Мұнайлы мекен орыс тілі мұғалімдеріне зәру
Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталып, білім ошақтарында алғашқы қоңырау үні сыңғырлайды. Ал Атыраудағы орыстілді және аралас мектептерде бастауыш сынып, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері қажетті сұраныстан аз болып тұр. Осының кесірінен қазір бұл пәндерден зейнеткерлік жастағы және жақында зейнеткерлікке шығатын ұстаздар сабақ беріп жүр.
«Алдағы бес жылға болжамды талдау осы пәндерден 45 мұғалім керектігін көрсетті», – дейді Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Зылиха Дүйсекенова, – Алайда облыста қазақ мектептеріндегі ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих мамандықтары бойынша жұмыссыз жүрген түлектер көп. Олардың көбі жергілікті Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген. Сондықтан да біз жыл сайын облыстардағы жоғары оқу орындарынан орыс тілінде оқытатын мамандарды жұмысқа шақыруға мәжбүр болып отырмыз. Жаңа оқу жылында ауылдық жерлердегі мектептерге 101 педагог кадрға сұраныс анықталды. 66 маман жұмысқа келеді деп күтілуде».
Орта мектеп оқушыларына орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдердің тапшылығын қайтсек жоя аламыз? Бұл проблеманың бас көтеруіне не себеп, облыстағы мұғалім мамандарды даярлайтын оқу орындарының түлектері неге қажеттілігімізді өтей алмай отыр? Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Баянсұлу Тыныбаева бұл мәселенің туындауына аталған мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік грант санының аздығы себеп дейді. Ал өз қаражатына оқитын студенттер мұғалімдіктен гөрі, заманауи басқа мамандықтарды таңдайды, қазір де университеттегі педагогикалық мамандықтардың орыс топтарында көп дегенде 4-5 студент оқып жатыр екен. Ал Атырау гуманитарлық колледжінің директоры Болат Рысқалиев: «Колледжде орыс топтары 2009 жылы ғана ашылды. Қазір онда 55 студент оқып жатыр, биыл тағы да 25 студент қабылданады. Орыс тілінде дәріс беретін мұғалімдердің алғашқы легі 2013 жылы ғана колледжді бітіреді, оған дейін ешқандай мүмкіндігіміз жоқ», – деп жауап берді.
Осы орайда Облыстық білім беру басқармасының орынбасары Зылиха Қыдырбайқызы:
– Болашақта педагог кадрларға деген сұранысты шешу мақсатында Облыстық білім беру басқармасының тарапынан 9-11 сынып оқушылары үшін мамандыққа баулу жұмыстары жүйелі жүргізіліп отыр. «Атырау қаласы және аудандар әкімдерінің әлеуметтік білім беру көмегін тағайындау туралы» қаулының негізінде жергілікті жерлерде мұғалім мамандардың қажеттілігі ескеріліп, оқуға түсуге грант тағайындағанда мұғалім мамандығын таңдаған мектеп бітірушілерге басымдық берілсе деген ұсынысымыз бар, – дейді.