«Нағыз Қастеевті» сұрыптау қиын ба?
Қойға қасқыр шапса, қазақ үшін ең басты қайғы болушы еді бұрын... Дәл сондай шабуылды қазақ бүгін қоғам «қасқырларынан» тартып отыр. Нақтысына көшсек, редакциямызға күтпеген қоңырау түсті: «Әкемнің туындыларына қиянат жасалуда» деп алты Алаштан араша сұраған Гүлдария Қастеева екен. Әйгілі текті ә дегеннен-ақ танып тұрған шығарсыз, демек, қиянат қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевке жасалып отыр. Бір емес, екеу де емес, 46 (назар аударыңыздар! – Авт.) бірдей картинаға «Қастеев» деп қасқайтып тұрып қол қоюға, Әбілхандай атамыздың аруағынан сескенбеген қай «жүрек жұтқан» болды екен?..
Бесігінен бояу исін сезіп өскен Гүлдария Әбілханқызы – әкесінің әрбір жұмысын жатқа білетіндіктен, тіпті түн ортасы ұйқыдан оятып сұраса да, әкесінің қолтаңбасын айнытпай танып бере алатын перзент. Міне, сондықтан таяуда, яғни қыркүйек айында Гүлдария Қастееваны әкесінің атындағы өнер мұражайына шақырғанда, әлдебір жайтты көріп, талып қала жаздаған.
Гүлдария ӘБІЛХАНҚЫЗЫ:
– 46 картинаның тым құрығанда бірі әкемнің қолынан шыққан болса-шы... Өнер мұражайы қызметкерлерінің өздері күмәнмен қараған соң, мені шақырса керек. Оларды әкеп табыстаушы коллекционерден: «Бұл суреттерді қайдан алдыңыз?» – деп сұрасам, әр қолдан сатып алғанын айтты. Мейлі қайдан алса да, оның қандай қолтаңба иесіне жататындығын айғақтайтын сарапшы маманның шешімі болуы керек қой?.. Соны сұрап едім, сараптамалық құжат соңында өнертанушылар арасында құрметке ие, әйгілі эксперт Надежда Полонская есімі тұр. Мен ол кісінің Әбілхан Қастеев қолтаңбасын танитынына еш күмәнданған емес едім, бірақ дәл мынадай әкеме үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүниелерде ол кісінің қолы тұрғанына таңғалдым. Бірақ мен, мен ғана емес, Қастеев балаларының көзі тірілері түгел қарап шықтық, аталған жұмыстардың бірде-бірі әкемдікі емес, біз ол кісінің қаламмен қалай сызып, бояуын қалай жағатынын, қыл аяғы қолын қай картинаға қалай қоятынына дейін өзіміздің бес саусағымыздай білеміз. Әлгі суреттерді әбден жіті қарап шыққанымызда, бірімізде де «мүмкін, әкеміз салса салған шығар?» деген күмәнді сұрақ туған жоқ. Және бұл – бірінші жағдай емес. Осыдан біраз уақыт бұрын бір көрмеде болдым. Жағалай ілінген суреттерді шолып жүр ем, қарасам, арғымаққа мініп, жауға атойлап бара жатқан Амангелді батырдың суреті тұр, астына әдемілеп тұрып әкемнің қолын қойыпты. Әкеміздің Амангелді Иманов портретін жасауға бір емес, саналы ғұмырының талай жылын беріп, қаншама күн-түн көзмайын тауысқанын білесіздер. Бірақ әлгі көрмедегі картинада мүлдем ол емес!
Иә, ешбір фотосуреті қалмаған қазақтың білдей бір батырын салуға, бәлкім, басқа біреу болса «сол да қиын боп па, тәйірі?» дер ме еді, бірақ Әбілхан Қастеев ел артқан аманаттың ауыр жүгін сезінгендіктен ол портретті салуда көп ізденді. Қастеевтің «Түрксібінен» бастап «Амангелдісіне» дейін білмейтін Алаш баласы жоқ шығар, сірә!.. Олардың бәріне ортақ бір қолтаңба, қазақы бояу бар ғой. Егер Әбілхан Қастеевтің ішкі жан дүниесіне бойлай алған адам болса, оған жат дүниені бірден аңғаратынына күмән жоқ. Сол көрмеде де «Амангелдіден» бөлек, Қастеевтің қолын айнытпай қойған тағы он шақты жұмыс тұрған. Олардың бірде-бірінің Қастеевке қатысы да жоқ екенін айтады қызы.
Әңгіме барысында байқағанымыз – Әбілхан Қастеевке «қармақ салу» суретшінің 100 жылдық мерейтойы болған 2004 жылдан басталып кеткенге ұқсайды. Себебі содан бері Гүлдария Қастееваның алдына бір жылда кем дегенде бес-алты картинаны алып келіп, оның шын әкесінікі ме, емес пе – соны айырып беруін өтінеді екен. Сонда шын жұмыстар өте сирек ұшырасқанын айтады аяулы перзент.
– Саналы ғұмырында әкеміз 4000-дай сурет салыпты, сызбаларды, этюдтерді қосқанда одан да көп. Содан өзіміздің отбасылық мұрағатта қалғаны – 300-400 жобасында. Ол кісі көзі тірісінде, рас, жекелеген адамдарға суреттерін сыйлады, колхоз-совхоздар мен фабрикалар тапсырыс беріп те жасатты. Ондай фактіні жоққа шығармаймын. Сол еңбектерді колхоз-совхоз ыдыраған тұста қадірін білген адамдар ұқыптап алып қойса, қоқысқа тастай салғандары да кездескен. Ал енді мына соңғы болған жағдай – тым шектен шыққандық. Тұла бойымызды ашу кернесе де, біз қандай да бір асығыс шешім қабылдамай, әліптің артын бағуға бекідік те, бар болғаны әлгіндей дүниелерді көрмеден алып тастауды талап еткенбіз. Алайда араға жыл да салмай Қастеев атындағы өнер мұражайына тағы 46 жұмыс келген соң, енді қарап қалуды жөн санамадық.
Әрине, бір емес, елуге жуық жұмыстың (онда да қолға ұсталғаны) жалған көшірмесінің пайда болуы – жылы жауып қоя салатын жағдай емес. Біз біржақтылыққа салынбай, суретшінің атындағы өнер мұражайына хабарласуды жөн көрдік.
Светлана ҚОБЖАНОВА, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы директорының міндетін атқарушы, өнертану ғылымының кандидаты:
– Біз Қастеевтің тек қана түпнұсқа туындыларын ғана сақтаймыз. Ал мына жағдай сіз ойлағаннан мүлдем бөлек. Біз қандай да бір картинаны қабылдамас бұрын оны алдымен сараптамадан өткіземіз. Әлгі «дауға» айналған картиналарды бізге жеке коллекционер сараптамаға әкелген. Біз әдетте жұмыстарды біртіндеп қараймыз, ал әлгі адам бірден 46 картина алып келген. Оның әрқайсысына қанша уақыт керек, шамамен айтсақ, 4-5 ай бір картинаға сараптама жасалады да, тұпнұсқа деп қабылдасақ қана бізде қалады. Біз оларды автордың басқа жұмыстарымен салыстырамыз, реставраторлар жұмыс істейді онымен. Ал мына жағдайда менің түсінбей тұрғаным, неге осыншама дау туындап кеткені? Коллекционерді аяймын, оның жазығы не, жазығы сол: Қастеев картиналарын өмір бойы жинағаны ма? Бізге әкеліп еді, біз бірден оған «мыналардың бәрі – түкке тұрғысыз көшірме» десек, қалай болады? Гүлдария – өнертанушы емес. Сондықтан ол кісінің сөзі субъективті пікір ретінде ғана қабылданады. Жалпы, бұл жерде бір нәрсені ескеріңіздер, негізі, мұрагерлер әке еңбегінің тұпнұсқасы өздерінде ғана болғанын қалайды. Шын қорытынды сараптама жасалған соң белгілі болады.
Түйін
Ақиқатын кім айтады? Сот па, әлде мәскеулік сарапшы мамандар ма? «Картиналардың ешбірі – әкеміздікі емес» деген Қастеев балаларының сөзіне құлақ аспау қаншалықты негізді? Әбілхан Қастеев тек балаларына ғана керек пе, ол күллі қазақ арасынан көркемсурет саласына тұңғыш болып тыңнан түрен салушы тұлға емес пе?!. Ендеше, ел болып, осының бір жағына шығалық та. Расында, көшірме болса ше? Ол жалғыз Қастеевке емес, қазақ өнеріне жасалған қастандық болмай ма?.. Қапы қалмайық!