Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасын тірілте алмай отырмыз
Жуырда Мәжіліс отырысында Еуропа мойындаған Мұстафаны қазақтың өзі де жоғары дәрежеде ұлықтауы тиістігі көтеріліп, депутат Шалатай Мырзахметов сауал жолдаған еді. Осыған орай, Түркиядағы шоқайтанушы ғалым бауырымыз, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара өз ойын білдіріп, редакцияға үлкен хат жолдаған екен. Осы орайда біз түркиялық қаламгер, ғалым бауырымыздың кейбір пікірін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Азаппен келген азаттық
Қазақстан Тәуелсіздікке және 20 жылдыққа оңай келген жоқ. Бұл – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған, азаппен келген Азаттығы. Осы үрдісте болған қиыншылықтарды әрдайым еске алып отырмасақ, Тәуелсіздіктің, бүгінгі қол жеткен жетістіктердің қадір-қасиетін біле алмай қалуымыз мүмкін. Сол үшін 20 жылдықты жан-жақты және әділ өткізуіміз қажет. Тарихшы ретінде осы атап өтулерде тарихи оқиғалар мен тұлғаларға басты орын беріледі деп сенемін. Қазақстанның Тәуелсіздік тарихын басты екі кезеңге бөліп қарауға болады: Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін және Тәуелсіздіктен кейін. Мұның біріншісі бізге Тәуелсіздіктің оңай келмегенін көрсетеді. Ресей патшалығымен Кеңес Одағы кезінде қазақ халқының Тәуелсіздік арманына жету үшін жанқиярлықпен жасаған ерліктерін ортаға салады. Кенесары Қасымұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай, Желтоқсан құрбандары, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сынды қазақ арыстарының өмір жолдары, күрестерін жан-жақты ортаға салып, халқымызға, жастарға, тіпті бүкіл әлемге таныстыратын іс-шаралар өткізілгені дұрыс. Өйткені бұл әлемдегі қазақтар және өзге Орталық Азия халықтары Кеңес Одағы өздігінен шаңырағы опырылып құлағаннан кейін Тәуелсіздікке оп-оңай қол жеткізді, олар Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды білетін өркениетті халықтар емес деген пікірлерге тойтарыс болар еді. Осындай жаңсақ пікір болғаны үшін оларды айыптауға да болмайды. Өйткені халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы күрестерін алдымен өзіміз әлемге жария етіп танытпасақ, өзгелерге қазақ халқының тарихын дұрыс білмегені үшін қалай сын айта аламыз? Міне, осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік академиясын құру идеясы өте маңызды. Бұл академия, өздеріңізге белгілі, түрік халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп, әлемге таныстыруды мақсат етеді.
Башқұрлардан да үйренеріміз бар
Еліміздің Тәуелсіздігіне дейінгі кезеңде халқының жарқын келешегі үшін аянбай күрес жүргізген тарихи тұлғалар жайында жіпке тізіп айта берсек, түбірін талдап тауыса алмаспыз. Дегенмен әрбір кезеңнің символдық маңызды тұлғасы болады. Осы кезеңнің де символ тұлғасының бірі Мұстафа Шоқай болса керек. Сондықтан басқа Тәуелсіздік қайраткерлерінің арасында 20 жылдықта Мұстафа Шоқайға ерекше орын беріп, Қазақстанда және әлем елдерінде таныстыратын іс-шаралардың өткені дұрыс. Сонымен қатар Қазақстанның 20 жылдық іс-шараларына бүкіл әлемнің зер салып мұқият қарап отырғандарын еске сақтау керек. Бұл шаралар Қазақстан халқының Тәуелсіздік ұғымы турасындағы түсінігінің қандай екендігі туралы сыр шертеді. Осы орайда Башқұрдстанның Зәки Уәлиди тұлғасын асқақтатудағы әділдігі еске түседі. Өздеріңізге белгілі, Зәки мен Мұстафа өз елдерінің Кеңес Одағынан Тәуелсіздік алу жолындағы күресінде үзеңгілес болған. Екеуі де Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейханның ұстаздығында саясатқа тәрбиеленген. Екеуі де Еуропа елдерінде Кеңес Одағына қарсы идеялық күрес жүргізген. Екеуі де 1890 жылы туған. Өткен жылы Зәки Уәлидидің туғанына 120 жыл толуына байланысты Башкұрдстанда, Түркияда және басқа да әлем елдерінде бірқатар іс-шаралар өткізілген. Осы іс-шаралардың бірқатарын Анкарадағы ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырды. Бірақ ұйымның Қазақстандағы тарапын Мұстафа Шоқайдың 120 жылдығы туралы 2010 жылы тұшымды іс-шара өткізбегенін қалай түсінуге болады? Башқұрдстан Ресей құрамында автономиялы мемлекет ретінде өзінің белгілі тарихи тұлғасына мұражай ашып, әлем елдерінде іс-шаралар өткізіп отырғанда, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің өзінің тарихи тұлғасына бейжай қарауы түркі әлемін біраз «таңғалдырды» десек те болады. Кеңес Одағы ыдырағаннан бастап башқұрлар осы біртуар арысы Уәлидидің тарихи тұлғасына жоғары мән берген. Оның әлемдегі шашырап жатқан мұралары жинақталып, Уфа қаласында ашылған мұражайға орналастырылған. Сондықтан депутаттардың Астанада Мұстафа Шоқай атында мұражай ашу талабы өте орынды. Сөйтіп, оның әлемде жеке адамдардың қолында шашырап жатқан мұраларын жинақтауға мүмкіншілік болар еді. Тіпті сол мұражайды «Мұстафа Шоқай. Қазақстан Тәуелсіздік мұражайы» деп ат қойып, Мұстафа Шоқаймен бірге Қазақстан Тәуелсіздігіне қызмет еткен бүкіл арысымыз туралы деректер, мұралар және мәліметтерді сонда жинастыруға болар еді. Бұл жас ұрпақтың және шетелдіктердің қазақ халқының қасиетті Тәуелсіздік үшін күрес тарихын нақты көріп-білуіне қызмет етер еді.
Тәуелсіздігімізді тарихи тұлғаларымызды дәріптеу арқылы сақтап қала аламыз
Қалай айтсақ та, Тәуелсіздік тарихымыздың арғы-бергі кезеңдерінің қай-қайсысы болсын қазақ қоғамы үшін өте маңызды. Бірінші кезеңде аталып өткен ұлы тарихи тұлғалар қол жеткізе алмаған Тәуелсіздік арманына осы кезеңде қол жеткізілді. Міне, мұның өзі 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстанның Тәуелсіздік декларациясының маңыздылығын аша түсетіні анық. Сол кездегі Қазақстанның Тәуелсіздігі турасындағы әлемдік реакцияларға қарағанымызда, Қазақстанның болашағы үшін аса пессимистік пікірлердің айтылғанын көреміз. Мәселен, Колгейт университетінің профессоры, Сыртқы саясат зерттеулер институтының қызметкері және «Қазақтар» атты монографиялық еңбектің авторы Марта Брил Олкот былай деген еді: «...Орталық Азия халықтарына тән қасиеттің бірі – олардың Кеңес Одағының ыдырауынан бұрын Тәуелсіздік үшін ашықтан-ашық ұмтылыс пен талпыныс жасағанын көрмейсіз. Аталмыш аймақ халықтарының бостандық үшін күрес жүргізбеулері олардың Тәуелсіздікті қаламағандықтарынан емес. Дей тұрғанменен де олар тәуелсіз ел болу мүмкіндіктерінің бар екеніне сенген жоқ». Осылайша пікір өрбіткен бірқатар шетел сарапшылары Қазақстанның жарқын болашағына күмән келтірген болатын. Мұндай пікірлерді айта берсек таусылмайды. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында Қазақстан бүгінгі дамыған 50 елдің қатарына шығып отыр. Бұл осыдан 20 жыл бұрын болжам ретінде айтылса, адам сенгісіз жағдай болар еді. Жалпы айтқанда, Қазақстан мемлекетті қалыптастыру мен халықаралық қатынастарда осыдан 20 жыл бұрын ең оптимистік саяси сарапшының өзі болжай алмаған ірі жұмыстарды атқарды. Президентті ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Нарғыз Иманғазы деген астаналық бүлдіршін ақын қыздың мына сөздерін келтірген еді:
Тәуелсіздік, атың қандай киелі!
Сені қорғау – әр қазақтың парызы,
Әр қазақтың сен деп соғар жүрегі!
Тәуелсіздік – қандай ғажап бұл ұғым!
Осы бір қаршадай қыздың айтқанындай, Тәуелсіздік дегеніміз – аса киелі ұғым. Оны қорғау – бүкіл қазақтың парызы. Сондықтан қазақ халқының санасына осы киелі ұғым мен міндетті сіңіру үшін Тәуелсіздікке еңбек еткен арыстарымызды бағалай білуіміз керек. Осы орайда Мәжілісте бастама көтерген Шалатай Мырзахметов бастаған 20 депутатқа алғысымды айтамын. Бұл бастамаға билік пен зиялы қауым тарапынан оңды жауап беріледі деген сенімдемін.
Сөз соңында: 1941 жылы 27 желтоқсан күні дүние салған Мұстафа Шоқай енді тірілмейді. Бірақ Кеңес Одағы кезінде қазақ халқын құл қылып бодандықта ұстауға бағытталған мақсаттармен күрескен Мұстафадай маңызды тұлғалардың атына қара күйе жағылғаны аян. Әйтсе де біз әлі де талай Алаш арыстарының аяулы есімдерін қайта тірілтіп, ұлтқа болысатын істерін жандандыра алмай отырғанымыз өкінішті. Қазақстанның айтулы мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Мұстафа Шоқайдың дүниеден қайтқанына 70 жыл толып отырғанда, рухының туған халқымен қайта қауышуына жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені тарихи тұлғаларымызды дәріптеу арқылы Тәуелсіздікті сақтап қала алатынымызды ұрпаққа сіңіруіміз қажет. Елдігімізді ел болып ойласайық, бауырлар!