Мұртты тәрбиешіге сенім күшейіп келеді
«Қымбатты Милатжан, бір үйге бір ер-азамат керек қой» деп мүләйімси, шешесінің ізінен қалмайтын Қаратайдың өзі түгіл, қара мотоциклін көргенде Қожа қалай кіжінуші еді, есіңізге түсті ме?!. Ұлының талай бұзақылығын соған қасарысып жасайтынын естігенде қайран ана қырындағыш күйеуден бас тартпап па еді? Қызық, заман өте қазір қыздар «өзі үшін» бала туып, кейін бәрібір Қаратай сөзінің растығына көз жеткізген соң, әкесіз баласын ер кіндікті күтушіге бақтыратын болып жүр. Батыстық қоғам жайлы айтып тұр деп ойламаңыз, бұл біздің қазекеме де келген.
Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербетеді...
Әдетте әйелге арналған бұл қағиданы бұзып, табиғатынан ана болуға, сәби әлдилеуге жаралған қыз-келіншек атаулыны місе тұтпай, баласын еркекке бақтыруды бастаған кімдер? Ең бірінші, отағасын үйдегі нәзік жанды бала қараушыдан қызғанатын әйелдер, екінші, баласын еркекке бақтыру арқылы өзіне жақсы жар, балажан әке табуды көздейтін жалғызбасты аналар екен. Бейресми статистика «мұртты күтушілердің» 50 пайыздан астамының өз жұмыс берушісімен «қызметтік хикаяда» екендігін көрсетеді. Содан соң сұмдық жұмысбасты, яғни үйде отырып бала бақса, миллиондаған табыстан айырылып қалуы мүмкін ата-аналар және де балаларын керемет ғұлама қылып шығарады деп қиялдайтын шоу-бизнес өкілдері екен. Беттің арын белге түйіп, офистегі орнын тастап, осы қызметке ұмтылатындай ерлерге не көрінді десек, еркек күтушіге деген құштарлық соншалық – жоқ дегенде олар айына 1000-1500 долларды ойланбай табады екен. Ал сағаттық жалдамада тіпті олардың әр сағаты 15-20 доллар тұрса, дәл сондай бала бағатын қыз-келіншектерге 7-10 доллар төленеді. Солайша бүгін біз атшаптырым сарайдың жылан жалағандай тазалығы, ыдыс-аяқтың шыбын тайып жығылардай мөлдірлігі, аузынан ана сүті кетпеген сәбидің таңнан кешке дейін жыламай жүруі – осының бәрін атпалдай азаматқа артып кетуді ар санамайтын қоғамға айқара есік аштық.
Әйел әлдиінен безінудің сыры неде?
Қарап тұрсақ, екі жыныстағы бала бағушыға қойылар талап-тілектер тізімі бірдей, яғни баланың қарны тоқ, киімі көк болуы керек, таза ауада қыдырту, тілі шыққан болса, оны дамытуға жаттығу жасату не арнайы маманға алып бару, бөлмесін жинау, есі кірген баланы тіпті сабағына, үйірмесіне алып барып, алып қайту тағысын тағылар... Былай қарағанда, әйелдің ісі. Алайда «мұртты күтуші» жалдаушылардың алға тартар өз дәйектері бар:
1) ер адамның жауапкершілігі әлдеқайда жоғары;
2) оның көңіл күйі күрт ауытқудан аулақ, қыз-келіншектер секілді табан астынан қоңырау шалып, «басым ауырып, көңіл хошым жоқ, өзі сондай мазасыз күндерім еді, түсінесіздер ғой» деп тұрмайды. Тіпті сабырлы деген әйелдердің өзі кейде ашуланып, оның ақысын баладан алуы мүмкін дейді.
Мұны «мұртты аналардың» өздері де растайды. Бұрын орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған тепсе темір үзер жігіт ағасы бүгінде табысты бала күтушіге айналған. Жолаушылап келе жатқанда, купе ішінде кездесіп, жол қысқарту үшін айтылған әңгіме барысында өз қызметінің қалтарыстарын жайып салған ағамыз қарсы алдындағы қарындасы (яғни, мен – автор) журналист екенін білгенде аты-жөнін өзгертіп беруді өтінді. Бізге де оның атынан гөрі осы жолға түсуге ықпал еткен себептері маңызды еді.
