Мүсін өнері неге көңілден шыға бермейді?
Тұғырлы тұлғаларға ескерткіш орнату әрбір ұлттың басты міндеті болса керек-ті. Бұл жөнінен ешбір елден кенде емеспіз. Еліміздің қай бөлігіне барсаңыз да, алдыңыздан сан алуан ескерткіштер кезігеді. Өткен өмір өрімінде елге, халыққа, туған жерге өлшеусіз еңбек сіңірген елеулі жандарды осылайша ұмыт қалдырмай жүргеніміз қуантады. Ол біздің тарихымызды бағалайтын зиялы ұрпақ екенімізді көрсетеді. Дегенмен осы тұрғыда кейде асығыстық жасап алатын әдетіміз де бар. Белгілі бір тұлғаның мерейтойы қарсаңында асығыс-үсігіс ескерткіш орнатқан боламыз. Өкінішке қарай, сол тастұғыр үстіндегі бейне кейбір жағдайда атаулы тұлғаның кескін-келбетінен алшақ кетіп жатады. Бір қызығы, қазір осындай олқылықтар көбейіп кетті. Сонда бұл көз алдау ма? Әлде мүсіншілердің қабілет-қарымы соған ғана жете ме?
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Осындай сансыз сауал көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі. Шындығында, ескерткіш белгілі бір уақытқа немесе мерзімге қойылмайды. Тастұғыр кейінгі ұрпаққа мәңгілікке естелік болып, мәдени мұраның бірі болып саналады. Біздегі асығыс жасалған туындылар ұзақ тұрмақ түгіл, бір-екі жылдың өзінде де мүжіліп, үгітіліп, қурап қалып жататынын көріп жүрміз. Қысқаша айтқанда, ескерткіштер мәселесін естен шығаруға болмайды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштер негізгі төрт түрге бөлінеді. Атап айтқанда, олардың қатарына археологиялық, тарихи, сәулет өнері және монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері жатқызылады. Оған қоса адамзаттың көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарқатылған, өткен шақты көз алдыңа келтіретін қайталанбас құндылықтар мен қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау қалыптасқан. Кең-байтақ даламызда қаншама мәдени мұралар баршылық. Тіпті тау-тастарына қашалып жазылған жазулардың өздері біздің ата-бабалардың мүсіншілік өнерді шебер меңгергенін аңғартады. Ол мәдени мұралар қаншама ғасырдан бері мүжілмей, бүгінгі күнге дейін аман-сау жетіп отырған жайы бар. Ал бүгінгі күні жасалып жатқан ескерткіштерді сондай уақытқа дейін жете алады деп ешкім де айта алмас. Өйткені кейбір ескерткіштер талғамсыз, ешқандай талапқа сай келмейтін жағдайда салынып кеткені – шындық. Оны бақылаған ешқандай мекеме жоқ. Тіпті олардың кейбірі ешқандай тіркеуге алына қоймапты. Қысқасы, бұл тұрғыда қолға алатын істердің көп екенін аңғаруға болады.
Бүгінгі күні мүсінші мамандығы арнайы оқытылады. Қаншама жыл бойы көз майын тауысып білім алып, одан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде мүсіншілік өнерді өрге сүйреп жүргені де баршылық. Десе де, кейбір жағдайда алдымен қаржы мәселесіне баса назар аударып, басқасына бас ауырта бермейтін шығармашылық иелері жоқ деп ешкім дау айта алмайды. Мәселен, ескерткіш орнатуға лайық деп танылған тұлға батыр болса, ол міндетті түрде аттың үстінде отырады, болмаса жауға қарсы шауып бара жатады. Бір сөзбен айтқанда, кейбір мүсіншілердің жасаған дүниесінен ешқандай ізденісті, жаңашылдықты байқау өте қиын. Ескерткіш өлілерге орнатылмайды, тірілер белгілі тұлғаның өмір жолынан өнеге алсын деген ниетпен жасалады. Көбі осы талапты түсіне бермейтіні жасырын емес. Ең бастысы, ескерткішті орнаттық, тойды жасадық, өйттік-бүйттік деген жалаң ұранға арқа сүйеп бара жатқанымыз ойлантады.
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі:
– Біз ескерткіш қою мәселесінде қандай тәртіпке сүйенеміз? Олардың талапқа сай еместігі қарапайым адамның өзіне де аңғарылады. Жалпы, әрбір ескерткіш жергілікті биліктің келісімімен жасалады емес пе? Сондықтан оның архитектурасы, ерекшелігі айқындалып, оны қоятын орын да нақтылануы тиіс. Елімізде алтын қолды мүсіншілер баршылық. Олардың жасаған дүниесіне көзің сүйсінеді. Алайда осындай көрікті ескерткіштер сәнін бұзып тұратын туындыларды жасайтын кейбір мүсіншілер де кездесіп қалады. Кейбірінің жасаған дүниесінде ешқандай ізденіс байқала бермейді. Кейбірі тұлғаның өмір жолынан хабарсыз болатыны жасырын емес. Ендігі кезекте біздің облыста мұндай жөнсіздікке жол берілмейді. Осындай әрбір орын қатаң бақылауда ұсталатын болады. Ендігі кезекте облыстық комиссия шешімінсіз ешқандай ескерткіш орнатуға рұқсат берілмейді.
Қазақ тарихында Сыр өңірінің алатын орны ерекше. Бұл өлкеде біздің халқымыз үшін өте маңызды саналатын талай ұлы оқиғалар болғаны белгілі. Сондай-ақ ұлтымызды ұйыстырған тұғырлы тұлғалар да осы топырақта кіндігі кесіліп, айдай әлемде атағы мен абыройы асқақ болды. Алайда сондай мақтаныш тұтатын адамдар мен оқиғаларды бүгінгі ұрпақ қалай бағалап жүрміз? Оларға қойылатын ескерткіштер талапқа сай келе ме? Жақында облыс көлемінде орнатылған ескерткіштерді түгендеу, мемлекеттік тізімге алынбаған ескерткіштерді анықтау және олардың жай-күйін зерттеу жөніндегі облыстық комиссия сондай орын алған олқылықтар бар екеніне көз жеткізді. Сыр өңірінде барлығы 489 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған екен. Оның ішінде 21-і – республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар деп есептеледі. 2009-2012 жылдар аралығында облыстық бюджет есебінен 280 ескерткіштің төлқұжаты жаңаланған. Өкінішке қарай, облыста мемлекеттік тізімге алынбаған қала құрылысы және сәулет ескерткіштері бар. Оның ішінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан азаматтарға арналған ескерткіштер саны басым. Олардың басым бөлігі қайта қалпына келтіруді қажет етеді екен.
Соңғы жылдары елдің игілігіне айналған кейбір ескерткіштер жұртшылық көңілінен шыға бермейді. Мәселен, Қызылорда қаласында белгілі қаламгерлер Сақтапберген Әлжіков пен Зейнолла Шүкіровке арналған мәдени дүниелер осы сөзімізге дәлел бола алады. Сондай-ақ қаланың «Арай» шағын ауданындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған кешен де көп жылдан бері қараусыз қалған.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қызылорда қаласының әкімі:
– Қуғын-сүргін құрбандарына арналған кешен маңын абаттандыру, реттеу шараларын таяу арада қолға алғалы отырмыз. Оған ұзақ жылдан бері мән берілмей келгені рас. Сонымен қатар кейбір орындарда ретсіз қойылған ескерткіштерді тиянақтау мәселесіне де көңіл бөлеміз.
Әлемде белгілі адамдарға тастұғыр орнатуға өте ерте заманнан бері көңіл бөлініп келеді. Әсіресе ежелгі Грекия мен Италияда ондай мәдени құндылықтар саны көп екенін білеміз. Ал біздің елімізде ескерткіш орнатуға 1940 жылдан бері назар аударылып отыр. 1947 жылы Алматы қаласында алғаш рет Аманкелді Имановтың ескерткіші бой көтерген екен. Одан бергі уақытта Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев сынды белгілі адамдарға тастұғыр орнатылды. Олардың барлығы дерлік қазіргі таңда көркі көз тартатын тамаша туындыларға айналып отыр. Өкінішке қарай, бүгінгі күндері көптің көзайымы боларлық дүниелердің көбі халық талғамынан шыға алмай жүр. Жоғарыда аталған жағдай тек бір өңірдің ғана емес, еліміздің барлық аймағына тән құбылыс екенін білеміз. Сондықтан әрбір дүниеге жауапкершілікпен қарап, ескерткіштің елдігімізді дәлелдейтін туынды екенін сезінсек дейміз...