Меруерт Түсіпбаева сырғасын сыйға тартты (ФОТО)
«Самға жұлдыз» деп аталатын балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән байқауында қазылар құрамында әнші Меруерт Түсіпбаева сайысқа қатысушы өнерлі қызға өз сырғасын сыйға тартты, деп жазады baistars.kz.
«Бұл жобаның жетекшісі - Майра Ілиясова. Байқауға көптеген өнерлі балалар қатысып, іріктеу кезеңі ұзаққа созылды. Әр түрлі аудандардан келген өнерпаздардың барлығы да керемет. Майра апай, қазылар алқасының әрбір мүшесіне, өздеріне ұнаған қатысушыға жеке сыйлық табыстауды тапсырды. Өзім гастрольдермен жүріп, бұл жайлы ұмытып кетіппін. Қазылар құрамында болған әріптестерім Бота Бейсенова, Еркін Шүкімановтар уәде бойынша әкелген сыйлықтарын табыстап жатқанда, сыйлық алмағаным есіме түсіп ыңғайсыз жағдайға тап болдым»,- дейді әнші.
Алайда, Меруерт ханым тығырықтан былайша жол тауыпты.
«Сайыста өзіме ұнаған бір қыз бар еді. Соған сыйлық беремін деп ойлап қойғанмын. Сол қызға еш ойланбастан құлағымдағы алтын сырғамды шешіп беріп, ақ тілегімді жеткіздім. Халық та аң-таң болып, барлығы шапалақтай бастады»,- деп бала өнерпаздың кеудесін кернеген қуанышты бізбен бөлісті.
Меруерттен алтын сырға сыйға алған Інжу Бақыткелдіқызы 1-сынып оқушысы. Ән мен биді серік еткен өнерлі өрен Шәмшінің «Бақыт құшағында» әнін орындаған.