Мықты идея болмаса, озық техникаға да обал
Алматыда Халықаралық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі өтуде. Біз осы кинофестивальді ұйымдастырушылардың бірі, іріктеу комиссиясының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының «Кино және ТВ» факультетінің деканы Гүлжан Құрманғалиқызы НАУРЫЗБЕКОВАМЕН жолығып, осы кинофестиваль төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.
– «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің кино саласында маманданып жатқан жастарға берер үлесі қандай деп ойлайсыз?
– Әлемдік деңгейде байқалып отырған қоғамдық және экономикалық қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан, биыл да кинофорум өз жұмысын жалғастыра түспек. Халықаралық деңгейдегі дәрежесі артып келе жатқан бұл фестивальдің экрандық өнер саласында кәсіби сапалы мамандар даярлауда қосар үлесі орасан зор. Фестиваль аясында танымал режиссерлермен, актерлермен, кинотанушылар және продюсерлермен шығармашылық кездесулер, пікір алмасулар ұйымдастырылуда. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарымыз бүгінгі кино әлемінде болып жатқан жаңалықтарымен бөліседі, тәжірибе алмасады. «Шәкен жұлдыздары» Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының студенттерінің халықаралық байланысқа шығу мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалдар келтіре кетуге де болады. «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің әр жылдардағы жүлдегерлері Эмир Байғазин (26-Халықаралық кинофестиваль, Милан, Италия – 2008, қараша), Әділхан Ержанов (Халықаралық кинофестиваль, Дубай, ОАЭ- 2008, желтоқсан), Талғат Бектұрсынов (Дидор-2008, Жастар киносының Халықаралық кинофестивалі, Душанбе, Тәжікстан), Артем Ганцев (Халықаралық кинофестиваль, Висбаден, Германия) сынды студенттеріміздің халықаралық кинофорумдарға қатысып, жеңіспен оралғандықтарын мақтан тұтамыз.
– Биыл 7-рет өткізіліп отырған «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің қандай ерекшеліктерін көре аламыз және қатысып жатқан фильмдердің сапасы, көркемдік деңгейі қандай?
– Биылғы жылғы іріктеу комиссиясының жұмысы ақпан айынан басталды. Комиссия құрамында менен басқа тағы екі адам болды, олар – белгілі кинорежиссер Лейля Аранышева және Еуропа киноакадемиясының мүшесі, кинотарихшы Ханс Шлегель.
Бір байқалғаны, фестивальдің жастар кинофорумы ретіндегі маңыздылығы жағынан ғана емес, жалпы, кино саласындағы мамандардың жоғары бағасына ие болғандығы айқын көрінді.
Фильмдердің тақырыбы алуан түрлі. Фестиваль регламенті бойынша көрсетілімдік уақыт қашан да шектеулі ғой. 466 фильмнен бар-жоғы төрт күн ішінде конкурсқа қанша фильм өткізе аламыз? Іріктеу комиссиясының таңдауы өте қиынға түсті. Фильмдердің саны да, сапасы да ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. Қанша дегенмен де, таңдауға мәжбүр болдық. Іріктеу комиссиясының шешімімен конкурсқа 65 фильм өтті, оның ішінде 9 фильм – қазақстандық кинематографистердің фильмдері. 65 фильмнің тең жартысынан көбі түрлі мемлекеттен келген студенттік фильмдер (37 фильм студенттік номинация бойынша). Осы орайда мақтанышпен айта кетуім керек, Қазақстаннан өткен 9 фильмнің барлығы дерлік Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының студенттік фильмдері.
Биылғы жылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі, конкурсқа қатысатын әр елден келген жеке қатысушылар емес, киномектептер мен кинокомпаниялардың ұсынысымен құрастырылған бағдарламалар да бар.
– Шетелден келіп жатқан кинотуындыларды біздің өнер жолында маманданып жатқан студенттеріміздің фильмдерімен салыстырғанда қандай айырмашылықтарды көре аламыз?
– Мынау – керемет, мынау – төмен деп жіктеп айту қиын. Себебі әр кино мектеп өкілінің, жеке режиссер қолтаңбасының өзіндік шығармашылық ерекшелігі болады. Тіпті тұтас бір фильмнің өз ішінде жақсы жері де немесе кем түсіп жататын тұстары да бар. Кейбір техникалық олқылықтарына қарамастан, біздің студенттеріміздің фильмдерін басқаларымен салыстырғанда төмен деңгейде деп айтуға болмас. Олардың біздің көрерменге соншалықты таныс, түсінікті әрі қажетті тақырыптарды меңгерген тұстары бар. Жасалу сапасы мен мазмұндық тереңдігі жағынан біздің студенттеріміздің анимациялық фильмдері тіпті жоғары деңгейде тұр деуге болады. Ал енді шетелден келіп жатқан студенттік фильмдердің айырмашылығы, мүмкін, материалдық, техникалық базасының күштілігінде шығар. Фильмдердің жасалу сапасына тікелей әсер ететін технология базасы жағынан әлі де болса біздің студенттерімізге көмек көрсету керек. Бір айта кететін жағдай, фильмнің көркемдік драматургиясы солғын болса, мықты идеясы болмаса, озық техникаға да обал.
Осы тұрғыдан алған кезде біздің студенттеріміздің дәрежесі басқа жақтан келіп жатқан фильмдермен дәрежесі тең. Биылғы жылғы фильмдердің тақырып таңдаудағы өзгешелігі қуантады. Бұған дейінгі фильмдерде өріс алған тақырыптар әлеуметтік, қоғамдық, келеңсіз жағдайлардың барлығы қазір екінші кезекке ығыстырылған да, махаббат сезімі, жеке адам психологиясы, кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі тереңдік, адамгершілік қасиеттер сияқты мәңгілік тақырыптар алға қойылған.
– Әр конкурстың, байқаудың, фестивальдердің өз жеңімпаздары болады, яғни «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, біршама жылдар көлемінде өткізіліп келе жатқан осы фестивальдердің жеңімпаздарының шығармашылық еңбектері көрерменге жету, жетпеу жағы қалай?
– «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің өзінің алға қойған мақсаты – жастарға, олардың болашақ шығармашылық жолына деген алғашқы баспалдақ деп түсіну керек. Әсіресе, кино саласында маманданып жатқан студенттер үшін фестиваль өте маңызды. Фестиваль күндерінде жан-жақтан шетелден тек қана конкурсқа қатысатындар ғана келмейді ғой. Фестивальдің құрметті қонақтары құрамында кино әлеміне танымал режиссерлер, актерлер, кинотанушылар, продюсерлер, әділқазылар, халықаралық дәрежелі фестивальдердің іріктеушілері болады. Әр қатысушы студенттің арнайы сертификатты иеленгендігінің өзі оның басқа елдердегі кинофестивальдарға қатысуға мүмкіндігінің арта түскендігі деген сөз.
– «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің жүлделері көбіне шетелдік кинофильмдердің қанжығасында кететіні өзіміздің кинематографияның әлсіздігінен емес пе?
– Кинофорум Қазақстанда, оның ішінде Алматы қаласында өтіп жатса, міндетті түрде фестивальдің бас жүлдесі біздің қазақстандық киногерлеріміздікі болуы керек дегеніміз дұрыс емес. Мысалы, Оңтүстік Кореядан, Германиядан, Ираннан жақсы фильмдер келсе, жүлдені оларға неге бермейміз? Көрерменді, экранды алдай алмайсың. 65 фильм байқауға түскен кезде, сол бағдарламаны көру арқылы біздің жастарымыз үйренеді, фильмдердің сапасы қалай, қазір қандай тақырыпты ашып жатыр, сол тақырыпты меңгеру дәрежелері қандай? Жан-жақтан келіп жатқан фильмдерді көру арқылы біздің жастарымыз бір ғана тақырып төңірегінде кино тілінің суреттеу формаларымен танысуға мүмкіндік алады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Стоп-кадр
Биыл конкурсқа 30-дан астам мемлекеттен 466 фильм ұсынылды. Салыстыруға жеңіл болу үшін соңғы екі жыл көлеміндегі іріктеу нәтижелерін айта кетейін. Мысалы, 2007 жылы фестивальге қатысуға 22 мемлекеттен 205 фильм ұсынылып, оның ішінен 84 фильм іріктеліп алынды. Ал 2008 жылы 23 мемлекеттен ұсынылған 195 фильмнің 64-і ғана байқауға жіберілген.