Мультипликаторлардың мұңын кім тыңдайды?
Біле білсеңіз, анимациялық туындылардың сәби санасын бірден билеп-төстеп алатын идеологиялық сиқыры күшті. Мәселен, Батыс Еуропаның, АҚШ-тың әлеуметтанушылары, психолог-педагогтері балалардың аудиториясына бағытталған электронды құралдарға, теледидар бағдарламаларына «үшінші ата-ана» деген мәртебе берген. Себебі өркениетті елдер өз ұрпағын өздерінің болмысына, салт-дәстүріне негізделген төл туындыларымен тәрбиелейді. Сол себепті де олар мультфильм индустриясына миллиондаған, миллиардтаған қаржы жұмсайды. Ал біздің елде ше? Жат елдің шаң басқан «қаңсығын» қазақ тіліне аударып, дүбәрә дүниелерді күн сайын балалардың санасына сіңіріп жатырмыз. Сонда теледидарға қарап шүлдірлейтін қара домалақтарды кім тәрбиелеп отыр?
Отандық мультфильмдер төңірегінде әңгіме қозғалса, жадымызға бірден қазақ аниматорының атасы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты туындысы оралады. Қазақ бүлдіршіндерінің талғамын қалыптастыруда өзіндік рөлі бар, асыл қазынаның соңын ала дүниеге келген «Бозторғай», «Гүл», «Тігінші мен ай», «Дастарқан», «Ақсақ құлан», «Құйыршық» сынды мультфильмдер қазақ балалары үшін нағыз ұлттық тәрбие құралына айналғаны жасырын емес. Өкінішке қарай, мұндай қазақы иіс аңқитын туындылар саусақпен санарлық. Батыстан ағылған толассыз ағыстардың арасында көлге сіңген тамшыдай жоқ болары сөзсіз.
Отандық мультфильмдердің саны неге мардымсыз? Елде әлде төл туындылар жасап шығаратын мамандар жоқ па?
Адай ӘБІЛДИНОВ, аниматор:
– Еліміз аниматорлардан кенде емес. Алайда халық олардың тырнақалды туындыларынан, тырбанып іске асырған еңбектерінен бейхабар. Неге? Себебі «жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды». Сондықтан барлық қазақстандық аниматорлардың басын бір шаңырақ астына қосып, бірлесе қимылдау үшін жаңа қауымдастық құрдық. Бұдан былай БАҚ өкілдері мен аниматорлар қоян-қолтық жұмыс жасайтын болады. Қазақ анимациясының 40 жылдан астам тарихы бар. Соған қарамастан даму жағынан кенжелеп келеді. 2000 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында осы мамандық бойынша шеберхана ашылды. Жылына бес-алты аниматор тәрбиелеп шығарады. Алайда оларға жұмыс беріп жатқан үкімет жоқ. Мәселен, Қытайда жылына 3 мың аниматор дайындап шығарады. Олардың 20 пайызы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істесе, қалғаны коммерциялық тапсырыстармен нәпақасын табады.
Әлқисса, мамандар да баршылық екен, жыл сайын диплом алып жатқан. Олай болса, ұлттық анимация неліктен аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп келеді? Құдайға шүкір, анимацияға арқау болар ертегілеріміз де жеткілікті.
Қайырғали ҚАСЫМОВ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы анимация кафедрасының жетекшісі:
– Қазақ фольклоры бүлдіршіндердің ой-өрісін дамытып, дүниетанымын қалыптастыратын шығармаларға, ертегілерге бай. Мәселен, 5 жастан 11 жасқа дейін бүлдіршіндер үшін салт-дәстүрлерді дәріптейтін туындылар түсірсек, 11-13 жас аралығындағы балаларға қиял-ғажайып ертегілерін арқау етуге болады. Бұдан кейін эпостық жырларды насихаттап, батырларды дәріптеуге болады. Яғни қазақ фольклоры тұнып тұрған жастарды тәрбиелеудің бас жоспары. Тек жекелеген жазушы-драматургтерді, режиссерлерді балалар тақырыбына тартуымыз керек. «Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығару» үшін қауымдастық құрып отырғанымыздың бір себебі – осы.
