МОТИВАЦИЯЛЫҚ КІТАПТАРДЫҢ МӘНІ БАР МА?

МОТИВАЦИЯЛЫҚ КІТАПТАРДЫҢ МӘНІ БАР МА?

Қалай тез арада арықтауға болады, қандай жолмен үлкен махаббатты қолыңызға қондырып, жұмыста қазіргіден де табысқа кенелесіз? «Жаман әдеттен арылудың 11 әдісі», «Сөзіңіздің айналаға өтімді болуын қаласаңыз», «Өзіңізді жеңудің 14 жолы» және тағысын тағылар. Осындай тақырыптағы сәнге айналған мотивациялық кітаптарды кез келген кітап дүкенінің сөрелерінен кездестіріп жүрміз. Тіпті, бүгінде оларға «Танымал психология» деп аталатын арнайы сөре берілетін болған. Сол кітаптар шынымен де жалқау адамды еңбекқорға, жігерсізді батылға айналдырып, табысы төмен жанды ауқаттылардың қатарына қоса ала ма?

Мұндай кітаптар кімге көмектеседі?

Бүгінде интернет-дүкендерден «мотивациялық» деген тегтегі сан алуан кітаптарға тапсырыс беріп, сатып алуға, сайттардан жүктеуге мүмкіндік бар. Әлеуметтік желідегі түрлі топтар заманауи мотивациялық кітаптардың жарнамасын үзбей жүр. Негізі, оқырмандар мұндай кітаптарды өзін-өзі дамыту үшін, рухани биіктікке жету мақсатында, жеке өміріндегі мәселелердің шешімін тауып, өз мінезіндегі кемшілікті түзегісі келіп оқиды. Мотивациялық кітап сөрелерінің оқырмандары сол авторлардың саудасын қыздырып, қалтасын қампайтып жатқанын да ұмытпау керек. Өйткені кітап жазу дегеніңіз – қып-қызыл ақша. Түсетін пайдасы көл-көсір. Қазіргі күні дәл осы жанрдағы кітаптарға сұраныс жоғары. Сондықтан да әлемде пайдасы шаш етектен индустрия болып есептеледі. Кітапқа «жабысып» қалу да артық. Өзіңіз өз болып та шешім қабылдай аласыз. Сол кітаптарды оқымай тұрып та бар мәселені өзіңіз шештіңіз емес пе?! Сонда да оның көмегіне жүгініп, авторлардың саудасын жүргіземін десеңіз – оқуда тәртіп қалыптастырған жөн. Ондай кітаптардың оқырманының басым көпшілігі – университет, колледждердің студент-жастары мен кәсібін бастап келе жатқан жас кәсіпкерлер. Дегенмен, оқырмандардың көп пайызы «осы жұрттар оқып жатыр ғой, мен де бастап көрейінші» деп кітап бетін ашқанымен, ондағы кеңестерді орындамайды. Егер ескісін іске асырмасаңыз, жаңа кеңестерді оқығаннан не пайда?! Онда қандай нәтижеге алып келетінін көру үшін белгілі бір уақытты талап ететін ақыл-кеңестер жазылады. Сіз бір ақпаратты тағы да естігенде сізді жігерлендіретіндей ол жаңа емес. Солай бола тұра, сізде ондай өзгерістердің нәтижесін бүге-шүгесіне дейін білетін тәжірбие де болмайды. Сонысымен де мотивациялық кітаптар қауіпті. Өйткені олар шабыттандырудан гөрі, бетіңіздің қайтуына әсер етіп кетеді. Әрине, бұл жағдайда кінә – оқырманнан.

Миллиардерлер не оқыды?

