Монументтің сыры осындай...
– «Қазақ елі монументінің биіктігі еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылмен орайластырып салынған. Ақ мәрмәрдан көтерілген монументтің ұшар басында самұрық құс бейнеленген. Біздің ұғымымызда самұрық құс – еркіндіктің, күш-қуаттың, кеңдік пен тәкәппарлықтың символы. Аңыздардан білуіміз бойынша, самұрық – өзінің балапаны үшін аждаһаның аузына түсуге барған алып құс. Міне, монументте бейнеленген осынау алып құс – еліміз Тәуелсіздіктің тұғырын берік ұстап, жерінде халқына пана болып, алпауыт мемлекетке айналсын деген тілекпен бейнеленсе керек. Самұрықтың биіктігі – 3,3 метр.
Ескерткіштің тұғырында төрт қабырғасына орнатылған қоладан құйылған төрт бедербейне бар. Бедербейненің биіктігі – 6,9 метр, ал ені – 3,7 метр. Сурет те, бейне де сөйлейді. Міне, осы бедербейнелер де қазақ тарихынан өзіндік сыр шертеді. Монументтің батыс жақ бөлігінде орналасқан «Президент және халық» деп аталған бедербейнеде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген. Президенттің ту сыртында Қазақстанның халқын бейнелейтін адамдардың сұлбалары көрінеді. Монументтің оң жақ бөлігінде орналасқан «Қаһармандық» бедербейнесінде Тәуелсіздікті найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған батырларымыз бейнеленген. Бұл да «Отанды қорғау – қанға сіңген қасиет» дегеннен хабар береді. Ал монументтің сол жақ бөлігінде орналасқан «Жасампаздық» бедербейнесінде көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі қазақ жұртының дамуы мен өркендеу жолын баяндайды. Және соңғы «Болашақ» бедербейнесінде ғылымда, мәдениет пен спортта үлкен жетістіктерге ұмтылып келе жатқан жастар бейнеленген. Композицияның ортасында жас отбасы бітімі сомдалған. Ол отбасы құндылығын бейнелеп, Қазақ елінің шаңырағы шашақты болуына шақырады.