Мұқанов театры қалтарыста қалып қойды
Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының ғимараты талапқа сай келмейді. 2000 жылы құрылған өнер ұжымы осы күнге дейін бұрынғы энергетиктер кинотеатрының ескі ғимаратын паналап келеді. Қызылжар тұрғындары бас сұғатын қазақ тілді санаулы ғана өнер ордаларының бірінің тар әрі шаһардың шеткері бөлігінде орналасуы көптеген қиындықтар тудыруда. Театрға келушілер санының сиреп кетуі де осының кесірі сияқты.
Өнер ошақтары қаланың халық көп жүретін немесе көлік көп қатынайтын бөлігінде орналасқаны жөн. Барлық дерлік қалаларда театрлар, кинотеатрлар мен концерт залдары орталықтан орын тепкен. Қызылжардағы театр да ортада тұр. Өкініштісі: ол қазақ театры емес. Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында Н.Погодин атындағы орыс драма театры орналасқан. Ал академик жазушы Сәбит Мұқановтың есімі берілген қазақ сазды-драма театры тоқалдан туғандай күн кешуде.
Кеңес өкіметі кезінде «Энергетик» кинотеатры атанып, кейін зауыт жекешеленділіп, қажетсіз болған соң оны күрделі жөндеуден өткізіп, Қызылжардағы аз қазаққа театр ашып беру ұйғарылған. Бұл жаңалыққа сол кезде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Бірақ ол – осыдан 12 жыл бұрынғы жағдай. Күн өткен сайын Қызылжар қазақтанып келеді, ауылдағы ағайындар да ақырындап қала маңына қоныстана бастады. Сан өскен соң сұраныс та өзгеретіні белгілі. Қызылжарлық қазақтарға бүгінде заманауи үлгіде салынған өнер ордасы қажет.
Ал театр ұжымына келетін болсақ, бүгінгі күні театр үздік қойылымдарымен көрерменнің көңілінен шығуда. Театрда 30-ға тарта әртіс жұмыс істейді, репертуарда да 30-дан астам қойылым бар. Өткен 12 жылдың ішінде түрлі гастрольдік сапарларға шығып, өнер додаларында биік белестерден көріне білді. Мысалы Мысыр, Ресей сияқты шет мемлекеттерге де шығып, қазақ драма өнерін әлемге паш етті. Тек әртістерге ғимараттың тарлығы және залдағы акустиканың нашарлығы өз кедергісін келтіріп отыр.
Қуандық ҚАСЫМОВ, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:
– Осында бұрыннан келетін көрермендеріміз әр қойылым сайын залы тарлау театрымызды бұдан да үлкен ғимаратқа ауыстыру жөніндегі ойларын айтып кетеді. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ театрының орналасқан жері тұрғындар мен қала қонақтарының келіп-кетуіне ыңғайсыз. Спектакльдер кешкі сағат 6-дан соң қойылады. Бізге келген көрермендер кешкілік жүріп-тұруда қиындық көреді, қоғамдық көліктер бұл жаққа аса қатынамайды. Үлкен ғимаратқа деген сұраныс сахнаның тарлығынан да туындап отыр. Сазды-драма театр болғандықтан, бізге оркестр орналасатын арнайы орын керек. Жуырда «Қыз Жібек» спектаклін қойған кезде оркестрді орналастыру үшін алдыңғы қатардағы 40 орындықты алып тастауға мәжбүр болдық. Ал залдағы орындықтардың саны – небары 200-дей ғана.
Қызылжар қазақтарының тілегі жоғары жаққа да жетіп үлгерді. Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаковтың Премьер-министр мен мәдениет министріне сауал жолдап, қазақтардың жыртысын жыртып жүргені қуантады. Кезінде дәл осы сенатта депутат болған тағы бір қызылжарлық Тасбай Симамбаев қала атауының қазақшалануына қарсы болып, жағамызды ұстатқан. Ал атасы басқа болса да, Анатолий Афанасийұлы «қала қазақтанып келеді, енді оларға үлкен театр салып берейік» деп сан мәрте айтып жүр.
Анатолий БАШМАКОВ, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
– «Петропавл қалалық мәслихаттың депутаттары, облыс орталығының барлық тұрғындары атынан Сізге Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының құрылысына байланысты мәселені шешу туралы өтініш білдіріп отырмын. Театр орналасқан ғимараттағы акустика қолданыстағы нормаға сәйкес келмейді. Бұрын бұл ғимаратта «Энергетик» кинотеатры орналасқан болатын. Мұнда көрермендер орны жеткіліксіз, гримдеу және шығармашылық жұмысқа қажетті басқа да бөлмелер жоқтың қасы. Петропавл – негізі 1752 жылы қаланған көне қала. Облыс орталығында ұлты қазақ азаматтар саны жыл сайын көбейіп келеді. Мемлекеттік тілде оқытатын 10-нан астам мектеп ашылып, жұмыс істеуде. Арнайы жоба бойынша салынған қазақ мемлекеттік театрын солтүстікқазақстандықтар үлкен тарту ретінде қабылдар еді, ол Қазақстанның солтүстігінде мемлекеттік тілді дамытудың өзінше бір тірегі де болар еді» еді делінген ол сауалда.
«Театрдың ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ, жас ұжымға жаңа ғимараттың қажеті қанша» деушілер де жоқ емес. Алайда тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Қызылжарда қазақ театры болған екен. Өнер ордасында қазақтың еңбек сіңірген және Халық әртістері қызмет еткен болатын. Атақты жерлес ақынымыз Игібай Әлібаев та осы театрда өнер көрсеткен. Бірақ кейін бұл театр батысқа көшіріліп, әртістер тарап кеткен. Демек, қазіргі театр қара шаңыраққа ие болып отыр деген сөз.
Талғат АҚЫЛБЕКОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Халықтың қазақ театрына жаңа ғимарат салып беру туралы ұсынысы жерде қалған жоқ. Барлық талаптарға сәйкес келетін заманауи ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттарды жасауға облыс бюджетінен қаржы бөлінді. Енді қаланың орталығынан оңтайлы жер іздестіріп жатырмыз. Үлгі ретінде жуырда ғана ашылған Қостанай облыстық театрын алып отырмыз. Бұл қаладағы ең сәулетті ғимарат болмақ. 1000 және 200-300 кісілік екі зал болады. Яғни үлкен залда салтанатты кештерді, концерттерді де өткізе беруге болады. Ғимаратты екі қабат етіп саламыз. Сондай-ақ облыстық филармония да баспанасыз жүр, қазақ театрының ескі ғимаратына солар жайғасар еді.