Мұсылман бюросы – егемендік идеясының жаршысы

Мұсылман бюросы – егемендік идеясының жаршысы

«Алаш айнасы» газетінің 2012 жылдың 28 қаңтарындағы санында Роза Рақымқызының халқымыздың біртуар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы «Түркістандық рухы айқын тұлға» атты танымдық мақаласы жарық көрді. Сондай-ақ осы бетте Талғар қаласының тұрғыны Ақжан Нұрпейістің «Тұрар Рысқұлов 1919 жылы Мұсылман бюросын ұйымдастырған екен. «Мұсылман бюросы қандай қызмет атқарған?»  деген сұрағы мен ол сұраққа редакция тарапынан берілген қысқа әрі өте орынды жауап жарияланған болатын. Мұсбюроның тарихи қызметіне берілген осындай объективті бағаны оқып бола бергенімде қолыма «Мұсылман бюросы – егемендік идеясының жаршысы (1919-1920 жылдар)» атты жаңа монография (Алматы, 2011. – 246 б.) келіп тиді. Кез келген кітапты қолға алғанда мазмұны мен дерек көздерін қарайтын әдетіммен, алдымен ішкі титул беті мен мазмұнын, содан кейін ғылыми сілтемелеріне көз тоқтаттым. Монография Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Пірәлиев Серік Жайлауұлының идеясымен қолға алынып, белгілі тұрартанушы ғалым Ордалы Қоңыратбаев пен университеттің магистратура және PhD докторантура институтының 1-курс магистранты, Санжар Асфендияров туралы монографияның авторы, дарынды жас ғалым Алмас Жүнісбаев тарапынан «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып» орындалыпты. Көлемі 15,4 баспа табақ болатын еңбекте ғылыми сілтеменің ешбір қайталаусыз 714 рет берілуі менің монографияға деген қызығушылығымды оятты. Алғашқы бетін ашқаннан-ақ орамды тілімен өзіне баурап алған кітапты бір деммен оқып шыққандай болдым. Алған әсерім де орасан болды. Сол әсерім мен түйген ойларымды «Алаш айнасы» газетінің оқырмандарына қысқаша әңгімелеп беруді жөн санадым.

«Қызыл террорға» қарсылық
Ресейде билік басына келген больше­вик­­тер патша өкіметінен ұлыдержавалық орыс шовинизмін қабылдап алған мұрагер болып шықты. Билік басына келген боль­ше­виктер бағдарламасын іс жүзіне асыру үшін және Ресейдің одан әрі бөлшектеніп, ұлттық құрылымдарға бөлініп кетуіне жол бермеу үшін практикалық шұғыл шаралар­ды қолға алды. Алдымен И.В.Сталин басшылық еткен Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатын құрды. Жергілікті жерлер­дегі большевиктердің белсенді араласуы­мен кеңестік автономия түріндегі ұлттық мемлекеттілікті құруға кірісті. 1918 жылы 30 сәуірде құрылған Түркістан АКСР-і де осы шара аясында пайда болды. Бірақ орын алған азамат соғысы мен шетел интер­венциясы жағдайында ұлттардың теңдігі туралы мәселе екінші қатарға сырғып қалды. Автономиялы республика құрылып, билікке жергілікті ұлт өкілдері тартыла бастағанымен, патшалық Ресей тұсындағы отаршылдық саясаттың сеңі бұзыла қоймады.
Түрік халықтарына Ақпан төңкерісі берген өзін-өзі басқару үмітін аяққа тапта­ған орыс большевиктерінің отаршыл-дик­та­тор­лық саясаты мен армян баскесерле­рінің азғындық іс-әрекеттері өлке хал­қы­ның жаппай наразылығын туғызды. Бұл Түркістан өлкесі халықтарының ұлт-азаттық күресінің кең көлемдегі қарулы қозғалысқа ұласуына жол ашты. Кеңес өкіметі бұл қозғалысқа «басмашылық» деген ресми атау беріп, оларға қарсы аяу­сыз күрес жүргізді. Әсіресе Шермұхамма­д­бек құрбашы, Ергеш құрбашы, Мадамин­бек құрбашылар бастаған «басмашылар» қозғалысы өте күшті болды. 1918 жылы басталған «басмашылықпен» күрес тек 1935 жылы ғана толық жойылды.