Тарихқа зер салсақ, қазақ анимациясы 1967-1991 жылдар аралығында қарқынды дамыды. Тек Одақты таратқан тоқырау анимация саласын да тығырыққа тіреген еді. Араға он шақты жыл салып, отандық аниматорлар ес жиып, қайта еңсе тіктеген. Соның арқасында қазір еліміздің Алматы, Астана, Көкшетау, Шымкент қалаларында ашылған бес жекеменшік студия жұмыс істейді. «Қазақфильм» мен студиялар арасында орнатылған қоян-қолтық байланыстың нәтижесінде «Аңшы», «Мұңлық-Зарлық», «Құйыршық», «Қошқар мен теке», «Маймақ қаз» сынды қазақтың төл туындылары дүниеге келді. Алайда жаңадан құрылып жатқан Қазақстан аниматорлары қауымдастығының төрағасы, режиссер-аниматор Батырхан Дәуренбековтің сөзіне сенсек, елдегі телеарна отандық мультфильмдерді көрсетуге құлық танытпай отыр. Қажырлы еңбекпен дүниеге келген қазақша мультфильмдерді қымбатсынады екен. «Сондықтан олар біз ұсынған бағадан бес есе арзан шетелдің мультфильмдерін сатып алады. Соның өзі – мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен ортанқол дүниелер. Атын атамай-ақ қояйын, маған бір телеарнаның басшысы «Том мен Джерри» мультфильмінің бір жылдық сериясын 7 мың теңгеге сатып алдық деп мақтанды. Әрине, біз «Уолт Диснеймен» таласа алмаймыз, бірақ қоймада шаң басып қалған жат елдің фильмін қазақ балаларына көрсеткеннен не ұтамыз?» дейді қауымдастық төрағасы Б. Дәуренбеков.
Аниматорлардың айтуынша, елімізде жылына бас-аяғы жарты сағаттық мультфильм түсіріледі екен. Себебі мемлекеттің берген қаражаты соған ғана жетеді. Есепке жүйрік болсаңыз, шағып көріңіз, бір жылда қанша ай, қанша күн барын... Демек, бұл көрсеткіш түкке татымайды. Ең аз дегенде, айына бір мәрте 10 минуттық мультфильм шығару керек. Ал қазақ аниматорлары «бізге тіреліп қалған ештеңе жоқ. Біз тек сурет салушылармыз. Ал суретке жан бітіретін – ақша» дейді. Ақшаны беретін – мемлекет! Демек, шенеуніктердің де бала тәрбиесіне бас қатыратын уақыты жеткен сияқты. Ал өз кезегінде қауымдастық құрған аниматорлар мемлекет ақша берсе, отандық анимация саласын ғарыштық жылдамдықпен дамытатындарына сенімді.
Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ, Қазақстан аниматорлар қауымдастығының төрағасы, режиссер-аниматор:
– Отандық студияларға мемлекет қаржылық қолдау көрсетпейді. Былайша айтқанда, «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан болсынның» кебі ғой. Елдігімізді көрсетіп, аталған салаға қолдау көрсетпесек, бастау бар болғанымен, қостаушысы жоқ іс қалай өнбек, қалайша дамымақ? Көрші Ресей елі мұны әлдеқашан түсінді, олар анимация саласына жыл сайын 300 млн доллар бөледі. «Три богатырья», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» сияқты батырларын дәріптейтін толықметражды фильмдер шығару арқылы балаларына орыс халқының рухын сезіндіріп, ұлтжанды етіп өсіруге талпынып жатыр. Ал алпауыт Қытай мемлекеті шетелдің мультфильмдерінен үзілді-кесілді бас тартты. Осылайша, қытайлар өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге елдің мәдениетімен ластамайтынын ашық білдірді. Ал біз шетелдің «Тасбақа-ниндзялар», «Өрмекші-адам», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбыжықтарын дәріптейтін мультфильмдерін насихаттаудан бір танар емеспіз.