіби сатыға көтерілу мүмкін емес. Жеке өмірі жайында аздап айтатын кездер болады. Мен қазбалап сұрамаймын. Тек кеңес беремін. Баламдай болғаннан кейін ертең бармағын тістемейтін, жөні түзу қызбен бас қосқанын қалаймын. Біз саясат жайында айтпаймыз. Ұлт жайында, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтамыз. Димаштан кейін де жақсы шәкірттер бітіріп жатыр. Олардың көпшілігі опера жолын таңдады», - дейді әншінің ұстазы.