«Миллионды толық берген жоқ»: Кино актері Тұрсынбек Қабатовтан ақшасын ала алмай жүр
Кино әлемінің танымал актері Қажет Смағұлды білмейтін көрермен жоқ. «Қазақша бизнес», «Қазақша бизнес Америкада» мен «Қазақша бизнес Африкада» туындыларымен киносүйер қауымның сүйікті актеріне айналды. Ол алғаш өнерге қадам басқан кезі мен балалық шағы туралы «Менің өмірім» бағдарламасында айтып берді. Сонымен қатар танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтан алты жылдан бері ала алмай жүрген қарызы барын да жасырмады.
– 2003-2004 жылдары Семейден Астанаға көшіп келдім. Сол жылы Тұрсынбекпен таныстым. Бірге тойларға шықтық. Оның енді танымал болып жатқан кезі. Сол кезде театр құру ойында жүрген еді. Мен басында оған мән бермедім.
Тойдың қызығына түсіп, көпке дейін асабалықтан кете алмай жүрдім. Концерттерде жүргізуші болдым. 2014 жылы «Базар жоқ» жобасы дүниеге келді. Сол кезде мені театрға кастингке шақырды. Сұрастыра келе, театрға кілең жас жігіттер жиналғанын білдім. Бір күні Қарағанды қаласында «Сарыарқа» тобымен концерт қойып жүргенде, өзі хабарласып толық мән-жайды түсіндірді.
«Бірден бірінші турға кел. Жеңіске жеткен актерларға 1 миллион теңге ақша береміз, әрі театрға қабылдаймыз», – деді. Сол жерде ұйымдастырушылардан кешіріп сұрап, Алматыға ұшып кеттім. Төрт күн түсірілім болып, Бас жүлдені жеңіп алдым. Бірақ миллион теңгені толық алған жоқпын.
700 мың теңгесін ғана берді. Бір-екі рет өзім де сұрап, кейін ұмытып кеттім. 300 мың теңге де аз ақша емес, өзіне де керек болған шығар. Оған еш ренішім жоқ. Әлі күнге дейін елге танымал болуыма ықпал еткен досыма алғысым шексіз, – дейді талантты әзілкеш.
kznews