Мөлтек мәліметтер

Парижді бағындырды
Франция астанасы Париждегі әлемге әйгілі «Гаво» концерт залында қазақстандық өнер шеберлері шетелдік көрермендерді тәнті етті.
Бұл мәдени шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына, сондай-ақ Франциядағы ҚР Мәдениет күндері аясында ұйымдастырылды.
Еуропалық көрермен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің, Астана қаласы опера және балет театры камералық оркестрінің өнерін жоғары бағалады. Әлібек Дінішев, Айдар Абжаханов, Медет Шотабаев, Бибігүл Сауытова, Ержан Күлібаев сынды басқа да өнер майталмандары Париж сахнасына сән берді. Қазақстанның өнер шеберлерінің делегациясын ҚР мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев бастап барды.
Балаларға арналған «Бәйтерек»
1 шілде күні Астана қаласының «Керуен» ойын-сауық сауда орталығында орын тепкен «Кинопарк-7» кинотеатрында Астана қаласы әкімінің қолдауымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен Астана қаласының 13 жылдығы құрметіне балаларға арналған «Бәйтерек» атты мультфильмнің тұсаукесер көрсетілімі болады.
Белгілі режиссер-аниматор Әбдіқадыр Сабыр бастаған жоба авторлары аталған жаңа туынды қазақ балаларының сүйіп көретін мультфильмдерінің біріне айналады деп сенім білдіріп отыр. Тұсаукесерге кішкентай көрермендермен қатар, елімізге танымал тұлғалар, жергілікті БАҚ өкілдері де қатысады. Ал атақты Еuronews телеканалы «Бәйтерек» туралы арнайы хабар жасамақ. Тұсаукесер қойылым бірнеше күн бойы жүреді.
balbulaq.kz іске қосылды
Мемлекеттік тілді дамыту Президентік қоры мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен балаларға арналған қазақ тіліндегі balbulaq.kz web-сайты жұмыс істей бастады.
Аталған сайт 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған шаралардың бір парасы саналады. Жаңа портал, негізінен, 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған. Сайтта бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу-әдістемелік материалдарды, халық ертегілерін, аңыздар мен мифтерді, мультфильмдерді, басқа да ақпараттық-танымдық материалдарды молынан орналастыру жоспарланып отыр.
Елорда: кеше және бүгін
Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиевтің «Ақмола-Целиноград-Ақмола-Астана» атты жеке көрмесі өтуде.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған көрменің мақсаты – елордамыздың қалыптасуы мен дамуының тарихын суреттеп, қаланың қазіргі кездегі бейнесін сомдау. Көрменің ашылуына бейнелеу өнерінің танымал шеберлері мен бір топ халық қалаулылары қатысты. Жақында суретшінің еңбектері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық конкурстың алтын медаліне лайық деп танылды. Қылқалам шеберінің суреттері, сондай-ақ Германия, Ресей, Корея, Қытай, Украина галереяларында сақтаулы тұр.
Анкаралықтар Астанада болды
Елордада 24-27 маусым аралығында Түркия астанасы – Анкараның Астанадағы мәдениет күндері болып өтті.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған мәдени шара аясында Анкара мен Астана қалаларының өзара ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды. Астанадағы Анкараның мәдениет күндері салтанатты жағдайда «Қазақстан» орталық концерт залында Түркия өнер ұжымдарының қатысуымен ашылды. Аталған шараға Анкарадан 130 адамнан құралған делегация арнайы келді. Олар – Түркия парламентінің өкілдері, әртістер, музыканттар және шығармашылық ұжымдар.
Ғалымды еске алу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандық қоғамның жаңартылуы жағдайында саяси жүйені қалыптастыру және жетілдіру: теория мен тәжірибе мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция болды. Осынау ауқымды ғылыми шара белгілі академик, профессор Ғайрат Сапарғалиевті еске алуға арналды.
Ғайрат Сапарғалиев – республикада және шетелдерде шығарылған 300-ден аса басылымның авторы. Академиктің ежелгі кезеңнен мемлекеттік басқаруға дейінгі және Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысына дейінгі кезеңдегі мемлекет және құқық теориясы мен тарихының мәселелеріне арналған 60-тан астам монографиясы мен оқулықтары жарық көрген.