Әлемдік миллиардер дегенде – бірінші ауызға алатын Стив Джобс, Билл Гейтс, Сергей Брин сияқты кәсіпкерлер де мотивациялық кітап оқыған екен. Бірақ кітапханаларына арнайы сөре беретіндей коллекция жинамаған. Бар болғаны, өмірінде санаулы ғана кітаптарды жұмысқа барса – үстелінен, үйге келсе – электронды нұсқасын iPad-тан тастамапты. Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобстың ең сүйікті шығармасы Intel корпорациясын құрғандардың бірі Эндрю Гроувтың «Параноиктар ғана аман қалады» болыпты. Бұл кітап қазіргі бизнес әлемінде аман қалудың жолдарын тәжірбиеде көрсете алуы себебінен бұрыннан атақ пен даңқа ие. Оның үстіне Стивке автордың жетістікке қалай жеткенін мақтанышпен айта отырып, қалай сәтсіздікке ұшырап, қателік жібергендерін де ашық мойындағаны ұнаған болар. Сондай-ақ табысты кәсіпкер вегетариан болуына қатты әсер еткен Фрэнсис Лаппенің «Кішкентай ғаламшарға арналған диета» кітабын да сүйікті әдебиеттер қатарына жатқызады. Кітап дұрыс тамақтану жолдарын ғана жазбай, айналаңмен қандай байланыста өмір сүру керектігіне де кеңес береді. Goggle-дың негізін қалаушы Сергей Брин аталмыш компанияның қазіргі жағдайына жетуіне әсер еткен бірден-бір кітап ретінде «Сіз, әрине, қалжыңдайсыз, мистер Фейнман!» кітабын атайды. Америкалық физик, Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнманның бұл туындысы кәсіпкерге адам шығармашыл әрі із­денімпаз тұлға болу керектігін ұғындырыпты.
Microsoft компаниясын құру­шы­­лардың бірі әрі бұрынғы ак­цио­нері Билл Гейтстің өмірінде кі­тап­тар үлкен рөл атқарады. Со­ның ішінде мотивациялық кітап санауға болатын Джошуа Фоердің «Эйнштейн Айда серуендейді» еңбегі. Шығарманың мазмұны егер сіз ұмытшақ адамдардың қатарында болсаңыз, онда ешқашан табысты бола алмайсыз дегенге саяды. Солай бастап келіп, түсініксіз фактілерді қалай есте сақтап, ең пайдалысын таңдаудың тәсілдерін үйретеді. Кітап жөнінде кәсіпкердің өзі «Бұл шығарманың артықшылығы онда есте сақтау қабілеті мен түсінікті бөліп-жармайды. Ақпаратты талдау мен сақтау қоян-қолтық қабысып жатады» дейді. Жары екеуі бірге оқыған атақты музыкант Питер Баффеттің «Өмір деген – сенің не істеп жатқаның» кітабын оқуға кеңес беріпті. Өз өмірі туралы жазған бұл кітапта автор әркім бұл өмірде өз жолын іздеп табу керек деген байлам жасайды.
Байқасаңыз, бұл кісілер – кілең жетістікке жетіп, өз өміріне өздері қожалық жасай алған жандар. Сіз оқып жатқан авторлар шын өмірде не тірлік қылып жүргенін білесіз бе?

Атақты авторлар кімдер?