Бала бағушы Байтемір:
– Бала тәрбиесі әйелдің ісі деген – барып тұрған қате көзқарас. Маған салса, керісінше, бір жарым жасқа дейін баласын емізгеннен кейін әйелді балаға тіпті жақындатпас та едім, әрі қарай тізгінді еркек қолға алуы тиіс. Әйелдер баланың қарнын тойдырып, жуындырып, жөргегін құрғатуға керек болмаса, тұлға етіп шығаруға қабілеті жетпейді. Қазір неге қоғамда ерлер әлсіреп, әйелдер күшейіп кетті деген сұрақты жиі естимін. Себебі бала тәрбиелейтін барлық жерде әйелдер: отбасында ана, мектепте мұғалім, ЖОО-да оқытушы, тіпті офисте де бастық – әйел. Қала берді, әкесіз өсіп жатқан балалар қаншама, тіпті ондайлар толыққанды отбасында өскендерден көп. Көзін ашып көргені әйел алақаны болса, бала ерге тән қасиетті қайдан алады? Әкесі бола тұра, оның қызметтен қолы босамаса, одан қалса, біздің қазекемнің бала бағу ердің ісі ме, әйел тұрғанда бас қатырып нем бар дейтіні тағы бар.
Бір қызығы, мұндай тұжырымға ол кісі неше жыл ұстаздық тәжірибеде емес, осы соңғы бала күткен жеті жылында келген. Себебі әу баста ағамыз тарих пәні оқытушылығын осы ұлы мақсатта емес, қарапайым тұрмыстық таршылықтан тастаған. Есесіне мұғалім кезінде 20-30 мың жалақыны әзер алатын азамат қазір оны он орап алатын табыс табады, жүйке жұқартар жиналыстар да жоқ, тұтас сынып емес, бір ғана балаға қарайды.
Ауадай қажет...
Егер баланы анасы жалғыз өсіріп жатқан болса. Себебі туғаннан тек анасын, яғни әйелдің аялы алақанын көрген балаға азамат, ер жігіт дегеннің қандай болуы керек екендігін кім көрсетіп, кім үлгі болмақ? Міне, осындай балалар үшін еркек күтушісі – беделді тұлға, себебі онымен екеуінің жынысы бір, демек, ер кіндікті ретінде тынысы да бір. Отбасында орны ойсырап тұрған әкенің тәрбиесін беріп, оның бойындағы азаматқа тән қасиеттерді дамытуға кәдімгідей түрткі болады. Бұл – психологтердің пікірі. Және де тек ұл балаға ғана емес, әкесіз өсіп келе жатқан қызға да мұндай мұртты күтушінің берері мол дейді мамандар. Бүгінде, шыны керек, қоғамда «өзі үшін» бала туып алғыш жалғызбасты әйелдер көбейіп кеткен. Олардың отбасын құрмай, яғни ер-азаматпен бір шаңырақ құрмауында талай кілтипандары бар, оны айтсақ – өз алдына бір әңгіме. Мәселе – солардың салдарынан туындап отырған әкесіз балалар, толыққанды емес отбасы т.с.с. мәселелер.
«Мұртты күтушінің» де мұңы бар
Бұл қызметке орналасу анау айтқандай көп нәрсені қажет те етпейді. Жұмысқа орналастыру агенттіктері берген мәлімет бойынша бастысы – жоғары білім, бала тәрбиелеудің дәстүрлі және заманауи әдістерін білу (ол үшін бірді-екілі арнайы кітаптарды бір шолып шықса да жеткілікті), сенімді сөйлей білу және тартымды түр-келбет. Қалғаны, қазақша айтқанда, «Көш жүре түзеледі». Бірақ енді қазақы түсінік тұрғысынан келейікші, әйелді атқа мінгізіп, ерді от басы, ошақ қасында отырғызу қаншалықты ақылға сыйымды? Мейлі ол тындырымды бола қойсын, мейлі ол қоғамға ауадай қажет болсын, бірақ оның азамат деген қадіріне нұқсан келмейді деп кім айта алады? Тіпті табысты мол тапса да, ер жігіттің өз кәсібін жайып салып, қыз алдына мақтана алмасы ақиқат. Отау құрғанда да жігіт әйеліне «сен қызмет істей ғой, мен бала бағып үйде отырам» дей ала ма, онысы өз еркімен «шалбарды сен ки, жаулықты маған-ақ бер» дегенмен бірдей естілмей ме? Екіншіден, қазір көзі қарайғаны соншалық – қыз-келіншек тіпті қызықтырмай, балаға көз тігетін еркектер (ездер) көбейген жоқ па? Ендеше, есігіңізден «мұртты күтушімін» деп мүләйімси кірген адамның педофил болып шықпасына кім кепіл, балаға бару жолын солай тапса ше? Сондықтан сақтық та керек, екінші, ұлттық түсінікке қайшы шыққан да жақсы емес. Ер күтуші баққан балаңыз күні ертең «мен де сондай болам» десе қайтесіз?
Түйін
Күні кешеге дейін арғымақтан түспей, еркіндікте ел тізгінін ұстап, ел басына күн түскенде етігімен су кешкен ер атаулының жүні жығылып, «мұртты күтушіге» айналғаны жақсылықтың белгісі емес сияқты.