Мұқағали мұңы, шыңы мен шыны...

Мұқағали мұңы, шыңы мен шыны...

Қазақтың Мұқағалиы туралы жұртшылық арасында әңгімелер, аңызға бергісіз шындықтар көп. Жұрт Мұқағалидың ақындығымен қоса, оның өткен өмірі, жасаған ортасы, қоршаған айналасы туралы әңгімелерді ақын замандастарының аузынан естігенді бек ұнатады. Тіпті баз біреулер үшін мүлдем сенгісіз дүниелердің өзіне қалың жұртшылық ұйып, Мұқағалиға одан сайын қайран қалып жататыны да даусыз. Бұл да – «өлмейтін Мұқағалидың» ұлылығы. Ондай ұлылықты қазақ мойындайды. Мойындап қана қоймай, ондай ұлылықтың құбылысын тереңнен тергеп, білгісі келеді. Сондықтан да Мұқағалиды әр қырынан алып зерттей түсу, оның ішінде тұлғаның адамдық, азаматтық, ақындық тұлғасын түрлендіріп, таныта түсудің маңызы әркез жоғалмайды.
Әйтсе де «Мұқағалидың мұңы», «Мұқаға­лидың шыңы» һәм «Мұқағалидың шыны» деген әңгіменің еш өлмесі анық. Расында, Мұқағалидың мұңы қазақтың мұңы болса, оның шыңы – қазақ поэзиясының шыңы, Мұқағали шындығы – сол замандағы қазақтың басындағы шындық. Тұтас ақындық тұрғыдан алсақ, 60-жылдардан бастап лирикада сыршылдық бағыттың үлкен лебін тудырған Мұқағали қазақ әдебиетінде адамның ішкі жан дүниесін, оның толғанысын, көңіл күйін білдіретін дүниелерді жеткізу серпілісін тудырды. Осындай өлеңдердің арқасында қалың оқырман Мұқағалиды жылы қабылдады, атын көкке көтеріп әкетті.
Сол ақын Мұқағали аз ғұмырында өзін мәң­гілікке қапысыз танытып кетті. Әйтсе де ақын шыңы бүгін қолға алынып жатқан бір ғана 80 жылдық мерейтоймен шектеліп қалмақ емес. Бұл — Мұқағали секілді ұлы тұлғаға жараспайтын дүние. Мерейтой қарсаңында біз де Мұқа­ғали­дың мұңы, шыңы мен шыны туралы мәселені ақын мұрасынан терең сусындап, соған етене жақындап өскен ұрпақтан сыр суыртпақтатып көріп едік.
Мұқағали мұңы
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, ақын, филология ғылымының кандидаты:
– Мұң – ақынмен қатар аталатын ұғым. Күллі адам баласына тән болғанымен, ақындар ғана айтып жеткізе алатын сезімдік құбылыс. Ақын мұңы – адамзаттың мұңы. Мұқағали мұңы – жалпы адам ғұмырының күнгейі мен көлеңкесі, шаттығы мен қасіреті, күлкісі мен қайғысы тайта­ласқан тынымсыз, қат-қабат тартыс пен сырға толы болмысын паш еткен мұң. «Жаны жара бір жанмын, қаны қара», «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген Абайдан, «Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі, Сондықтан жаным күйіп жанады да» деген Мағ­жаннан бастау алған мұң сазы Мұ­қа­ғалида «Жалғыз түп ағаш көріп пе ең, Жабырқап өскен далада», «Емен деп мені бағала», «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсі­нер» деген сыршыл қалыппен көрінген бола­тын. Ақын – ақиқаттың, риясыз тазалықтың адамы. Бірақ қоршаған орта, заман, тіршілік қағидалары үнемі тек ақи­қатпен, тек ізгілікпен ғана тыныстамасы тағы ақиқат. Уақыты маңдайына тар келіп, заманының қалы­бына сыймаған ақындар мұңданбағанда, кім мұңданбақ? Мұқағали мұңы — осында.
Ақын мұңының бір ұшығы, «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай?!» деп өзі жырлаған­дай, жан-жүрегіндегі айтылар ойды айта алмай күңіренген ақындық табиғатында жатыр. Көптен озу, талантымен даралану тек даңқ әкелмейді, сонымен бірге қыз­ғаныштан туындаған келеңсіз жайттармен ақын басын тағы мұңға тап қылады. «Если не трагичен, значит не поэт» деген ғой орыс халқының ұлы ақыны Пушкин. Лер­монтов өлеңдерін қараңыз. Абай сөйлеткен «шайтанының» өзі «мұңлы» («Мұңлы шай­тан Құдайдың қуғын жаны»). Әлем поэзия­сына назар аударсаңыз, анау көне заман­дардағы үш-ақ жолдан тұратын хайку мен бес жолдық танкасының өн бойы – мұңға тұнған жапон ақындары, әлдебір жоғын іздеген, сағымға көз тіккен Еуропа ақын­дары мен сұлулықты адам жанынан іздеп, шерленген Шығыс шайырларының мұңы... Өз топырағымыздағы өткен дәуірлерге көз салсақ, мұң мен сағыныш қай-қайсысының да шығармаларының өзегіне айналған. Жалғыздығын мұң етіп шаққан Ақтамберді жырау, қызғыш құсқа мұң шаққан Махам­бет... Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мұқағали да жалғыз. «Мо­ла­сын­дай бақсының, Жалғыз қалдым, тап шы­ным» деген Абайдың шері Мұқағалиға ауысқан. Өйткені ақындар тағдыры – бі­реу. Сол тағдырларымен де олар – бір-бірімен ет жақын туыс. Қазақ поэзиясының ұлы тұлғаларының біріне айналған Мұқа­ға­ли мұңы – асқақ та айбатты, сыршыл да сұлу поэзияның біте қайнасқан бір қасие­ті.
Мұқағали шыңы
Ұлы Абай туралы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» деген тамаша пікір айтқанын білеміз. Егер поэзияны осындай асқақтықпен өлшесек, оған балама болар­лық сұлу табиғатты асқақ шыңдар қазақ даласында жетерлік. Әрбір шың бір ақын­ның символына, баламасына айналғаны тағы бар. Абайдай ұлының дәстүрін жалғастырып, поэзияны биіктен биікке асқақтатқан ақындар қатарында Мұқағали есімі де ерекше аталатынын жыр сүйер қауым, күллі қазақ жақсы біледі. Бейнелеп айтсақ, Мұқағали шыңы – мұңмен мұнар­тып, риясыз шындықпен шуақтанған бір асқар. Талантты ақын Светқали Нұржанның Хантәңірі туралы жырлары бар. Оқыған болсаңыздар, сол жырда Мұқағали – Хантәңірі, Хантәңірі Мұқағали болып танылған. Жаңылмасам, сол шоғыр өлең­нің бірі «Ұлы ақынның маңдайындай шың басы, Әлі талай жанарларды қарыр кіл» деген жолдармен басталса, енді бірінде Мұқағалидың ақындық болмысы:
Хантәңірі!
Қостар мені  құс даусы, арқар үні.
Мың биік шың ішінде шын биіксің,
Тұңғиықсың ақындай арқалы, ұлы,
– делініп бейнеленген. Мұқағалидың ақындық шыңы осы Хантәңіріндей биік, асқақ. ХХ ғасырдың 60-жылдарында ұлт­тық поэзиямызға жаңа бетбұрыс әкелген Мұқағали да өзі жырға қосып, пір тұтқан, Қарқаралы сияқты киелі мекеннен түлеген Қасым, одан бұрынғы Мағжан мен Ілияс сынды қазақы жырдың аласармас асқар биігіне айналды.
Мұқағали шыны
Шындық – бар ұғым, ол туралы көп айтылудың өзінде мән бар. Ақын мұңының, асқақтығының барлығы да осы «шындық» деген ұғымға келіп, өлшемін табатындай. Өлең несімен құнды? Шынайылығымен, шыншылдығымен құнды. Бастан кешпеген жайтты, сезіне алмаған халді өлеңге ай­нал­дыру мүмкін емес. Нағыз өлең тек шын­дықтан ғана туады. Шындық тек өлең­де ғана айтылады. Ұлы Абайға тағы бір жүгінсек, «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» демей ме?! Мұнда ақын өлеңнің шындық­ты, тек шындықты паш ететінін меңзеген. Мұ­қағали «Айтарын ашып айтқан абайла­май, Па, шіркін, Махамбеттер, Абайлар-ай» де­мей ме?! Ақиқатқа апарар жолды сұрайды, шындықтың алдына келіп жү­гі­неді. Жалпы, Мұқағали жырлары – жан дү­ниесінің, сон­дай-ақ күллі ғұмырының шындығына суарылған көркем мұра. Ға­шық болса да, суынса да, күңіренсе де, шат­танса да, бар сыры, бар шыны – осы өлеңде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста