Мөлтек мәліметтер
Анкарада Дина саябағы ашылды
Түркия астанасы Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Этимесут әкімшілігінің ұйытқы болуымен қазақтың халық композиторы, белгілі күйші Дина Нұрпейісова атындағы саябақ ашылды.
Дина Нұрпейісова саябағы Анкара қаласының Сүвари ауданы, Ахи Месут бульварының 21-даңғылында орналасқан. Осыған орай Анкара көркемөнер мұражайында түркі мәдениетін ұлықтап жүрген халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрінің концерттік бағдарламасын ұсынды.
Бұл шаралар халқымыздың аса көрнекті күйші-сазгері Д.Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына негізделген. Мерейтой бағдарламасы аясында еліміздің халық аспаптары оркестрі Мерсин, Хатай, Газиантеп, Анкара, Ыстамбұл қалаларында Түркияның өнерсүйер қауымын ұлтымыздың музыкалық шығармаларымен сусындатты. Алдағы уақытта елордамыз Астананың төрінде күй анасы Динаның сәулетті ескерткіші бой көтермек.
«Ер Тарғын» – сандық форматта
«Жәдігер» дәстүрлі өнер клубы» қоғамдық қоры еліміздің Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Ер Тарғын» жырын сандық форматта жарыққа шығарды.
Жоба авторы – белгілі әнші-термеші Ақан Әбдуәлі. Ұзақтығы 1,5 сағаттан асатын бұл жырды Ақанның өзі, Гүлмарс Аманбаева, Ерболат Шалдыбеков, Рысбек Әшімов, Амандық Көмеков, Аманқос Садықов пен Баян Мұсаевалар орындаған. Шоқан Уәлиханов «қазақтың алтын ғасыры» деп бағалаған ноғайлы дәуірін бейнелейтін «Ер Тарғын» жырының біздің заманымызға сегіз түрлі нұсқасы жеткен. Олардың ішінде ең толық және көркем нұсқасы – Марабай ақын жырлаған үлгі. Оны Н.Ильминский жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп бастырып шыққан болатын. Бұл аудиоантология – «жәдігерліктердің» жүзеге асырған үшінші жобасы. Осының алдында аталған қор «Алпамыс батыр» мен «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанын қайта жаңғыртқан болатын.
Фарабитанушыға құрмет
Кеше Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде «Жастар. Руханилық. Интеллектуалдық ұлт» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
Ғылыми басқосу философия ғылымының докторы, профессор Ағын Қасымжановтың 80 жылдығына орайластырылған. «Қасымжанов оқулары» аясында ұйымдастырылып отырған шараға АҚШ, Египет, Қырғызстан, Қытай, Ресей мемлекеттерінен қонақтар шақырылды.
Қазақстандағы әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқыларының бірі саналатын Ағын Хайруллаұлының (1931-2000 жж.) жетекшілігімен Кеңес Одағы кезінде әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық, логикалық трактаттары алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, ғылыми айналымға енген.
Сахнада – «Ұлбике»
Кеше Астанадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында Ұлттық дәстүрлер театрының жаңа маусымының ашылуына орай «Ұлбике» музыкалық-драмалық қойылымы болды.
Орталық жетекшісі, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен ақын Несіпбек Айтұлының қаламынан туған «Ұлбике» қойылымы XIX ғасырда Сыр бойында өмір кешкен айтыс ақыны, әнші, домбырашы Ұлбике Жанкелдіқызының қайғылы тағдыры туралы сыр шертеді. Ұлбике рөлін Кенен Әзірбаев атындағы байқаудың лауреаты, талантты әртіс Жазгүл Даңылбаева сомдады. 12 жасынан шаршы топқа түскен Ұлбике Ізтілеу, Серәліқожа, Майлықожа, Мәделіқожа, Таспа ақындармен айтысқан. Ақынның Күдеріқожамен айтысын кезінде зерттеуші В.Радлов жазып алып, кейіннен орыс, неміс тілдеріне аударып жариялаған.
«Қазтест» қазақшаңды тексереді
Кеше «Мемлекеттік тілді дамыту» президенттік қорының қолдауымен Астана политехникалық колледжінде «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет!» атты жаңаша үлгідегі тіл байқауы басталды.
Жобаның басты мақсаты – студент жастардың мемлекеттік тілді үйренуіне ықпал ету және оларды ынталандыру. Осылайша «Қазтест» жүйесі арқылы байқауға қатысушы оқушылардың қазақ тілін меңгеру деңгейі анықталмақ. Олар тіл үйренуге берілген екі ай ішінде ауызекі қазақ тілін үйреніп шығуы керек. Ал екі айдан соң «Қазтест» жүйесі және қазақ тілінде жеке әңгімелесу арқылы тіл үйренушілердің қазақ тілін қандай деңгейде меңгергені бағаланып, байқау жеңімпаздары анықталатын болады. Қазақша тіл сындырып, еркін сөйлей алатын жүлдегерлерге қордың арнайы дипломы мен бағалы сыйлықтары табыс етілмек. Аталған байқау еліміздің өзге де оқу орындарында жалғасын таппақ.
«Көліктер-2» таспаға басылды
Алдағы қараша айынан бастап атақты «Уолт Диснейдің» анимациялық өнімі – «Көліктер-2» мультфильмі сапалы түрдегі DVD және Blu-Ray форматтарында жарыққа шығады.
Бұған дейін аталған мультфильм тек кинотеатрларда ғана көрсетіліп, халық арасына пираттық таспа өнімдері тарап кеткен болатын. Осыған орай 22 қазан күні Алматыдағы «Мега» сауда ойын-сауық орталығында арнайы шоу-шара ұйымдастырылады. Қаперге сала кетсек, биылғы жылдың маусымында «Уолт Дисней» компаниясының қазақ тіліндегі алғашқы жобасы – «Көліктер-2» мультфильмі еліміздің 40-тан астам кинотеатрында бір күнде көрсетілген болатын. Осылайша қазақ тілі әйгілі компания өнімін ресми дубляждауға мүмкіндік алған санаулы тілдердің қатарына қосылды.
Кюриге ескерткіш қойылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің холына әлем әйелдерінің ішінде ең үздік ғалым болып мойындалған поляк қызы Мария Кюриге ескерткіш ашылды.
Сондай-ақ факультеттің зертханасы мен аудиториясына Кюридің есімі берілді. Алдағы уақытта зертхана базасында біріккен ғылыми жобалар іске асырылатын болады және тәжірибе алмасу мақсатында біздің елдің ғалымдары мен студенттері Польшада біліктіліктерін арттырады, ал Польша ғалымдары бізде дәрістер оқитын болады. Мария Кюридің Нобель сыйлығын алғанына 100 жыл толуына орай өткізілген шара барысында Поляк химия қоғамының президенті, профессор Богуслав Бушевский ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтановқа, Алматыдағы Польша мемлекетінің бас консулы В.Осуховский мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдумановқа «Мария Кюри» медалін табыстады.