Өздерін жігерлендіріп, өз өмірін қолға алу үшін түрлі авторлардың ынталандырушы кітаптарынан бас алмай оқитындар бар. Тіпті, бұл істі әдетке айналып кеткендері де кездеседі. Кітаптың аталмыш жанрын қолға алмас бұрын, жазушының шын өмірде кім екенін және не бітіріп жүргенін оқып алу қажет. Бірнеше авторларға тоқталайық.
Дейл Карнеги – психолог, шешен, дау-жанжалсыз қарым-қатынас пен адамдармен араласу теориясын қалыптастырушы кітаптардың авторы.Алайда миллиондаған мотивациялық кітаптары сатылып жатқан жазушыға оқырмандарынан жеке өмірін жасыруға тура келеді. Өйткені ол мүлтіксіз қарым-қатынастың құпиясын біліп, бәріне оның сан түрлі әдістерін айтып жүрсе де бірінші әйелімен жараспапты. Бақытсыздығына орай, екінші жарымен де айырылысады. Өмірінің соңғы сәттерінде Ходжкина ауруына шалдығады. Солайша шешендік өнердің табысты жаттықтырушысы, позитивті ойлаудың шебері, жалақысы жоғары кеңесші 55 жасында өз үйінде жалғыздықта көз жұмады.
Атақты балалар дәрігері, баланы тәрбиелеу, онымен қарым-қатынасқа жаңаша көзқараспен қарау туралы көптеген кітаптардың авторы Бенд­жамин Спок өз ұлдарымен тіл та­бы­са алмапты. 1998 жылы қатты ауыр­ға­нында өте жақсы жерде жұмыс іс­­тей­тін екі ұлы да көмектесуден бас тар­тып, қарттар үйіне баруға кеңес береді.
Қалай бақытты болуға болатыны туралы кітаптар шығарып, оқыр­ман­дарының көзайымына ай­нал­ған тележүргізуші, жазушы Чхве Юн Хи 63 жасында өмірін өзі­не қол жұмсаумен аяқтайды. Бұ­лай етуінің бірден-бір себебі, соң­ғы екі жылда өкпе мен жүрек ауруымен науқастанғаны екен. Оқырмандар табиғи бол­мыс­пен қоршаған ортасында гармония­да өмір сүру жөнінде талай лекция оқыған ынталандырушы-шешеннен мұндай әрекет күтпегені анық.
Мұндайда «Молданың істе­генін істеме, айтқанын істе» де­ген бұрынғының мақалы еске түседі.
Алайда барлық кітаптың ав­торлары өз жазғанына қайшылықта өмір кешіп, қайғыда кетіпті деуге де келмейді. Өйткені мықты де­ген мотивациялық кітаптардың авторлары да бақытты болған және шынында да жетістікке жеткен.

Қандай кітап оқу керек?

BI Group компаниясының бас­­шы­сы Айдын Рахимбаев бір сұхба­тында бизнесті қалай дамытуға бо­ла­­тыны туралы әдебиеттерді көп оқи­тынын айтыпты. Ицхак Адизес, Карл Сьюэлл, Маркус Бакингем, Стивен Кови – кәсіпкердің жиі ай­татын жазушылары. Бар­лық уа­қыт­та маңыздылығын жоғалт­пай­тын шығармаға Джим Коллинздің «Жақсылықтан ұлылыққа» кітабын жатқызады.
Мұрат Әбенов фейсбуктағы парақшасында мәңгілік ел болу үшін білімді, білікті, ізденімпаз, дәстүрлерге сүйеніп, жаңаша әрекет жасай білетін азаматтардың көп болуы керектігін жазады.
«Ол үшін өздері қажетті ақпарат тауып, оны пайдаланып, дер кезінде шешім қабылдай білу – маңызды. Заман талабына сай өзекті ақпаратты қайдан алуға болады? Әрине, бірінші кезекте кітаптан таба аласыздар. Мәселе қандай кітап оқу керектігінде. Бизнес, жаңа технология, басқару жүйесі, психология, өз-өзіңді дамыту әдістері бағыттарында төмендегі 5 кітапты ұсынамын: 1) С.Кови «8 дағды»; 2) Д.Коллинз «Жақсы нәрселер – ұлының жауы»; 3) Р.Шарма «Өзінің феррариін сатқан сопы»; 4) Н.Талеб «Морт сынғыштыққа қарсы»; 5) И.Адизес «Көшбасшылардың дамуы».

Анна ҚҰДИЯРОВА, Орталық Азия психоанализ орталығының директоры:
– Кітап оқу – мәдениеттің бір белгісі. Ең бірінші бұл түсінік әліппеден басталуы қажет. Кітап бетін ашпайтын адамның тұлға ретінде дамуы қиындау. Мотивациялық, яғни түрткі кітаптарды оқудың зияны жоқ. Кейде тепкі деп те атасақ болады. Біреуді былай теуіп, келесісін олай теуіп қозғау керек дегендей. Әдетке айналдырып кетер болса, онда тұрған не бар? Диалектика заңы бойынша бірінші сан болуы керек, онан кейін жаңадан сапа пайда болады. Көбелектің тілі басқаша, қолтырауынның тілі бөлек болатыны сияқты, әр адамның түсінік-қабілеті басқаша. Соған сай әртүрлі кітап болуы қажет. Мына кітап сізге әсер еткенімен, құрбыңыздың көңілінен шықпауы мүмкін. Өз ойындағысына жауап табу үшін бір адамға он, тіпті жүз кітап оқу керек болады. Түрткі кітаптың оқырманы жасөспірім болса, әке-шешесі не оқып жатқанынан хабардар болуы тиіс. Студент болса, өзіне жауап бере алатын жеке тұлға ретінде қай кітапты оқитынын өзі шешсін. Қай жерге қандай көйлек киетініңізді өзіңіз білесіз ғой. Кітап таңдау да солай.

Бақытжан БҰҚАРБАЙ, саясаттанушы, суретші, қазақ тілін дамытуға бағытталған жобалардың авторы:
– Кітап индустриясы – бизнес. Байқағандарыңыздай, сөредегі мотивациялық кітаптардың көбісі шетелден келеді. Бізде жұлдыздар тойға барып қалай ақша тапса, шетелдік авторлар да кітап шығарумен ақша табады. Оның бір мысалы, «Гарри Поттермен» мульти-миллионерге айналған Джоан Роулинг. Мәселен, «Күміс кітабымды» маркетингке салуға қаражатым жетпеді. Егер осы кітаппен ақша тапқым келсе, маркетолог жалдап, оған жалақысын төлер едім. Кітаптың жарнамасы кеңейіп, билбордта, метроның жарнама тақтайшаларында, түрлі сайттарда тұрар еді де әжептеуір пайда көрер едім. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, барлық кітап бірдей пайдалы бола бермейді. Алайда жарнамасына жақсы қаражат салса, таралымы көбейіп кетеді. Бәрін қолдан жасап алуға болады осылай. Бұл – тренд, жай ғана сән.
Мотивацияңыз жетпей, оны жүздеген кітаптардан іздеуге бел бусаңыз, уақыт жоғалтпай бір ғана кітапты оқып шықсаңыз жеткілікті. Бұл кітап – XX ғасырда өмір сүрген австриялық психолог Виктор Франклдың «Өмірге «Иә» де: концлагерьдегі психолог» атты еңбегі. Ол Венада оқып, депрессия мен суицидтің психологиясын терең зерттейді. Еврей болғаны үшін концлагерьде екі жарым жыл тұтқында болып, идеяларын осында тексеріп көреді. Өмір мәні адамның ең басты мотивациясы деген тұжырымға келеді. Франклдың еңбектерінің дүниеге келуінің құны жоғары болды. Сол себепті мотивацияны арттыру тақырыбындағы бүгінгі шығып жатқан әдебиеттер футболдың үшінші лигасындағы клубтар сияқты. Қорыта айтқанда, сәнге айналған кітаптарға сене бермеңіз.

Түйін:

  • Бір адам лотореядан ұтыс шығып, көп ақша ұтып алуын Жаратушыдан сұрай береді екен. Жатса да, тұрса да тілейтіні – сол. Сонан соң Жаратушы шыдамай кетіп, жерге түсіпті де «сен әуелі лоторея билетін сатып алсаңшы» деген екен. Әрине, бұл – қағытпа қалжың. Десек те, осы оқиға секілді кітаптың жақсылығын көру де өзіңізге байланысты. Кез келген мотивациялық әдебиеттің авторы «ә» дегеннен-ақ барлығын тастап, бірден іске кірісу керектігінен бастайды. Бар құпия да сонда болар. Кітапты тек оқып отырмай, ондағы істе дегенін істеп, қолға ал дегенін бастау керек шығар. Сонда ғана пәленбай сомаға сатып алғаныңыз қажетіңізге жарап қалар, бәлкім.
  • Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

    aikyn.kz

    Автор
    Последние статьи автора
    Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
    Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
    Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
    Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
    Цифра
    50
    50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

    50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
    1900
    Году

    Бокс был узаконен как вид спорта
    2,5
    ГРАММА

    Масса мячика для игры в настольный теннис
    5
    Олимпийских колец

    символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
    130
    км/час

    С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста