Мыңбұлақта субұрқақ ән салады
Ән салатын фонтанның «Мыңбұлақ» ықшамауданында пайда болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Елді елең еткізер субұрқақтың ашылуынан кейін «Арман» саябағына келушілердің де саны артты.
Судың музыкалы-жарықты феериясына қызықтай қарайтындардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Бах, Вивальди, Чайковский сондай-ақ кинолардағы хитке айналған әуендер ырғағымен су моншақтары бірнеше түске боялып, көкке шапшиды. Оның ұзындығы алты метрге дейін жетеді. Фонтан билеп жатқан сияқты. Классикалық музыка да бекер таңдалып алынбапты. «Ол адамның жанына жақын, жан ауруын емдейтін әуен» дейді мамандар.
Александр ТАРАНОВ, «Арман» саябағының директоры:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын ерекше фонтан орнатуды көздеген едім. Қаржы тапшылығынан бұл ойымды жүзеге асыру кейінге сырғи берді. Биыл ғана мүмкіндік туды. Оны өз қолыммен тұрғыздым. Достарым да көмектесті. Ерекшелігі мол туындының көптің көңілінен шыққанына қуаныштымыз.
Фонтанды тұрғызуды көптен армандап жүрген азаматымыз оның инженерлік құрылымының құпиясын ашудан бас тартты. Әрине, жоба өзінікі болған соң, онікі де дұрыс болар. Аз-маз ерекшеліктерін ғана айтты. Судың көкке көтерілуін ауа райына қарап реттеуге болады екен. Сәл ғана самал соқса, арнайы құрылғының көмегімен судың қысымы төмендейді. Көкке көтерілуі төмендейді. Ол су жоғалтудан сақтайды. Келешекте фонтанды модернизациялау жүргізілмек. Ол аптасына екі рет тазаланып тұрады. Балалар тас тастайды. Бақыт үшін деп тасталған тиындарға ешкім тиіспейді. Ондағы су саябақтағы гүлдерді суару үшін пайдаланылады. Ән салатын фонтан тараздықтарға тамаша көңіл күй сыйлауда.