Ленин бастаған большевиктер партия­сы өз жолына кесе-көлденең тұрған кез келген ұлттық немесе әлеуметтік мүдде мен большевизмге қарсы пиғылды қырып-жою, жазалау және таптап өту арқылы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Ал жазалау саясатын жүргізудегі Лениннің рөлі ерекше болғандығын атап айтуымыз керек. Өйткені большевиктік «қызыл қыр­ғын» В.Лениннің көзі тірісінде басталды және көсемнің тікелей басшылығымен жүзеге асырылды.
Ресейдің ішкі аймақтарында орын алған большевизмге қарсылықты жазалау әрекеттері Түркістанды да айналып өтпеді. Бір ерекшелігі, Ресейдің ішінде көпшілік жағдайда таптық негізде жүргізілген «қызыл террор» Түркістанда ұлттық негізде жүргізілді. Жергілікті халық өкілдері 95 пайызды құрай отырып, өкімет орында­рындағы көпшілік орындарды орыстарға  беріп қойды. Большевиктер аштық пен аурудан қырылып жатқан жергілікті халық өкілдеріне орыстардан ұйымдастырылған қызыл отрядтарды қарсы қойды. Осындай жағдайда, 1919 жылы наурызда өткен Түркістан Республикасы Кеңестерінің төтен­ше VІІ сиезінде Орталық атқару комитетінің жаңа құрамы сайланды. Түрікатком төрал­қасының төрағасы болып А.А.Казаков, орынбасарлығына Т.Рысқұлов сайланды.
Арада көп  уақыт өтпей-ақ большевик­тер партиясы мен социалистік төңкеріс жария­лаған ұлттардың өзін-өзі билеу құқық­тары туралы ұрандар ұмытыла бастады. Түркістандықтардың құқығы барлық жерде аяқ астында тапталып, орыс шовинизмі «большевизм шекпенінің» астында әрекет ете бастады. Орыс больше­вик­терінің отар­лық саясатына қарсы коммунистік тұғырна­мадағы түрік қайрат­керлері өз ұлтын сақтап қалу жолында түрікшілдікті қорға­ныс­тық идеология ретінде ұстануға мәжбүр болды. РКП(б) Орталық комитетінің ұлт саясаты Түркістан­да оған қарсы түрік ком­му­нистерінің азаттық қозғалысын туғыз­ды.
Мұсылмандар мінберіне айналған «Иштракун»
Түрікшіл коммунистер Т.Рысқұловтың басшылығымен жергілікті түрік халықта­рының мүддесін қорғау мақсатында респу­бликаның барлық облыстары, уездері мен қалаларында Мұсбюроның жергілікті ұйымдарын құрды. Ұйымдасқан түрде жүйелі жұмыс істеуге кіріскен Мұсбюроға өз конференцияларын шақырып отыру құқығы берілді. 1919 жылы 18 сәуірде РКП(б) ОК Мұсбюроға Мәскеудегі партия­ның орталық бюросымен өз бетінше, тіке­лей радиобайланыс жасауына рұқсат етті. Бұл РКП(б) ОК-нің Мұсбюромен санасуға мәжбүр бола бастағанын көрсетіп берді.
Мұсбюро жергілікті ұлт өкілдерін билік органдарына тарту, мемлекеттік қызметке мамандар даярлау және т.б. сияқты көпте­ген өмірлік маңызы бар шараларды жүзеге асыру мақсатымен Ұйымдастыру-үгіт курсын ұйымдастырды. Курс тыңдаушы­ларына арналған бағдарламаны Т.Рысқұ­лов жасап, бекітті. Бағдарлама бойынша тыңдаушылардың мынадай бағыттарда білім алып, мамандануы көзделді: консти­туция негіздері; экономикалық өмірдің негіздері; кооперация; кәсіподақ қозғалы­сы; мемлекеттік басқарудың түрлері; ұлт мәселесі; орыс тілі; түрік тілдері; іс жүргізу мен есеп-қисап; география; түркістантану; армия және әскери құрылыс және т.б. Бұл курста оқып, білім алған жергілікті халық өкілдерінен көптеген ірі қоғам қайраткер­лері, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік және әскери қызметкерлер өсіп-жетілді.
