Мұражай – ескі заттардың қоймасы емес
Шетелдегі ірі қазақ шоғырынан саналатын Шыңжаңдағы қазақтар мәдени өміріндегі елеулі оқиға – Баркөл қазақ автономиялы ауданы орталығында 2006 жылы сәуір айында ашылған қазақ мәдениеті мұражайының орны ерекше. Оның толық атауы – «Шыңжаң Баркөл қазақ автономиялы ауданы қазақ мәдениетінің көрме сарайы». Мұражай ғимараты екі қабат, әр қабатта екі-екіден көрме бөлімі орналасқан, жалпы аумағы – 1120 шаршы метр.
Жоғарыдағы төрт мұражай бөлімінен тыс, көрме сарайының 1-қабатындағы дәлізінде Баркөлдің барлық географиялық картасы жасалған: ұзындығы – 4 метр, ені – 2 метр осы картаның ауырлығы бір тоннаға жетеді. Карта бетіне Баркөл жер бедері, таулы өңірлері, өзен-сулары бейнесі карта түрінде жасалып, түсті шырақтар арқылы түсіндіріледі.
Бүкіл мұражайдағы ұқсатылмалы заттар мен аталған құм картаны Баркөлдегі қазақ шеберлері жасап, ғылыми түрде орналастырған. Мұражайды жасауға 30 адам қатынасып, олар үш топ бойынша міндеттерін атқаруда. Жалпы, мұражай небәрі төрт ай уақытта бітіп, 1 400 000 юань (200 000 доллар) қаражат жұмсалған. Осының ішінде 85%-ы құрылыс істеріне, қалған бөлігі зат алу, экспозиция жабдықтау істеріне жұмсалған.
Ата-бабаның қолының табы қалған, маңдай тері сіңген осындағы құнды жәдігерлер қиялыңызды сан ғасырдың қатпарына жетелейді.
Көрме сарайының мазмұны бай, тартымдылығы күшті болып, алыс-жақынның назарын аударды. 2007 жылы мемлекеттік «АА» дәрежелі мекеме мәртебесін иеленген мекеме, «Отаншылдық тәрбие базасы» деген атпен жұмыс жүргізуде.
Құру барысында мұралық заттардың нақтылығына, түрлерінің көптігіне және ұлттық ерекшелігі мен көркемділігіне, ғимараттың жалпы көрінісі мен тартымдылығына баса назар аударылды. Мұражай – ескі заттар қалдығының қоймасы емес, қайта ол – қазіргі адамдар үшін тарихи, мәдени-эстетикалық жанды оқулық.