Мұрын жырауға мұрын шүйіргеніміз қалай?
«Қырымның қырық батыры» секілді эпостық жырды бозбала күнінен ақ шашты қарияға айналып, ақ таяққа сүйенгенше таңды таңға ұрып, ұзақ жылдар бойына жырлаған әйгілі Мұрын жыраудың биыл — 150 жылдық мерейтойы. Бірақ бір өкініштісі, Бұқара мен Хиуаның, Әмудария мен Сырдарияның арасы, Каспий мен Қара теңіз жағасын мекендеген халықтардың аузынан талай құнды дүниелерді жазып алып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген жырау әлі күнге тарихтан лайықты орнын ала алмай келеді.
Осы аптаның сәрсенбісі күні Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлнәр Сейітмағамбетова ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мұрын жыраудың 150 жылдығына орай бірқатар шаралар атқару қажеттігі жөнінде мәселе көтерді. Мұрын жырау жайлы мұрнына иісі де бармайтындарға алдымен оның кім болғанын білдіретін деректі фильм түсіру керектігін алға тартқан депутат жыраудың өмірі мен өнер жолының ізімен ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырып, «Қырымның қырық батыры» жырын түрлі тілдерге аударып, электронды нұсқасын басып шығарсақ деген нақты ұсыныстар айтты.
Сонымен қатар «Мұрын жыраудың 150 жылдығына орай бүкіл түркі тілдес халықтардың ғалымдары мен зерттеушілерін шақыра отырып, ғылыми-тәжірибелік конференция Әдебиет институтының ықпалымен өткізілсе, Білім және ғылым министрлігі Мұрын жыраудың туындыларын үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатысындағы мекемелердің, тиісті оқу ордаларының оқу бағдарламаларына енгізу мәселесін қарастырса» деген халық қалаулысы Гүлнәр Сейітмағамбетованың ұсынысын 15 әріптесі қуаттап, қолдарын қойды.