Мұғамила Әуезованы соңғы сапарға шығарып салды
Кеше Мұхтар Әуезовтің тұңғышы Мұғамила апаны ел-жұрты соңғы сапарға шығарып салды. Мұғамила Мұхтарқызының жаназасын шығару рәсіміне мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты.
Жазушының тұңғышы көзі тірісінде Кеңсайда өзі әзірлеп қойған зиратқа жерленді. Жерлеу рәсімінен кейінгі хатым түсіру кезінде мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп, марқұмның өмір жолына тоқталып өтті. Министр бұл ретте Мұқаңның Ташкентте аспирантурада оқып жүргенде қамауға алынған кезеңін айрықша атап өтті. Сол кезде Әлкей Марғұланның көмегімен Мұғамила Алматыға келіп, Әлкейдің жерлесі Ахметбек Шикібаев деген кісінің қолында тұрады. Ұсталған Мұқаңды Алматыдағы түрмеге әкелгенде, онымен сөйлесіп, ас апарып тұрған жалғыз адам осы Мұғамила болатын. Бүгінде Төле би көшесінің бойында Тұрғыт Озал және Розыбакиев көшесі аралығында тұрған бір кездегі НКВД түрмесіне Мұғаш қаланың орталығынан жаяу қатынап, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да тілектес адамдардың арасын байланыстырып тұрды.
Әкесі Мұғаш атап кеткен Мұғамила апа 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды.