Мұқағали музасы
Нұр жауып тұрған көктемде
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың...
Ақпанның 12-сі күні Алматыдағы Республика сарайында «Ел» шығармашылық бірлестігі мен Қазақстан Жазушылар одағы және Халықаралық Мақатаев қорының ұйымдастыруымен болып өткен «Хан Тәңірінің Мұзбалағы» атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші оның көзі тірі кезінде өз дауысымен оқыған осы өлең жолдарынан басталды. Кешке жиналған қауым орындарына отырған сәттен-ақ ақынның асқақ дауысын естіп, аң-таң қалып, бейне ол осы бір өзі туған күн кешінде бақида емес, пәниде әлі жүрген секілді сезінгендей.
Бүгінде баршамыз ақ қарлы ақпанда тойлап жүрген Мұқағалидің шын туған күнін Нағыман ана өз естеліктерінің бірінде күн менен түннің теңеліп, табиғаттың түлеп, түрленген шағы наурызда деп шамаласа керек. Сол наурызға арнаған ақынның өлеңіне кезінде талантты сазгер Талғат Сарыбаев ән жазып, ол 1989 жылы араға 80 жыл салып наурыз қайта тірілгенде алғаш Роза Рымбаеваның орындауымен жарқ етіп шыққан болатын. Бүгінде иісі мұсылманның жаңа жылы – әз Наурыздың әнұранындай болып кеткен осы «Наурыз-думан» әнімен әнші Роза Рымбаева кеш шымылдығын ашып берді.
1975 жылы Мұқағали Мақатаев пен сұлу сазымен қазақ әніне өлшеусіз үлес қосқан сазгер Нұрғиса Тілендиев екеуі 30 күндей бірге демалыста болып, сол күндерде жай демалып қана қоймай, бірнеше әнді дүниеге келтірсе керек. Осы ақындық пен саз әлемінің қос алыбын таныстырып, табыстыруда әнші Нұрғали Нүсіпжановтың зор үлесі болса керек. Екеуінің шығармашылық одағынан туған ең тұңғыш әні «Өз елімді» тұңғыш сахнаға орындап шығып, тұсауын кескен осы әнші бүгінгі кеште сол кезді бір еске алып өтті.
Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнімен қазақ даласын елітіп, «бұлбұл әнші» атанған Бибігүл Төлегенова үні кезінде Мұқағали ақынды да тәнті етіп, ол «Айырма осы үнімнен, айырма Бибігүлімнен» деген жыр жолдарын арнаса керек.
«Өкінішке қарай, оның тірі кезінде маған осындай өлең арнағанынан мен хабардар болған жоқпын. Осыдан он жыл ғана бұрын өзімнің 70 жылдығымда Семейге бардым, сонда бір әнші шығып, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған ән деп «Айырма Бибігүлімненді» шырқап берді. Мен аң-таң болдым. Жалпы, Мұқағалимен жас кезіміз бір өтті, ол радиода диктор болғанда, мен консерваторияда әнші болдым. Сонда таңертең ерте сағат 8.00-де концерт болады, оны Мұқағали жүргізеді. Ал біз тікелей эфирде жанды дауыспен ән айтатынбыз. Тетелес өстік. Ақиық ақын арамыздан ертерек өтіп кетті, бірақ ол өз артына өлместей мұра қалдырып кеткендіктен, өлдіге саналмайды», – деген Бибігүл апамыз ортаға шығып сексенге келген жасына қарамай, сол, «Бұлбұлды» шырқап берді. Ал ол кісіге Мұқағалидің ұлы Жұлдыз ағамыздың бір шоқ гүл сыйлауы отырғандарды ерекше тебірентіп жіберді.
Бұдан басқа кеште Мұқағалидің сөзіне жазылған әндерді Мақпал Жүнісова, Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер, Қарақат Әбілдина, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, «Жігіттер», «Қоңыр» топтары, Индира Расылхан, Ерлан Рысқали сынды қазақтың маңдайалды әншілері орындады. Дегенмен солардың ішінде шырқағанда тура жүректен, жанды дауыста, әр көрерменнің көкірек сарайына құйып берген Мақпал Жүнісова мен дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали болды. Мақпал апамыз сахна сыртындағы суық бөлмеден қолдары мұздап, денесінің тоңғанына қарамастан, қоңыр домбырасын күмбірлете шертіп, «Фариза қыз» әнін егіле орындағанда, жұрттың көзіне еріксіз жас толды. Ал Ерлан Рысқали болса ақынның сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рақымовтың «Сәби болғым келеді» әнін төгілтті. Жып-жылы, жұмыр жыр менен ән кешін Мұқағалидің өз дауысы аяқтады.