Мұсбюро жергілікті халықтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 1918 жылдың 20 маусымынан бастап түрік тілінде шыға бастаған «Иштракун» атты ТКП және ТАКСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының органын кең көлемде пайдаланды. Осылайша мерзімді басылым арқылы жергілікті халықтың сана-сезімін оятуға, жүргізіліп жатқан саяси, экономи­калық және әлеуметтік реформалардың мәнін түсіндіруде Мұсбюроның баса назар аударғанын көрсетеді.
Қоғамдық-саяси өмірдің барлық сала­сында жергілікті халықтардың мүддесін қорғаған Мұсбюроны басқара отырып, Т.Рысқұлов 1920 жылдың қаңтарына дейін РКП(б) ОК-не зор сенім білдірген. Алға­шын­да ол да В.Ленин басқарған боль­шевик­тер партиясының шынайы ұлт саяса­тына сенген болатын. Бірақ бірте-бірте, кейінгі саяси оқиғалардың беталысы Т.Рысқұловтың саяси көзқарасына зор өзгеріс енгізді. Қазақ азаттық қозғалысының басшылары кезінде орыс демократиясына қалай сенсе, Т.Рысқұлов сынды түрік қай­раткерлері алғашында большевиктер партиясына солай сенген болатын.
Шовинизммен күрес
Түркістандағы ұлт мәселесінің шешіл­меуіне өлкедегі шовинистік пиғылы басым орыс коммунистері кінәлі деп түсінген     Т.Рысқұлов оларға қарсы азаттық күресті ұйымдастыруда зор қажыр-қайрат көрсет­ті. Оның Ферғана бүлігін бәсеңдетудегі тарихи рөлі, жергілікті билік органдарына түрік халықтары өкілдерін көптеп тарта бастауы, орыс шовинизміне қарсы қатал да ымырасыз күресі түрік халықтары тара­пы­нан зор қолдау тапты. Т.Рысқұлов Мұсбю­ро қызметін жүйелі түрде жүргізу мақса­тымен оның құрамынан: ұйымдас­тыру-үгіт, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелер құрды. Әсіресе Түркістандағы Қызыл Армия бөлімдерінде құрылған мұсылман коммунистері ұйым­дарының қызметіне басшылық жасайтын әскери бөлімге ерекше көңіл бөлінді.
Мұсбюро Түркістанның жергілікті халық өкілдерін мемлекеттік іске және билік органдарына кең түрде тарту мәселесі бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп отырды. Ал бұл өз кезегінде шовинистік пиғылдағы орыс коммунистерінің орасан зор қарсылығын туғызды. Ұлттық негізде қалыптасқан текетірес жергілікті халықтар­дың пайдасына сөзсіз шешілуі тиіс деп есептеген Мұсбюро позициясы күн санап нығая түсті. Түркістан Республикасында қалыптасқан саяси ахуал РКП(б) ОК-ін қатты алаңдата бастады.
Мұсбюроның нығайып, бедел алып бара жатқанынан қатты қауіптенген РКП(б) ОК Түркістанда толық өз саясатын жүргізу үшін әртүрлі жоспарлар ойластыра баста­ды. РКП(б) ОК Түркістанды сақтап қалудың жалғыз жолы ретінде Түркістан майданын ұйымдастыруды ұйғарды. Кеңестік Ресей­дің  Шығыс  майданының қолбасшы­сы М.В.Фрунзе өзінің 1919 жылғы 13 тамыз­­дағы бұйрығында: «Ресей бас командо­ваниесінің бұйрығына сәйкес, Шығыс май­­да­нының оңтүстік бөлігі Түркістан майданы болып құрылғанын» хабарлады. Ресей бас командованиесінің 1919 жылғы 1 тамыздағы бұйрығы негізінде 18 тамыз­дан бастап М.Фрунзе Түркістан майданы қолбасшысының міндетін атқаруға кірісті. Бұл майданға Кеңестік Ресейдің 1-ші, 4-ші, 11-ші және Түркістан армиялары бағынды­рылды. М.Фрунзе өз қызметіне кірісуіне байланысты жариялаған бұйрығында «Түркістан сапарының негізгі мақсаты бүкіл Түркістанды бағындыру болып табыла­ты­нын» ашық айтқан болатын.
Түркістанды бағындыру үшін аттан­ды­рылған 1-армия 1919 жылы 13 қыркү­йек­те Ташкент жолының Мұғалжар бекетінде Ресейдің басқа әскери күштеріне қосылды. М.Фрунзе өзінің В.Ленинге жіберген жедел­хатында Ресей мен Түркістанның біріккенін хабарлады. 1919 жылы қыркү­йек­тің соңында Түркістан майданын аралап жүрген Кеңестік Ресей басшыларының бірі М.Калинин офицерлер алдында «біздер бұған дейін тұйық шеңбер ішінде бола­тынбыз. Енді бұл шеңбер ашылды. Демек, біз тұп-тура Ташкентке бара аламыз», – деген болатын. «Басмашы­лыққа» қарсы бағытталған Түркістан май­даны бәрінен бұрын Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюроны бағындыруға тиісті болды.
Көзқарастар қайшылығы
1919 жылдың күзінде Мұсбюро мүше­лері Түркістан Республикасының басқару органдарында көптеп қызмет етті. Еуропа­лық коммунистерді көптеген мәселелер бойынша ығыстыра бастаған Т.Рысқұлов жетекшілік еткен Мұсбюроның Түркістан­дағы саяси жеңісінен қатты қауіптенген РКП(б) ОК Түркістанда өздерінің саяси миссиясын жүзеге асыруды міндеттеп, Мәскеуден Түркістанға БОАК және РСФКР Халкомкеңесінің Түркістан істері бойынша ерекше комиссиясын (Түріккомиссия) аттандырды. Түріккомиссия 1919 жылы 8 қазанда В.И.Ленин қол қойған қаулыға сәйкес құрылып, оның құрамына: Ш.З. Эл­иава (төрағасы), М.В.Фрунзе, В.В. Куй­бы­шев, Ф.И.Голощекин және Я.Э.Рудзутак сынды мүшелер енгізілді. негізінен Түркіс­танға коммунизм принциптерін енгізу және Мұсбюроны ауыздықтау міндеті жүктелді. 1919 жылы 4 қарашада Түрікко­миссия (М.В.Фрунзеден басқа мүшелері) Ташкентке келіп, Түркістанның саяси өміріне белсене араласа бастады. Көп ұзамай-ақ РКП(б) ОК мен Түркістан майда­ны революциялық әскери кеңесінің қол­дауы­на сүйенген Түріккомиссия республи­кадағы саяси-мемлекеттік билікті өз қолы­на жинап алды. Түріккомиссиясыз бірде-бір Түркістан мәселесі шешілмеуге айналды.
Т.Рысқұлов пен Мұсбюроның басқа да жетекшілері алғашында Түріккомиссияға зор сенім білдіре, үлкен үміт арта қарады. Бірақ Түркістанның қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық, тарихи-мәдени, тұрмыстық-шаруашылық объективті жағ­дайымен санаспай, Орталық Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, осы арқылы түрік халықтарын таптық жіктеліске түсіріп, тап аралық күресті тұтандыруға, ал керісінше ұлт бостандығы, ұлттың өзін-өзі билеуі мәселесінде бірде-бір қадам жасамауға тырысқан  кезде  түрік комму­нис­­терінің Түріккомиссияға көзқарастары біртіндеп өзгере бастады.
Түркістан идеясының тууы
Түріккомиссияның отаршылдық пиғы­лын анық сезінген Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюро өзінің әрекетін тактикалық жағынан өзгерте бастады. РКП(б) ОК және Түріккомиссияның шовинистік пиғылы мен отаршылдық саясатына қарсы қорға­ныстық идеология ретінде түрікшілдік бағыт, яғни тұтас Түркістан идеясы таңдап алынды. Оны жүзеге асырудың жолы ретінде төмендегідей екі бағыт белгілен­ді:
1. Түркістанда өмір сүріп жатқан халық­тарды түрік идеясына біріктіру арқылы республиканы құқықтық жағынан түрік халықтарының республикасына айналды­ру;
2. Республиканы мекендеуші түріктілдес халықтардың жеке-жеке ұлттық республи­каларын құра отырып, оларды түрік кон­федерациясына біріктіру.
Бұл екі бағытта да көптеген жұмыстар жүргізілді. Мұсбюроның талап етуімен 1919 жылы қараша айында Түркістан Рес­пу­бликасының ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының құрылымында үлкен өзгерістер болып, өзбек, түрікмен, қырғыз (қазақ) және т.б. мұсылман бөлімдері жо­йыл­ды да, орнына тұтас түрік бөлімі ұйым­дастырылды.
Жоғарыда атап көрсетілген екі  бағыт­тың алғашқысын жасырын қалдырған Т.Рысқұ­лов, 1919 жылы күз айларында, негізінен, ұлттық республикалар құрамына өз халық­тарын біріктіру мәселесін қолға алады. 1917 жылы өткен Екінші жалпы­қазақ-қырғыз сиезі күн тәртібіне қойған қазақ жерлерін біріктіру мәселесін ары қарай жылжытқан Т.Рысқұлов біріккен қазақ жерлерінің астанасы ретінде Ташкент қала­сын белгілеуді талап еткен еді. Біз бұл жерден Т.Рысқұловтың алдымен ұлтшыл, содан кейін түрікшіл болғандығын көреміз. Сол кездегі ірі саяси, экономикалық әрі мәдени-рухани орталықтардың бірі болған Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, шашылып жатқан қазақ жерлерін біріктіру идеясы сол тарихи кезеңде ең ұтымды идея болатын. Себебі қазақ халқының жартысынан астамы Түркістан өлкесін мекендейтін, сондай-ақ көшпелі қазақ аймақтарына қарағанда халқы тығыз орналасқан, шаруашылықтың түр-түрі дамыған Түркістанға қарасты қазақ жерлері арқылы өзге қазақ жерлерін әкімшілік жағынан басқару, шаруашылығы мен мәдени-тұрмыстық өмірін ұйымдас­тыру анағұрлым оңай болар еді. Екіншіден, Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, қазақ жерінің астана­сын тұтас түрік конфедерациясының да орталығы болуын қамтамасыз ету арқылы қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы жетекші ұлт болуын қалыптастыру болатын. Саны жағынан түрік халықтары арасында Түркия түріктерінен кейінгі екінші орынды иеле­нетін және Ә.Бөкейхан айтқандай «мәде­ниет жолында бізден де төмен» өзге  Түркістандық түріктердің арасындағы ең сауатты, көзі ашық халық ретінде қазақтар­дың бұл орынды иеленуі әбден орынды болар еді. Қазақстанның астанасы ретінде Түркістан өлкесінің орталығында орналас­қан Ташкент қаласының ұсынылуы Т.Рысқұ­лов тарапынан жасалынған, нақты мақсат­қа бағындырылған әрі өзге түрік халықтары тарапынан дәл сол кезеңде қолдауға ие болған әрекет болатын.
Кейін Мұсбюроның  төтенше мәжілісін­де Т.Рысқұлов «Түркістан Республикасының автономиялылығы туралы» баяндамасын оқып, «Түркістанның автономиялылығы туралы тезистерін» талқылауға ұсыныс жасайды. Енді осы тезистердің тұтас Түркіс­тан идеясына қатысты ең өзекті 4-бабына тоқтала кетейік. 4-бап. «Қазіргі социалистік құрылыс кезінде территориялық қана емес, сондай-ақ ұлттардың арасындағы шекаралық белгілер де бірте-бірте жойы­ла­тын уақытта, Түркістанның бес облысы­ның шегінен тұратын географиялық шекарасы қандай да бір тұйықталған шекара деп саналмай, қайта Түрік Кеңес Республикасының құрамына мүшелікке өткісі келетін жаңа республикалардың қабылдануына мүмкіндік бар деп есептел­сін».
Бұл бап тұтас Түркістан мемлекетін құруға негіз қалайтын ең өзекті бап болып табылады. Ал 6-бап мазмұн жағынан 4-бапқа жақын әрі коммунистік интерна­ционализм мен коммунистік үгіт арқылы түрікшілдік идеясын бүркемелеуге тырысу­шылығымен айқындалады. Онда: «Еңбекшілер мен қаналған халықтарды интернационалды жолмен біріктіру мақсаты үшін түрік халықтарының: татар, қырғыз (қырғыз және қазақ), башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп, жеке ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын коммунистік үгіт жолымен жою және біртұтастық мақсаты үшін РСФСР құрамына кіретін басқа түрік халықтарын террито­риялық белгілеріне қарай өзара біріктіруге ұмтылу керек», – делінген болатын. Бұл бапта тұтас Түркістан идеясын жүзеге асырудың жолы ретінде белгіленген екі бағыт та қатар қамтылған еді.
Конференциялар аяқталысымен-ақ  Т.Рысқұлов оның шешімдерін бекітуді өтініп, РКП(б) ОК-не хат жолдайды. Орта­лық бұл шешімді өте салқын қабылдап, ұзақ уақыт жауапсыз қалдырады. Жауаптың кешіктірілуінен Т.Рысқұлов қатты мазасыз­данып, ақпан айының басында В.И.Ленин­нің атына жаңа жеделхат жолдайды. Бұған жауап ретінде 1920 жылы 22 ақпанда  М.Фрунзе мен оның бас штабы Ташкентке келеді. М.Фрунзе өзінің Ташкентке келуіне байланысты жариялаған бұйрығында: «Социализм атынан Түркістандағы жолдас­тарға (орыстарға – С.Ш.) жәрдем беру үшін орталықтан келген әскери күштерді құттықтаймын», – деген еді. Ал 1920 жылы 23 ақпанда толық құрамда жиналған Түріккомиссия мәжілісінде М.В.Фрунзе ТКП V конференциясы мен Мұсбюроның төтенше ІІІ  конференциясының  шешімде­рін «пантүрікшілдік», «панисламшылдық» және «буржуазиялық-ұлтшылдық» шешім­дер ретінде барынша қаралады. Бұл кон­фе­ренциялардың барлық шешімдері жоқ­қа шығарылып, жағдай бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалатыны жарияланды, яғни Түркістан Республикасы РСФКР құрамында­ғы автономиялы республика немесе нақтырақ айтқанда, Ресейдің ішкі облыста­ры дәрежесіндегі әкімшілік-аумақтық бірлестік, ал ТКП РКП(б) құрамындағы небары облыстық комитет құқығын ғана пайдалана алатын бөлімше болып қала беретіні мәлімделді. Осы шешімді наурыз айының соңында ресми бекіткен РКП(б) ОК Т.Рысқұлов идеясын іске асыртпай тастады.
Сөз соңы
1920 жылы мамыр айында Т.Рысқұлов В.И.Лениннің қабылдауында болып, егемендік идеясын жүзеге асыру жолында соңғы әрі шешуші әрекетін жасайды. Бірақ В.И.Ленин «Түрік Кеңес Республикасын» құру туралы идеяны қабылдамай тастады. Ал идеяны көтерген Т.Рысқұлов пен оның Мұсбюродағы жақтастары 1920 жылы 18 шілдеде отставка жариялауға мәжбүр болады.
Осылайша кеңестік Ресей империясы Түркістан өлкесін өзіне толық бағынышты отар ретінде сақтап қалды. Егемендік идея­сының жаршысы болған Мұсбюро саяси жеңіліске ұшырағанымен, оның идеясы өшкен жоқ. Ол эмиграцияда жүрген  М.Шоқай, А.З.Уәлиди, А.Ысқақи, В.Каюм, Б.Хайт және т.б. сынды түрік мұғажырлары тарапынан кең қолдау тауып, өзінің заңды жалғасын тапты. Бүгінгі таңда да біртұтас Түркістан идеясы мыңдаған түрік зиялы­лары мен қайраткерлері үшін қасиетті әрі болашағы бар идея ретінде өмір сүруде. Сондықтан Мұсбюро мен Т.Рысқұловтың тарихи қызметі халық жадында мәңгі сақталмақ.


Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарих ғылымының кандидаты, М.Әуезов атындағы сыйлықтың және «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Абай атындағы ҚазҰПУ магистратура және PhD докторантура институты директорының орынбасары

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста