Наполеон ұрпағы Мұстафа мұрасымен сусындауға ынталы
Жер астынан жылдап емес, ғасырлап жатқан құнды жәдігерді тауып алғанда дүйім елден қандай «сүйінші» сұралатын болса, біз де бүгін өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай бір іс үшін алқалы алаштан «сүйінші» сұрағалы жатырмыз! Себепкері – Мұстафа Шоқай бабамыз. Кезінде жатжұртта сағыныш құшқан бабамызды айтып мұңайсақ, енді бүгін, керісінше, сол жұрттың тұлға еңбегін бағалауына куә болғалы тұрмыз. Француздар Мұстафа Шоқай бабамыздың өмірі мен қызметі, еткен еңбегі жайлы жаңа бір еңбекті өздері құмбыл болып аударып, Парижде тұсаукесерін жасауға әзір.
Стефан Дөтапия атты француз профессорының аударуымен, кезінде Түркияда француз зерттеу орталығын басқарған Петер Шовен атты ірі ғалымның алғысөзімен Парижде қазақтың қайраткер тұлғасы Мұстафа Шоқай туралы француз тіліндегі үлкен еңбек таяу күндері жарық көрмек. Желтоқсанда жарыққа шығып қалатын бұл еңбек Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығынан үлкен тарту болатындай.
Әбдуақап ҚАРА, шоқайтанушы ғалым, туындының авторы:
– Қазақта, шүкір, әлемдік тұлғалар аз емес, алайда соның ішінде Мұстафа Шоқайдың шоқтығы биік, өз алдына бір төбе. Қазақ топырағында туғанымен, өмірінің көп бөлігін Тәуелсіздік жолындағы күреске арнап, биік мұраттар үшін жырақта жүруге мәжбүр болған осы бір тұлғаның соңында сол сағыныш құшқан күйі елдің бір уыс топырағына жете алмай, көз жұмғаны өкінішті-ақ. Алайда Мұстафаның өлшеусіз еңбегін, еткен құрбандығын қазақ қана емес, француз елі де біліп, бағалап, Шоқай аруағының алдындағы парыздарын орындауға кіріскендей.
Белгілі шоқайтанушы Әбдіуақап Қараның жетекшілігімен Мұстафа бабамыздың төңірегінде көптеген игі істер атқарылғанын білеміз. Кейінгі кездері елімізде де Шоқай бабамыз жайлы туындылар жарық көріп, қолға алынғаны – көңіл қуантарлық. Бір кездері өз жұртынан өгейлік көрген күндерінің есесі Мұстафа бабамызға бүгінде жақсылық болып қайтып жатқандай. Тәуелсіздікпен бірге өз перзентімізді өзіміз шынайы танығанымыз, қайта қауышқанымыз бір басқа, сондай-ақ сол бір тұлғаның ұшан-теңіз еңбегін өзге жұрттың бағалағаны тіпті керемет. Атап айтар болсақ, М.Шоқай тек қазақ қайраткері ғана емес, ол түркі елінің тұлғасы, тіпті Еуропа ерлігіне сүйсінсе де жарасары – қоспасыз шындық. Бір кездері Наполеондай қолбасшысы болған француз елі қайраткерді бағаламауы мүмкін емес дейтін Алаш жұрты. Осы үміт ақталды.
Әрине, ол үшін алдымен қазақ Мұстафадай бабасын қастерлеп, сосын оны танытуға нақты іс жасауы керек болатын. 2001 жылы И.Тасмағамбетов бастап бір топ қазақ делегациясы М.Шоқай тұрған көшеге орнатылған белгітастың тұсауын кескен болатын. Көп ұзамай француз-қазақ достық ұйымы құрылды. Бұл 2006 жыл болса, сол кезде қоғамның құрылу құрметіне үлкен конференция да ұйымдастырылып, оған М.Шоқай тұрған ауданның қазіргі әкімі Жак Мардан мырза да келген. Франциядағы қазақ диаспорасы мен қазақ елшілігінің өкілдерді де қатысты. Конференцияда Әбдіуақап Қара мырза Франция және Шоқай деген тақырыпта баяндама жасап, сол жерде Мұстафа бабамыздың тек қазақ халқы ғана емес, сондай-ақ француз халқы үшін де жасаған еңбегін атап көрсеткен еді. Сол кезге дейін Мұстафаны тек қазақ мүддесі үшін күресті деп ұғып, тек қазақтың тұлғасы ретінде қастерлеп келген француз жұрты аяулы перзенттің өзіне төнген қиын күндерде саяси пана болған елге, жерге деген адалдығына тәнті болады. Сол жерде көзіне жас алып: «Біз, шыны керек, Мұстафа Шоқай мырзаның қандай ұлы тұлға екенін енді түсіндік, енді біз музейден орын береміз», – деп уәде етеді. Шынында, француздар мұндай құрметті екінің біріне бере бермейді. Конференция 2006 жылы болса, 2007 жылы Мұстафа бабамызға француз мұражайынан орын берілді. 2009 жылы «Мұстафа Шоқай жолымен» атты жоба ұйымдастырылып, сол бойынша Парижге барған Қасымхан Бегманов бастаған қазақ делегациясын Тьери Марини атты депутат әрі француз парламенті Қазақ-француз достық ассамблеясының төрағасы қарсы алады. Сол тұста да Мұстафаның еңбегіне қаныққан аталған тұлғалар Мұстафа Шоқайдың өмірі мен еңбегі жайлы француз тіліндегі еңбектің жоқ болып тұрғанына қынжылыс білдірген. Солайша, шоқайтанушы Әбдіуақап Қара мырзаның еңбегін француз тіліне аудару керек деген ұсыныс білдіреді. Парламент баспасынан жыл сайын бөлінетін қаржыға осы кітапты енгізіп, қалың французға тарату ұсынысы, әрине, біздің қазақ халқы үшін жақсы жетістік екені өз алдына, бұл әрбірден алғанда Мұстафа бабамызды тірілткенмен бірдей еді.